Кешегі Кеңес одағы тұсында еліміздің сан ғасырлық тарихы мен мәдениеті Компартияның идеологиясы тұрғысынан тәпсірленгені, тіпті талай тұлғаларымыз бен тарихи деректеріміздің теріс саясат салдарынан бұрмаланып, көмескі тарта бастағаны жасырын емес. Әсіресе, елдің азаттық жолындағы күресі мен оған өлшеусіз үлес қосқан хан-сұлтан, абыз, би, батырлардың есімі ұмыт бола жаздап, тәуелсіздіктен кейін ел жадына қайта орала бастағаны белгілі. Сондай тарихи тұлғалардың бірі – Жетісу жерінде өткен бабамыз Әлмерек Жаншықұлы.
Халық жадында Әлмерек абыз деген атпен қалған Әлмерек Жаншықұлы туралы хатқа түскен тарихи деректерден гөрі туралы аңыз әңгімелер көп. Ол өмір сүрген кезең қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күреспен тұспа-тұс келеді. Бізге мәлім деректерде оның 1658 жылы Әулиеата маңында туып, 1754 жылдары Алматы өзенінің бойында жүние салып, осы күнгі Әлмерек ауылы маңында жерленгені айтылады. Үш ғасырдан астам уақыт өтсе де Әлмерек бабамыздың есімі ел есінде сақталып, ұрпақтар санасында қайта жаңғыруы тегін емес. Олай дейтініміз, ол жаугершілік заманда жоңғар шапқыншылығына қарсы талай шешуші шайқастарға қатысып, бейбіт заманда ел арасындағы дау-жанжалдан бастап елдік мәселеге дейін бітім айтқан, билер мен хандар кеңесінде келелі сөзімен көзге түскен, бойына емшілік қасиет біткен, аузы дуалы абыз деңгейіне жеткен.
Құдайға шүкір, кейінгі отыз жыл бедерінде Әлмерек абыздың есімін дәріптеп, халық жадында мәңгі қалдыру жұмыстары белсенді атқарылып жатыр. Осындай шаралардың бірі – 2010 жылы Еңбекшіқазақ ауданының Бәйтерек ауылындағы орталық көшеге Әлмерек абыздың есімі берілуі. Біріміз білсек, біріміз білмеуіміз мүмкін, абыз бабамыздың өзі жерленген Әлмерек ауылындағы күмбезінен өзге, оның атына бұған дейін ешқандай көше берілмеген еді. Алғашқы көше атының берілуі де бірнеше жылға созылған, үлкен қажыр-қайратпен біткен іс болды.
Бәйтерек ауылы – Алматының шығысында орналасқан, бірнеше ұлт өкілінен құралған 14 мыңға жуық халқы бар іргелі ауыл, Байтерек ауылдық округінің орталығы. 2005 жылы бұрынғы «Новоалексеевка» деген атауы жойылып, «Бәйтерек» ауылы болып өзгертілген.
Құлжа тасжолының бойында орналасқан Бәйтерек ауылындағы орталық Ленин көшесінің атын Әлмерек абыз деп атау ұсынысы 2003 жылы көтеріле бастады. Бастапқыда сол кездегі ономастикалық комиссияға бірнеше мәрте ұсыныс жолданғанымен, комиссия талаптарына сәйкес емес деп кері қайтарылды. Бұған Әлмерек абыз туралы нақты тарихи деректердің аздығы себеп болса керек. Әлмерек Жаншықұлы туралы энциклопедияда там-тұм ғана ақпарат келтірілсе де, Мұқағали Мақатаевтың “Райымбек, Райымбек” поэмасында, ҚХР жазушысы Әскер Тойғанбайдың “Елімай” романында, соғыс ардагері Зікірия Әкімханның “Әлмерек, Әлмерек, Әлмерек” поэмасында Әлмерек бабамыз өз заманында ел тұтқасын ұстаған қайраткер, би ретінде баяндалып, еңбегі мен ерлігі қатар сипатталған. Осы шығармаларда айтылған аңыз әңгімелер, мәліметтер дерек ретінде жинақталып, аудандық ономастикалық комиссияға қайтадан ұсынылды. Комиссия ұсынысқа қолдау білдіріп, Бәйтерек ауылында көше тұрғындарынан қол жинау жұмыстары басталды. Тұрғындар бұл мәселеге қатысты өткен жиында Ленин көшесіне Әлмерек абыз атын беруді қолдап, хаттама толтырылып, ономастикалық комиссияға ұсынылды. Хаттама ұсынылған уақытта көше аттарын өзгертуге мароторий жарияланған еді, сол себепті жұмыс тоқтап қалды.
