Республикалық “Таза Қазақстан” экологиялық акциясының “Мөлдір бұлақ” деп аталатын бесінші апталығы Алматы облысында Іле Алатауыының жауһары – Есік көлінде басталды. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев бастаған еріктілер мен жастар, белсенділер, жақын маңдағы елдімекен тұрғындары Есік өзенінің жағалауын тазартты.
“Мөлдір бұлақ” апталығында өңірдің су айдындарын қорғап, таза ұстауға көңіл бөлінеді. Алматы облысында 310 гидротехникалық нысан, оның ішінде 72 су қоймасы, 112 көл, 13 бөгет, 14 су жинау торабы мен 99 магистралды канал бар. Өңір тұрғындарының тіршілігіне нәр беріп, егістіктер мен елдімекендерді сумен қамтамасыз ететін – осы су арналары мен айдындары.
Апталықтың алғашқы күні-ақ облыстың барлық ауданында марафон, конкурс, флешмоб түрінде 50-ден астам сенбілік өткізілді. Акцияларға қатысушылар Ұзын Қарғалы, Талғар, Қарқара, Шарын, Қаскелең, Үлкен Алматы сияқты өзендердің жағалауларын тазалады.
Жалпы, “Таза Қазақстан” акциясы басталғаннан бері Алматы облысында ауқымды жұмыстар атқарылды. Өңірдің 500 мыңнан астам тұрғыны аумақтар мен аулаларды тазарту, тарихи-мәдени ескерткіштердің айналасын абаттандыру, ағаш егу, ағаш түптерін әктеу жұмыстарына қатысты. Ардагерлер мен қарттар үйлерінің аулаларын тазартып, тәртіпке келтіруге көмектесетін белсенді жастардан жасақтар құрылды.
“Мөлдір бұлақ” апталығының аясында облысымыздағы өзен-көлдер, каналдар, арықтар мен су сорғысы станцияларын қоқыстан тазартамыз. Біздің мақсатымыз – өңірдің су ресурстарын таза ұстап, ретке келтіру”, – деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.