Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Жамбыл ауданына жасаған жұмыс сапарында бірқатар әлеуметтік нысандарда болып, ауыл шаруашылығы жұмыстарымен танысу кезінде еңбек адамдарымен жүздесті. Ұзынағаш, Қарақыстақ, Қарасу ауылдарын аралау барысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму барысын бағамдап, нақты жағдайға көз жеткізе түсті.
Өңір басшысы сапарын алдымен Ұзынағаш ауылының №1 мектеп-лицейінен бастады. Бұл уақытта облыстың орта мектептерінде бір мезгілде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы басталған еді. Мектеп-лицейдің биология кабинетінде өткізілген «Жас буын – жаңа өмір бастауы» ашық сабағына қатысып, оқушылармен бірге шырша ағашының тұқымын отырғызды. Сабақта пән мұғалімі Мөлдір Әбілнүсіпова ағашты егу туралы оқушыларға жан-жақты түсіндірді. Айтуынша, бұл – қарағайлар тұқымдасына жататын шренк шыршасының тұқымы. Шағын ыдыстарға отырғызылған дән 10-30 күнде топырақтан өніп шығады. Оны оқушылар өздері күтіп-баптап, кейін тұрақты орнына отырғызады. Өскенде шыршаның биіктігі 50 метрге дейін жетеді, ұзақ жасайтын ағаш 100-120 жыл өмір сүреді. Өңірдің таулы жері оған қолайлы аймақ саналады.
Игілікті шараға куә болған облыс әкімі ұстаздар мен шәкірттерге тілегін арнады:
– Бүгін «Жасыл аймақ» бағыты бойынша мектеп оқушылары мен ұжымдарының бастамасымен өңірімізде «Өз ағашыңды өсір» атты акциясы ұйымдастырылып отырғаны өте құптарлық. Тұқымнан ағашты отырғызу шарасына білім ордаларындағы 340 мыңнан астам оқушының барлығының қатысуы – оның жалпы бұқаралық сипатын көрсетеді. Осы арқылы біз Президентіміздің орман алқабында 2 миллиард, елдімекендерде 15 миллион ағаш отырғызу бойынша тапсырмасын орындауға өз үлесімізді қосып отырмыз. Акцияның тәрбиелік мәні өте жоғары. Бұл бізге туып-өскен жерімізді, өз өлкемізді көгалдандырып, жасыл желекке айналдыруға мүмкіндік береді. Осындай игі іс-шаралар біздің ауызбіршілігімізді айқындап, елдігімізді көрсетері анық. Біз бүгін болашақтың игілігіне іргетас қалап, 100 жылдық ағаштың дәнін ектік. Осыған атсалысқан барлық жерлестерімізге, жас өрендерімізге алғысымды білдіремін», – деген Марат Сұлтанғазиев сондай-ақ мектеп ауласына балалармен бірге гүл отырғызды.
Одан кейін Қарақыстақ ауылының жанындағы «Сүйінбай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егістік алқабына барды. Өңір басшысын серіктестік төрағасы Александр Назаренко дала жұмыстарының барысымен таныстырды. Аталған шаруашылық 2001 жылы құрылған, жалпы егістік жер көлемі 2 105 гектар, оның 548 гектары суармалы егістік. 900 гектарға жаздық арпа, 100 гектарға сұлы, 750 гектарға күздік бидай себіледі. Сондай-ақ көпжылдық шөп, картоп өсіріледі. Алайда дақылды суаруға қажетті судың тапшылығы қатты сезіледі, бұрынғы суландыру жүйелерінің тозығы жеткен. Дала жұмыстарына қажетті 17 техникамен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 10 «Беларусь», 2 «К-700» тракторы, 5 комбайн бар. Сондай-ақ «Камаз», «Зил», «Газ-53», «Газель» автокөліктері иелігінде. Шаруашылықта 30 адам еңбек етеді, оның 15-і тұрақты жұмыспен қамтылған. Жалақылары уақытылы төленеді, орташа айлықтары 150-200 мың теңге аралығында. Ауа-райының қолайлы мерзіміне қарай көктемгі дала жұмыстарын жүргізуде. Алқаптан жылына 2000-2100 тонна астық жиналады. Техника, жанар-жағармай, тыңайтқыш алуда мемлекет тарапынан тиісті жеңілдіктерді пайдаланғанын айтты.