Сол кездегі Ленин көшесі тозығы жеткен, жарық тартылмаған қараңғы болатын. Жиын барысында тұрғындар көше жолының ой-шұңқырын қайта жасау, жарық шамдарын орнату, базар, сауда орындарын абаттандыру, көше тазалығын ретке келтіру, көше атауын нөмірлеп жазып, ілуді талап етті. Былайша айтқанда, көшенің аты затына сай, жарқырап тұруы тиіс болды.
2009 жылы жоғарғы басшылық тарапынан Ленин көшесінің атауы өзгертілсін деген тапсырма келді. Қолдығы бар тарихи деректермен қоса жас ақын Атыхан Мұхамедиұлының «Әлмерек абыз» жыры (мақалаға қоса ұсынылады) үгіт насихат жұмыстарын жүргізуге пайдаланылды.
Жер-су, елдімекен, көше атауын өзгерту дегеніміз бұрынғы тарихты тәрк етіп, өткеннен бас тарту емес. Ол кешегі күнді қайта ой безбенінен өткізіп, тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге де қызмет етеді. Бұған тұрғындармен үгіт-насихат жүргізу барысында көз жеткіздік. Қол жинау барысында өзге ұлт өкілдері қазақ халқына ризашылығын білдіріп, көше атын ауыстыру ұсынысына қолдау көрсетті. Ленин басқарған кезеңге арыз-шағымын айтып, реніштерін білдірді. Олар Кеңес өкіметінің сұрқия саясатының кесірінен қиыншылық көрген ата-бабалары Қазақстанға жер аударылып келгенін, мұнда жергілікті қазақтардың оларды жатсынбай қамқорлық көрсеткенін еске алды. Көшелерді реттеуде атқарылған жұмыстар үшін алғыстарында білдірді.
Сонымен қоса кері айтылған пікірлер де болды. Ленин көшесі Әлмерек абыз көшесі көшесі болып өзгереді дегенді естіген кейбір егде жастағы тұрғындар абыз бабамызды тәуіп ретінде ғана танып жатты. Бұның себебі қазіргі кезде халықтың Әлмерек абыз бабамыздың мазарына барып дұға жасап, дертіне шипа іздеуінде болса керек. Тәуелсіздік алған кезеңге дейін батыр, абыз бабамыз, оның ел қорғаған ерен еңбегі туралы еш жерде айтылмағандықтан көше атын беру үшін тарихи дәлел іздеуге көп уақыт жұмсалды.
Тұрғындар мен жергілікті билік өкілдерінің табанды әрекеті нәтижесін беріп, 2010 жылы Ленин көшесінің атын Әлмерек бабамыздың атына өзгерту туралы шешім шығарылып, облысымызда Әлмерек абыздың атын ұрпақтар жадында қалдыру жолында алғашқы қадам жасалды. Бұл іс Әлмерек абыздың атын дәріптеудегі кейінгі жұмыстарға да түрткі болды десек қателеспейміз. Мәселен, бүгінгі күні Шонжы ауылының кіре берісініне Әлмерек бабамыздың ескерткіші қойылды, тарихи, ғылыми зерттеу жұмыстары жасалды. 2019 жылы Әлмерек Жаншықұлының туғанына 360 жыл толуына орай бабаның есімін ұлықтау мақсатында Алматы облыстық жас ақындар мүшәйрасы өткізілді. Биыл 365 жыл толуына орай Әлмерек абыз есімін күллі қазақ халқына таныту мақсатында республикалық мүшәйра өткізілмек. Осыған орай, көше атын беру жұмыстарын ұйымдастыру кезінде қандасымыз, жас ақын Атыхан Мұхамедиұлы жазған, бұрын-соңды еш жерде жарық көрмеген “Әлмерек абыз” жырын өзінің рұқсатымен оқырман қауымға ұсынуды жөн көріп отырмыз.
Ұрпақтарың мәңгі есінде сақтайды
Бәйге төбе, жер қайысқан қалың жұрт,
Әлденеге көз тігеді абыржып.
Қою шаңнан қатар шықты қос жүйрік,
Ақ көбіктен көпіршіген ауыздық.
Көмбе жақын, сауырдан тер тамшылап
Нөпір топта (кім озар) деп бар сұрақ?
Екі бала, екі ат емес, екі елдің,
Келе жатыр намыс туын қамшылап
Хас жүйріктер, жеткізер емес, ой, Алла-ай,
Екі тұлпар бір-бірінен оза алмай.
