Алматының дәл іргесінде орналасқан «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің басты мәселесі – мектептің жоқтығы. Қазығы қағылып, іргетасы қаланған білім ошағының құрылысы аяқталмай жатқанына биыл – үшінші жыл. Мұндағы жергілікті халық базынасын айтып, талабын қоюдан шаршаған емес.
Бұл елдімекенге мектеп салу жұмысы 2021 жылы басталған еді. Бірақ, бірқатар себептерге байланысты құрылыс жұмысы тоқтауға мәжбүр болған. Қазіргі уақытта нысанның толық бой көтеруін облыс пен аудандағы тиісті басшылықтар қатаң қадағалауда.
Жақында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен ауданға арнайы келгенде аталған мектептің жай-күйіне мән берді. Сол кезде мердігерлердің сапасыз жұмыс атқарғаны анықталып, ғимараттың құрылысы не себепті белгіленген мерзімде аяқталмай отырғаны нақтыланды. Аймақ басшысы балалардың сапалы білім алуын қамтамасыз ету үшін мектеп құрылысын уақытылы аяқтаудың маңыздылығын және барлық құрылыс нормалары мен ережелерін сақтау қажеттігін ескертті.
«Асыл арман» тұрғындары асыға күтіп жүрген мектептің қазіргі жағдайымен біз де танысып қайттық. Білім шаңырағының құрылысына жауапты «Advennto» ЖШС-нің директоры Ержан Майлыбаевтан салынып жатқан мектептің қашан қолданысқа берілетінін сұрадық.
– Жалпы мектепті бетондау жұмыстары толық аяқталды. Қазіргі уақытта кірпіштері қалануда. Ол да бітуге жақын. Одан кейін ішкі әрлеуге кірісеміз. Ал жаз айларында айналасын көгалдандыруды жоспарлап отырмыз. Қолданысқа беру уақытына келер болсақ, әрине осы жылдың 1 қыркүйегіне деген жоспарымыз бар. Алайда алда не күтіп тұрғанын білмейміз. Мәселен, ауа райы қолайсыз болса, біздің жұмысымыз тоқтап қалады. Сондықтан пессимистік болжам ретінде қараша айы деп айтуға болады, – деп түсіндірді ол.
Мердігер мекеме басшысының сөзіне сүйенсек, қазіргі уақытта құрылыс алаңында 50 шақты адам еңбек етеді. Ақпан, наурыз айлары жауын-шашын жиі болғандықтан, ғимараттың сыртында істелетін жұмыстар тоқтап тұрған. Келесі айдан бастап жұмысшылар санын 200-ге жеткізу жоспарланып отыр.
Бір қарағанда, ғимараттың құрылыс қарқыны жаман еместей көрінеді. Жұмыстың жоспарлы түрде жүзеге асуына кейбір мәселе қиындық тудырғанымен, қазір оның барлығы біржақты шешіліпті. Бұл жайында «Advennto» компаниясының басшысы әңгіме арасында айтып қалды.
– Мектептің салынуына қатысты кейбір мәселе туындағаны рас. Бірақ оның барлығы шешілді. Олардың реттелуіне қолдау білдірген облыс әкімі Марат Елеусізұлына ерекше алғысымды білдіргім келеді, – деді мердігер.
Айта кетейік, «Асыл арман» тұрғын үй кешеніндегі үш қабатты бұл мектеп «Жан басына шаққандағы қаржыландыру» бағдарламасы аясында салынуда. Оқушыларға арналған бір ауысымдағы орын саны – 2000. Мектеп қолданысқа берілсе, балаларлың білім алуына қатысты күрделі мәселе шешілер еді. Ал, әзірге «асылармандық» оқушылар көршілес Кемертоған ауылындағы мектепте білім алып жүр.
Дидар Мәлікұлы,
Қарасай ауданы