Облыс басшысы заманауи суғару технологиясына, яғни тамшылатып, жаңбырлатып суғаруға көшу уақыт талабы екенін, мемлекет тарапынан пайыздық субсидиялау қарастырылғанын еске салды. Осында ауыл шаруашылығы техникаларын несиеге беретін ұйымдардың өкілдері ұйымдастырған көрмемен танысты. Сондай-ақ Жамбыл атындағы кәсіптік-техникалық колледж директоры Алтай Бекбосынұлының бастауымен келген білімгерлермен жолықты. Ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын оқу орнының жетекшісі колледжге заманауи техникалар алынғанын, студенттер өндірістік тәжірибелерін шаруашылықтарда өткізетінін, көктемгі дала жұмыстарында трактормен жер жыртуға қатысатынын айтты. Облыс басшысы жастарға жердің асыраушымыз екенін, осы мамандықты таңдағандарын қолдайтынын білдірді.
Одан соң осы елдімекендегі Сүйінбай Аронұлының әдеби-мемориалды музейіне барып, ақын ескерткішіне гүл шоғын қойды. Музей ішіндегі жәдігерлерді аралап шығып, зиялы қауыммен бірге ауласына қарағай ағашының көшеттерін отырғызу шарасына атсалысты. Одан соң ауыл маңындағы Сүйінбай Аронұлының кесенесіне барып, ақын аруағына құран бағыштады.
Өңір басшысы Қарақыстақ ауылында биыл пайдалануға берілген «Жамбыл ауданының №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» деп аталатын жаңа нысанмен танысты. Ондағы волейбол, бокс, күрес залдарында жаттығып жатқан балалармен тілдесті. Ардагер-спортшы Бақберген Қайырлыбаев мемлекеттің осындай зәулім спорт сарайын салып бергеніне ризашылығын білдіріп, ауыл баласынан үлкен додаларда топ жаратын спортшылар шығатынына сенетінін жеткізді. Айта кетсек, екі қабатты спорт кешенінің құрылысына 719,7 млн. теңге жұмсалған.
Одан соң осындағы бұрынғы балалар үйіне барды. Қазір ғимараттары бос тұр. Мұнда 150 орындық психоневрологиялық аурулары бар адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орнын ашу көзделген. Дегенмен бұл түпкілікті шешім емес. Мүмкін халыққа қажетті одан да тиімді жоба таңдалады. Ғимараты 3 қабатты, 1989 жылы салынған, аудан әкімі Нұрлан Ертастың айтуынша жағдайы жаман емес, жасыл желекке оранған ауласы кең. Білім басқармасынан 2020 жылы денсаулық сақтау басқармасының теңгеріміне өткен.
Өңір жетекшісі осы ауылдағы ескі ғимараттың тағы бір шоғырын көрді. Бұрын Қарақыстақ ауруханасы, одан кейін ауылдық амбулатория болған нысан 2017 жылдан бері қаңырап бос тұр, тозған. Үш бөліктен тұрады, №1 және 2 ғимараты 1979, ал №3 нысаны тіпті 1930 жылы салынған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының теңгерімінде. Оны да көпшілікке пайдасы тиетіндей іске жаратуды ойластыру қажеттігі айтылды.
Бұдан соң Марат Сұлтанғазиев Қарақыстақ ауылдық Мәдениет үйінде өткен Жамбыл ауданы әкімінің жергілікті тұрғындармен есепті кездесуіне қатысты. Онда аудан басшысы Нұрлан Ертастың өткен жылы атқарылған істер мен алда көзделген жұмыстар жайындағы баяндамасы тыңдалды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң үрдіс сақталғаны, келешекте ауқымды инвестициялық жобалар қолға алынатыны мәлімделді. Сонымен қатар шешімін күткен күрделі мәселелер де қозғалып, сол бағытта жасалып жатқан шаралардан хабардар етілді. Соңынан залдан қойылған он шақты адамның сұрақтарына кезегімен жауап беріліп, көтерілген мәселелердің барлығы бойынша арнайы іс-шаралар жоспары әзірленетіні айтылды.
Жиын соңында облыс басшысы сөз алып, ауданға сапарының барысында көрген-түйгенінен көпшілікті хабардар ете келе, ел мен жерді өркендету үшін мемлекет ұсынып отырған «Ауыл аманаты» сияқты бағдарламаларды тұрғындардың пайдалану керектігін еске салды. Бұл орайда әсіресе ауыл әкімдерінің халықпен тығыз байланыста болып, түсіндіру жұмысын тиісті деңгейде жүргізуі керектігін ескертті.
Сапар соңында Қарасу ауылдық округі әкімшілігінің жаңа ғимаратының мәжіліс залында ауданның шаруа қожалықтарының басшыларымен және ауыл әкімдерімен кездесіп, жұмыс барысын талқылады.
Серік Сатыбалдиев,
Жамбыл ауданы