Осы кезде бала даусы айқайлап,
“Әлмерек” деп, шақырды өзі азандай.
Міне, ғажап, естімеген сыр тосын,
Сиынғанға сый тартады рухың шын.
Әлгі арғымақтар тұяғынан жел есті,
Аспаннан келіп, көтерілгендей бір тылсым.
Таң-тамаша таңдай қағып, жұрт тұрды,
Аруақ өзі демеді ғой, рухты ұлды.
Немересі, Әлмерек кім деп еді,
Қазналы қарт былай айтып ұқтырды.
Онда айтайын, еске сақта, жарығым.
Әлмерек би – ата-бабам абызым!
Ертеде елдің ардагері, данасы,
Арт жағына қалдырды мол тағылым.
Маңдайына біткен жұлдызы қазақтың,
Еңбегімен елге әкелген азат күн.
Қол басқарып, мәртебесін асырған,
Алтын кеуде азаматы алаштың!
Тарихқа атын ойып жазған тас ғасыр,
Дұшпанға мұң, қолдап-қоршар досқа пір.
Ел, жер үшін ақ найзасын ойнатып,
Жекпе-жекте жеңілмеген қас батыр.
Өн бойында тым ғаламат бар кие,
Арты қандай болатынын әлде не?
Болашақты бұрын болжар көріпкел,
Текті жұртта теңдесі жоқ әулие.
Әз-Тәуке хан кем де емес ақылдан,
Жеті жарғы жазуға да шақырған.
Айтулы абыз, дуалы аузы батагөй,
Айтқан сөзі нақ келетін ақылман.
Ерлік еткен ел, жер үшін еселі,
Куә тарих, асқан емші, көш елі.
Жетісуда жер қайысқан әскердің,
Көшбасшысы жаттықтырған көсемі.
Ұлт үшін деп, терегімен жойғаны,
Бар ғұмырын құзырлы елге сыйлады.
Иман жинап ұрпақтардың бойына,
Дін таратқан мешіттердің имамы.
Айналған жан алды әулие аты аңыз,
Қиналғанда атын ауызға алсаңыз.
Қасиетімен қолдайды екен әркімді,
Ғасыр-ғұмыр кешіп өткен қарт абыз.
Тура жолға түседі екен торыққан,
Күнәсінен тазартады қорыққан.
Әулиенің мазарына түнесе,
Жазылады емсіз дертке жолыққан.
Астрахань, Атырауда, Арқада,
Шет елдерден, жер түбінен барса да.
Ұрпақсыздар шын тіленіп, келсе егер,
Құрсағына сәби біткен қаншама.
Аққан бұлақ күмбезінің жанынан,
Бойға қуат, жанға шуақ дарыған.
Соқырдың да көзі ашылып, қуанып,
Көп пендені айықтырған дертінен.
Айтқан ақыл тілі, семсер жағы жыр,
Нақылдары сахараның заңы кіл.
Сексен жаста үш балаға әке боп,
Ұлылығын әйгілеген тағы бір.
Нар тұлғада тылсым күштің бары шын,
Сыйла аруағын, қасиеті дарысын.
Басыңа күн туған кезде ұран сал,
Қас дұшпанға тапталмайды намысың.
Бар баласы асып туған арыстан,
Көсем, шешен, сардар, сарбаз, данышпан.
Қаһарына қарсы дұшпан беттемей,
Бақталастың бастарынан бақ ұшқан.
Абыз бабаң әне сондай тау тұлға,
Ұшаң теңіз ұрпағы бар артында.
Деп қария шертіп берді шежіре,
Есті бала қарық болсын бар сырға.
Атасынан тарих тыңдап, сый құшып,
Жанарынан жалын оты тұрды ұшып.
Әлмерек деп ұран салып тайымен,
Болашаққа бара жатты құйғытып.
Кешегіден қалған бізге дерек бұл,
Әулиенің тылсым жаны көмекшіл.
Бұл күнде де, алты алаштың қолтығын,
Абыз бабам аруағыңмен демеп жүр.
Әулиенің ұрпақтары көкке өрлеп,
Соңынан ел, қолынан мөр кеткен жоқ.
Қазақ елі көктей берсін, көбейіп,
Көк тәңірі ту сыйлаған көкпеңбек.
Би Әлмерек әулие ата, ұлы ата,
Шежіре ата, өлең ата, күй ата.
Ұрпақтарың мәңгі есіңде сақтайды,
Қасиетіңмен қолдап қоршап жүр ата.
Бердіқожа Мамырбеков