Алматы облысының Іле ауданына қарасты Ақши ауылында «Тазалық акциясы» ұйыдастырылды, деп хабарлайды 24KZ.
Аудандық ардагерлер және аналар кеңесінің мүшелері жергілікті әкімдікпен бірлесіп, ауылдық мәдениет үйінің ауласын абаттандырды. Аталған іс-шараға 100 шақты адам қатысты.
Ақши ауылы кезінде Күрті ауданының орталығы болған үлкен елді мекен еді. Бұл ауылда қазір 6 мыңнан астам адам тұрады. Ауыл жастары «Тазалық акциясы» басталғалы үй аулалары мен көшелерді күл-қоқыстан тазартып, ағаштардың діңін ақтады. Ал аудан ардагерлері бүгін ауылдық мәдениет үйінің ауласына қылқанжапырақты ағаш көшеттерін отырғызу іс-шарасына қатысты.
Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Мейрамгүл Жәбиева ағаш егку адам мен қоршаған ортаға бірдей пайдалы екенін айтты.
– Бұрын әкелеріміз, ағаларымыз еккен ағашты біз жалғастырып, жас ұрпаққа тәлімгер ретінде келіп отырғаннан кейін бүгін біз де ағаш егіп жатырмыз. Бұл ағаштың көптігі біздің денсаулығымызға да оң әсер етеді. Елдің көгеріп, өркендеп-өсуіне де септігін тигізеді. Ағаш көп болса, ауылды жерде жел де аз болады, – дейді ол.
«Тазалық акциясы» басталғалы бері Алматы облысында 20 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылды. Тазалық айлығы «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» сияқты 5 бағыт бойынша жүзеге асады. Оған облыс орталығы Қонаев қаласы мен барлық аудандардағы мемлекеттік мекеме, әлеуметтік нысандар мен жастар өкілдері қызу атсалысып жатыр.
Күрті ауылдық округінің әкімі Төлеген Омаров бүгінгі шарада ауылда аулалар тазаланып, бұлақтардың көзін ашу жұмыстары жасалғанын, 50 дана қарағай ағашы отырғызылғанын тілге тиек етті.
Алматы облысы бойынша «Тазалық акциясына» жалпы саны 500 мың адам қатысады деп жоспарланып отыр.