Данышпан бабаларымыз «Ғылым гауһар – бағасы жоқ, надандық кесел – дауасы жоқ» деп ғылымның адам өміріндегі, қоғам дамуындағы орнын әлдеқашан айқындап кеткен. Жер ананың байлығы жағдайды жақсартуға жеткенімен, табиғи қазбаның таусылатын, азаятын кезі бар. Ал ғылымның игілігі мәңгілік. Ғылым да жеміс ағашы секілді. Ағаш күтімі жақсы болған сайын көп жеміс берсе, ғылым зерттеген сайын көп пайда әкеледі. Дәл бүгінгідей ғылым мен техниканың қарыштап дамып, білектің күші емес, білімнің рахатын көретін шақта қазақ балаларының да ғылымға ден қойғаны, бүгінгі күнмен өмір сүрмей, болашақты ойлағаны аса маңызды. Тоқсан жылдық тарихы бар әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде де студенттердің ғылыми зерттеу қабылетін нығайтуға, озық идеялы жастарды қолдауға, ғылыми ізденістер жасауға деген қызығушылықты арттыруға барынша көңіл бөлінген.
Қазіргі әлем дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Осы өркениет көшіне ілескен елдердің барлығының сүйенері де, сенері де – ғылым. Ғылымның маңызын терең түсіну, ғылыми зерттеулерді одан әрі қолдау және дамыту – адамзаттың болашағына қажетті басты шарттың бірі. Осы ретте Жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдаманың қабылдануы – жастарды жаңа үрдіске бейімдеу мен бағыттаудағы соны қадам десек қателеспейміз. Жеті жылға жоспарланған бұл тұжырымдама – ел ғылымы мен білімінің қарқынды дамуына серпін беретін маңызды құжат. Жаңа тұжырымдамадағы басымдықтар БҰҰ-ның бастауымен алғаш рет қарастырылған «тұрақты даму» концепциясында ұсынылған.
Университетімізде ғылыми зерттеуге жол ашатын медицина, техника, экономика және технологияны қоса алғанда, әртүрлі ғылыми салаларға арналған бірнеше ғылыми орталықбар. Бұл орталықтар халықаралық университеттермен және ғылыми-зерттеу институттарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Мұндай байланыс жас ғалымдардың халықаралық жобаларға және бірлескен зерттеулерге қатысуына мүмкіндік береді.
Гүлдана Қуаналиева,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кеден, қаржы және
экологиялық құқық кафедрасының меңгерушісі