Облыс әкімдігінің мәжіліс залында алқа мәжілісі өтті. Басқосу барысында облыс бойынша 1-тоқсанда атқарылған жұмыстар сараланды. Жиынға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев төрағалық етті.
Алқалы жиында алғашқы сөз кезегі облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаевқа берілді.
– 1-тоқсанда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпін сақталып, қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіш 101,4 пайызды құрады. Мәселен, өнеркәсіптік өндіріс көлемі 0,8 пайызға, ауыл шаруашылығы 5,5 пайызға, құрылыс жұмыстары 32,5 пайызға, тұрғын үйді пайдалануға беру 3,6 пайызға, көлік қызметі 26 пайызға, байланыс 6,9 пайызға, сауда көлемі 8,5 пайызға, инвестиция 21,8 пайызға өсті. Алайда өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс 6,9 пайызға, сусындар 6,6 пайызға, резеңке және пластмассадан жасалған бұйымдар 28,6 пайызға, химия өнеркәсібі35,8 пайызға, фармацевтика 20,1 пайызға төмендеді. Өңдеу өнеркәсібінің құлдырауына Кеген ауданы 67,3 пайызға, Қарасай ауданы 96,5 пайызға және Қонаев қаласы 69,3 пайзға жол берді. Сонымен қатар, өндіріс көлемінің төмендеуіне әсер ететін кәсіпорындардың жүйелік мәселелері талданды. Энергетика және ТКШ басқармасы «Алатау Жарық компаниясы» АҚ-мен бірлесіп, 77а КС қосалқы стансаның барлық абоненттерін «Көкозек» қосалқы стансасына ауыстыру мәселесін қысқа мерзімде пысықтауы қажет. Бірыңғай индустрияландыру картасы бойынша жобалар саны жалпы сомасы 206,5 млрд теңгеге 8-ден 16-ға дейін ұлғайтылды және 790 жұмыс орны құрылды.Кәсіпкерлік басқармасы аудандар мен Қонаев қалаласының әкімдерімен бірлесіп, ағымдағы жылға жоспарланған нысандары іске қосуды қамтамасыз етуі және өндірістің құлдырауына жол берген кәсіпорындарға жан-жақты қолдау көрсетуі қажет, – деді Рустам Маратұлы.
Одан кейін облыс әкімінің орынбасары Алмас Батановтың баяндамасы тыңдалды. Баяндамашының айтуынша, көктемгі дала жұмыстары бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарын 4,2 мың гектарға ұлғайтып, 461,6 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда. Оған қатысатын техниканың дайындығы 94 пайызды құрайды. Облыс бойынша көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 4651,1 тонна дизель отынына өтінім берілген. Малды қайта есептеу бойынша жұмыстар жүргізілді. Талғар, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Кеген аудандары мен Қонаев қаласында ұсақ мал басының төмендеуі байқалған. Жыл соңына дейін ет өндірісін 293,5 мың тоннаға, сүт өндіруді 651,8 мың тоннаға, тауық жұмыртқасын 593,4 млн данаға жеткізу жоспарланған. Суару желілерін реконструкциялау бойынша 9 жобаны әзірлеуге облыстық бюджеттен барлығы 1,75 млрд. теңге бөлініп, жұмыс жобалары әзірленген. «Ауыл Аманаты» бағдарламасы негізінде 14 млрд 79,2 млн теңгеқарастырылған. Мал шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 17,5 млрд теңге бөлінген.
Келесі кезекте мінберге шыққан облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов жылыту маусымының қорытындысы және 2024-2025 жылдарға міндеттері, санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандырудың көктемгі-күзгі екі айлығын өткізу барысы»жайлы сөз қозғады.
– Орталықтандырылған жылумен жабдықтау 5 аудан мен Қонаев қаласында бар. Жылу желісінің ұзындығы 173 шақырымды, орташа тозуы 42 пайызды құрайды. Жылыту маусымын сапалы өткізу үшін 35 қазандыққа жөндеу жүргізіліп, жергілікті бюджет есебінен 450 млн теңгеге Боралдай кентіндегі4 қазандық ауыстырылды. Қонаев қаласында 2,9 шақырымға жаңа жылу желісі тартылып, қазіргі уақытта абаттандыру жұмысы жүргізілуде. Былтырғы жылыту маусымына 15,3 млн литр сұйық және 4,6 мың тонна қатты отын пайдаланылды немесе қажеттілік толық қамтылды. Жылыту маусымы кезеңінде циркуляциялық сорғының бітелуіне байланысты Кеген ауылындағы көпқабатты тұрғын үйде қазандық жарылып, бір тәулік ішінде жаңа қазандық орнатылып, халық қайтадан жылумен қамтылды. «Сұңқар» серіктестігінің «Жетісу вольфрамы» зауытын электрмен жабдықтауды сапасыз жүргізуі салдарынан желтоқсан айында жоғары вольтты желіде 4 рет апатты жағдай болып, Ұйғыр, Райымбек, Кеген аудандарының тұтынушылары жарықсыз қалды. Жоғары қысым нәтижесінде пайда болған газ-ауа қоспасының жиналуы салдарынан Талғар ауданының Гүлдала ауылында екі жеке тұрғын үйде газ жарылысы болып, 4 адам зардап шекті және ауыр халде ауруханаға жатқызылды. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, – деген Нұржан Кеңесұлы газ құбырлары маңындағы әлеуметтік нысандарды сұйық және қатты отыннан газға ауыстыруға қатысты берген тапсырмасының тиісті басқармалар тарапынан өз деңгейінде атқарылмай отырғанын облыс басшысының қаперіне салды.
