1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні елімізде 1996 жылдан бері тойланып келеді. Татулық пен тұрақтылықты, бірлікті, келісім мен достықты дәріптейтін мереке бүгінде көпэтносты елдің тыныштығы мен татулығының нышанына айналды. Осы күні барша қазақстандықты біріктіруге арналған мерекелік іс-шаралар өткізіледі. Елімізді мекендеген өзге этнос өкілдері өздерінің салт-дәстүрлерін көрсетіп, ән-жырдан шашу шашып, қазақ халқын көпке үлгі етеді.
«Бірлік болмай, тірлік болмас» деген қағидаға сүйенген халқымыз ауызбіршілік пен сыйластық орнаған жерде ырыс-несібенің мол болатынын жақсы білген. Осы орайда мемлекетіміздің бағы жанып, дәулеті тасып, экономикалық әлеуеті артып, саяси тұрақтылыққа қол жеткізуі бірлік пен ынтымақтың, этносаралық татулықтың арқасында екенін ешкім теріске шығара алмайды. Бұл – ауызбіршілік пен түсіністік, сыйластық үстемдік құрған жердегі істің қашанда нәтижелі болатынының айғағы. Яғни, ел бақыты – бірлікте.
Бүгінде ынтымағы жарасып, татулықты ту еткен елімізде этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешуде. Оларға білім алып, еңбек етуге қолайлы жағдай жасалған. Облыс орталығы мәртебесін иеленгеніне екі жылға жуықтаған толқынды көлдің жағасында қоныс тепкен Қонаев қаласында 17 этнос бір үйдің баласындай өмір сүруде. Олар – атамекенінен әртүрлі себеппен қоныс аударып, Қазақстаннан бақыт тапқан жандардың бүгінгі ұрпақтары. Олардың арасында есімі өңір тарихына алтын әріппен жазылып, қаланың мақтан тұтар тұлғасына айналғандары аз емес. Қаланың Құрметті азаматы атағын иеленегендер де жетіп-артылады. Бірқатары жергілікті халықпен біте қайнасып, құда-жекжат болып, туыстық қарым-қатынас орнатқан. Сондай-ақ, қалалық слявян, корей, ұйғыр этномәдени бірлестіктері этносаралық татулықты нығайту мен қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосып қана қоймай, ана тілін, мәдениетін, дәстүрін сақтауға және оны әрі қарай өркендетуге берілген қолайлы мүмкіндікті толықтай пайдаланып жатқанын атап өткен жөн. Соның ішінде, мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін этнос өкілдерінің қатары көбейгені де жетістіктеріміздің бірі екені даусыз. Бұл олардың туған еліне деген патриоттығы мен мемлекеттік тілге құрметі екені сөзсіз.
Бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы – еліміздің саяси жүйесінде маңызды тұтқа болып отыр. Ешбір елде жоқ ерекше, саяси маңызы зор құрылым 29 жылдық тарихында барлық этнос өкілдерінің басын біріктіріп, тұрақтылықты сақтап, этносаралық қатынастар саласында жүргізіп отырған саясатының табыстылығын әлемге паш етуде. Жуырда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты XXXIII сессиясында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл құрылымды әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты Мемлекет басшысы дәріптейтін институт ретінде нығайтуды ұсынды. Ең алдымен ақсақалдар мен аналар кеңесі сияқты тиімді құрылымдарды дамыта түсіп, министрліктер және әкімдіктер олардың қызметіне қолдау көрсетуі қажет екенін айтқан Мемлекет басшысы арнайы грант бөліп, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар беруді тапсырды. Президенттің осы сөзі ілкі буын өкілдерінің көңілдеріне қуаныш ұялатқаны анық. Ассамблея жанындағы ақсақалдар кеңесінің Қонаев қалалық төрағасы ретінде бұл жағымды жаңалық менің де жанымды жадыратып, қуанышқа бөледі. Алдағы уақытта жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, отаншылдықты дәріптеу бағытындағы жұмысқа белсенді түрде атсалысуға ниеттімін. Өйткені, этносаралық татулық ұрпақ тәрбиесінен басталатыны баршаға белгілі.
Қонаев қаласы аймағында қоныс тепкен әрбір этнос өкілінің бізбен біте қайнасып, татулықпен ел мүддесі жолында табанды еңбек етуі бірлігімізді одан әрі бекемдеп, ынтымағымызды арттыра түсуде. Ел тұрғындарының басын біріктіретін 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен барша облыс жұртшылығын шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, әр шаңыраққа құт-береке, бақыт тілеймін. Бір ту астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі этносаралық татулық әрдайым берік болып, ынтымақ пен бірлігіміз мәңгі жасай берсін!
Бейсетай Қашақбаев,
облыстық ҚХА жанындағы Қонаев
қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы