Қазақстан халқын біріктірудің басты факторы саналатын мемлекеттік тілді елімізді мекендеген өзге этнос өкілдерінің арасында өз ана тіліндей жетік меңгергендердің қатары күн санап артып келеді. Олардың көпшілігі көршілерінің балаларымен ойнап жүріп үйренгенін, кейбіреуі туып-өскен ауылында өзге этностан бірнеше ғана отбасы болғандықтан, қазақ мектебінде білім алуға тура келіп, сол себепті өз ана тіліне шорқақ екенін айтып жатады. Ал қалада тұратын этностардың арасында мемлекеттік тілді меңгергендері некен – саяқ. Соның бірі – Қонаев қалалық Қасым Қайсенов атындағы №4 орта мектептің 1 «А» сынып оқушысы Дарья Гохгалтер.
Кезінде тұрғындарының басым бөлігі түрлі этнос өкілдері болған, соңғы жылдары ғана көшіп келушілер есебінен қазақ отбасыларының саны арта бастаған Қонаев қаласының тұрғыны Дарьяның мемлекеттік тілді меңгеруі сирек кездетін жағдай екенін атап өткен жөн.
Дарья қазақ тілін балабақшада үйреніпті. Ол балабақшаның қазақ тобына баруға ықылас танытқанда, анасы Наталья Гохгалтер таңдауына қарсы болмапты.
– Дашаның «Малыш» балабақшасының «Бөбек» тобына қабылданған күні әлі есімде. Ол кезде екі жаста болатын. Алғашқы кезде түсінбей қалған жерін орысша сұрап, ойын жеткізуде қиналыңқырап жүрді. Кейіннен қазақша таза сөйлейтін болды. Ашық ұйымдастырылған оқу қызметі мен ертеңгіліктерде тақпақ, қазақша өлең айтып, би билеп, белсенділік танытатын. Берілген тапсырманы да бұлжытпай, өте тиянақты орындайтын. Сол кезде балабақша бойынша ең белсенді ата-ананың бірі болған Наталья Сергеевна қызы үшін қазақ тілін үйрене бастады. Бізбен қазақша сәлемдесетін болды. Үйреншікті әдетпен «Здравствуйте» деп амандасып қалған бізге «Сәлеметсіз бе» дегенде ыңғайсызданып қалатынбыз, – деп еске алады Дарьяның балабақшадағы тәрбиешісі болған Анар Өмірбекова.
1-сыныпқа барған кезде әкесі Алексейдің «Өз ана тілін сауатты жаза алмай қала ма?» деген күдігі болыпты. Қазіргі кезде қызы ата-анасының күдік-күмәнін жоққа шығарып, қазақша да, орысша да сауатты жазып, оқи алатын деңгейге жеткен. Сынып жетекшісі Гүлбақыт Құлмұханбетова да оның сабақты меңгеруі мен сыныптастарымен қарым-қатынасында ешқандай тілдік кедергі болмағанын, жақсы оқитын оқушының бірі екенін, сыныптан тыс іс-шараларға да белсене қатысатынын, кейбір сыныптастарына қарағанда қазақшаны таза сөйлейтінін тілге тиек етті. Гүлбақыт Әшірбайқызы сыныптағы бірқатар оқушылардың өзара орысша сөйлесіп, мұғалімге де ресми тілде тіл қататын орыстілді оқушыларды Дашадан үлгі алуға шақыратынын жасырмады.
Аулаға ойнауға шықса, қоңсылас қазақ балалары Дашамен орысша сөйлеседі екен. Онысын бірнеше мәрте байқаған анасы қызына ескерту жасап, көршілердің балаларымен қазақша сөйлесуге кеңес беріпті. Содан кейін Даша ауладағы балалармен қазақ тілінде сөйлесетін болыпты.
– Даша – кенжеміз. Үлкен балаларымыз орыс сыныбында оқиды. 10-сыныпта оқитын қызым Олеся да қазақша біледі. Жуырда қазақ тілінен өткен қалалық олимпиададан 2-орын алды. Кейде маған: «Мені де қазақ сыныбына бергендеріңде қазақ тілі сабағын оқу жеңілдеу болар еді. Бүйтіп қазақ тілін нашар меңгермейтін едім», – дейді. Қазақстанда тұрғаннан кейін осы елдің әрбір азаматы мемлекеттік тілді білуге міндетті деп есептеймін. Мәселен, Ресейде көшіп барғандардан, тіпті орыс болса да, мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергенін білу мақсатында сынақ қабылдайды. Егер орыс тілін 100 пайыз меңгермесең, азаматтық бермейді. Біздің елде де солай болу керек деп ойлаймын. Бүгінде ілкі буын өкілдеріне мемлекеттік тілді үйрену қиынға соғатыны түсінікті. Келешекте этнос өкілдерінің басым бөлігі мемлекеттік тілді еркін меңгеретін болады. Өйткені уақыт талабы солай. Сондықтан Дашаны қазақ сыныбына бердім. Менің ойымша, этнос өкілдері балаларын балабақшаның қазақ тобына бергені жөн. Сонда ғана ол бала өсе келе, қазақшаны әдеби тілде сөйлеп, жаза алатын болады. Олай дейтінім, орта жастағы өзім бірнеше жылдан бері облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығында Гүлмира Әбілқасымқызы деген ұстаздан дәріс алып жүрмін. Қазақшаны түсінгенім болмаса, сөйлегенде ойымды еркін жеткізе алмаймын. Дүкенде сауда жасау және қызмет көрсететін орындардағы қарым-қатынас кезінде қолданылатын сөздерді меңгеріп алдым. Ал Даша 1-сыныпта оқыса да, еркін сөйлеп, жаза алады. Оның мемлекеттік тілді осындай дәрежеде меңгеруіне сүбелі үлес қосқан балабақшада тәрбиешісі, екінші анасындай болған Анар Надырханқызы мен сынып жетекшісі Гүлбақыт Әшірбайқызына шексіз алғысымды білдіремін. Гүлбақыт апайы алғашқы көрген кезде қатал секілді көрінген. Өте нәзік қызым мұғалімнің талап үдесінен шыға алмай қала ма деп уайымдап, басқа сыныпқа ауыстыру ниетім болған. Бірақ Даша алғашқы ұстазымен тез тіл табысып кетті. Сабақ бітіп, оқушылар тараған кезде ең соңғы оқушыны ата-анасы келіп ертіп кеткенше апайының жанынан кеткісі келмей, қимай қоштасады. Бір жағынан қызым мен ұстазының жақсы қарым-қатынаста болғанына қуанып жүрмін, – деп ағынан жарылды Дарьяның анасы Наталья Сергеевна.
Елімізді мекендеген этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруі татулықты ту еткен тәуелсіз мемлекетіміздің бірлігін бекемдеп, ынтымағын арттыра түсетіні сөзсіз. Өйткені олардың мемлекеттік тілге құрметі – өздері ғұмыр кешіп жатқан елге құрметі.
Айжарық Көптілеуов