Одан әрі сөзін сабақтаған әкім орынбасары білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт басқармалары өз нысандарын уақытылы отынмен қамтамасыз ету үшін алдын ала мемлекеттік сатып алу жұмыстарын жүргізуі керек екенін, халықты көмірмен үздіксіз қамтамасыз ету үшін аудан әкімдері өңірлік көмір операторларымен келісім-шарттар жасау жұмысын күшейтулері қажеттігін атап өтті. Биыл 2 жалпы облыстық сенбілік пен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 18 мың тоннадан астам қалдықтар шығарылып, 23,7 мың түп ағаш отырғызылғанын тілге тиек етті.
– Көктемгі-күзгі санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандырудың екі айлығын өткізу туралы қаулыға сәйкес, облыстық штабтың құрамы ауылдарды аралау кезінде стихиялық қоқыс орындарын анықтады. Сонымен қатар, Есік қаласындағы 2020 жылы салынған балалардың ойыналаңдары жөндеуді қажет етеді. Облыс бойынша тазалау және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде, осы айда Мемлекет басшысының ұсынысымен еліміз бойынша экологиялық акция өтуде. Осыған қарамастан, Қонаев қаласы мен барлық ауданда анықталған заңсыз қоқыс орындарынан көбіне жұмыстың формальды атқарылуын байқаймыз. Сондықтан жергілікті атқарушы органдарға полиция департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп тұрақты рейд жүргізіп, айыппұл салу арқылы тұрғындардың тазалық мәдениетін күшейтуді ұсынамын. Сондай-ақ, барлық аудан коммуналдық қалдықтарды жинау және шығару тарифтерін бекіту тапсырылды. Алайда бірде-бір ауданда жұмыс аяқталмаған. Бұл мәселе прокуратураның, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің және Экология министрлігінің бақылауында екенін ескерткім келеді, – деп сөзін аяқтады Нұржан Құдайбергенов.
Әкімдік отырысын қорытындылаған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев бірінші тоқсанда облыс бойынша атқарылған жұмыстарды саралалай келе, негізгі салалардың оң динамиканы көрсеткенін атап өтті. Сондай-ақ, бірқатар сын-ескертпелерді жою үшін нақты шаралар қабылдау қажет екенін қадап айтты.
– Биыл барлық күш-жігеріміз экономиканың кемінде 6 проценттік өсімін қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс. Ол үшін Үкімет экономиканы белсенді әртараптандыруға, кәсіпкерлікті дамытуға, инвестициялар тартуға және азаматтардың әл-ауқатын едәуір арттыруға бағытталған бірінші кезектегі іс-қимыл жоспарын әзірледі. Облыс азық-түлік пен сусындарды өндіретін басты аймақтардың бірі саналады. Қолдағы бар әлеуетті негізге ала отырып, өнеркәсіпте кем дегенде 7 пайыз, ауыл шаруашылығында кем дегенде 5 пайыз өсімді қамтамасыз етуіміз керек. Р. Исатаевқа, кәсіпкерлік басқармасына аудан, қала әкімдерімен бірлесіп,жобалар санын көбейтіп, әр жобаны жан-жақты пысықтап, ай сайын жүзеге асырылуы туралы есеп беріп, жыл соңына дейін іске қосылуын қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді облыс басшысы.
Статистика департаментіне құлдырауға ұшыраған кәсіпорындар туралы шара ай сайын есеп беру қажеттігін алға тартқан Марат Елеусізұлы орынбасарлары мен басқарма басшыларына, Қонаев қаласы мен аудан әкімдеріне бірқатар тапсырма жүктеді.
Отырыстың күн тәртібіне енгізілген мәселелер бойынша облыс әкімдігі қабылдаған қаулының орындалуын бақылауды бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахымға тапсырды.
Айжарық Көптілеуов,
Қонаев қаласы