Қазақстан әскері құрылғаннан бастап бүгінге дейін қарқынды даму жолынан өтті. Қазіргі әлемдегі күрделі геосаяси жағдайлар ел әскерін одан әрі дамыту ісінде жаңа талаптар мен қауіп-қатерлер мейлінше ескерілу керектігін аңғартты. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отан қорғаушылардың әлеуетін арттырып, олардың заманауи ұрыс тәсілдерін меңгеру қажеттігін жиі айтып келеді. Расында әскери күштеріміз егемен еліміздің қорғаны. Сол үшін де әскери борышқа адалдық танытқан әрбір жауынгедің сап түзеген сәтіндегі сансыз ерлігі мен өнегелі ісін дәріптеудің маңызы зор. Отан алдындағы серттеріне аса үлкен жауапкершілікпен қарап, ел сеніп артқан міндеттерін ұмытпаған әрбір ұландық сарбаз бен әскери қызметшінің еңбегі елеулі. Сондай офицердің бірі подполковник, II дәрежелі «Айбын» орденінің иегері – Жандос Көлбаев.
Жандос Жамалұлы Көлбаев 1980 жылы 24 маусымда қазіргі Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Қапланбек ауылында дүниеге келген. Жандос Жамалұлы 1998 жылы Алматы қаласындағы Шекара институтының Ішкі әскер факультетіне командалық-тактикалық мамандығы бойынша оқуға түсіп, аталған институтты 2002 жылы бітіріп шығады. Оның әскери адам болғанын анасы қатты қалаған екен.
Подполковник Ж. Көлбаев 2002 жылы жоғарыда аталған Шекара институтын бітіргеннен кейін, Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласындағы Жоғары Әскери училищесіне (қазіргі Ұлттық ұлан Академиясына) взвод командирі лауазымына жолдамамен келеді. Осылайша Жандос Жамалұлының әскердегі өмірлік жолы басталады. Ол Астана қаласындағы Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында аға офицер лауазымынан бастап, Алматы қаласындағы 5572 әскери бөлімінде, Қарағанды қаласындағы 5451 әскери бөлімдерінде де өз міндетін адал атқарған офицер. 2015 жылы Мәскеу қаласындағы Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Әскери академиясына түсіп, оны 2017 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Ол кейінгі жылдары Еңбекшіқазақ ауданының Қаракемер ауылында орналасқан 6654 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін атқарады.
Жандос Жамалұлы қызмет барысында қарамағындағы әскери қызметшілердің ойымен санасып, жеке құраммен тығыз байланыста жұмыс атқаратынын тілге тиек етті.
– Командирлер мен жеке құрам алдында өзіңе деген сенімің мықты болуы керек, әр кезде әскери қызметшілердің отбасылық жағдайымен таныс болып, оларға қиын сәтте әрқашан қолдау көрсету қажет. Шынайылық, жоғары адамгершілік, қандай жағдайда да кез келген адамға қолұшын беріп, көмек көрсету – менің өмірлік ұстанымым, – дейді ол.
Әскери қызмет демекші, кейінгі жылдары Отан алдындағы борышын өтеуден жалтаратындардың қатары көбейгенін білеміз. Ал подполковник Жандос Көлбаев жас ұрпақтың бойына патриоттық рух дәнін сеуіп, адамгершілік мұраты биік азамат етіп тәрбиелеу бағытында мектептерде ашылған «Жас сарбаз» ұйымының кеңінен қанат жаюына зор үлес қосты. Айталық, 6654 әскери бөлім мен М. Ломоносов атындағы және Бөлек батыр атындағы орта мектептер арасындағы ортақ келісім негізінде әскери-патриоттық орталықтар құрылды. Олардың арасында М. Ломоносов атындағы орта мектептің «Жас бүркіт» әскери-патриоттық сыныбы 2023 жылы облыстық және аудандық «Алау» әскери-спорттық жарыстарында үздік атанды. Бұл жетістікті де подполковник Жандос Көлбаевты елеулі еңбегінің жемісі деп қарауға болады.
– Меніңше, әр азамат, әр еркек кіндікті Отанын қорғауға әркез дайын болуы керек. Осы орайда бозбалалардың, жас ұрпақтың әскерге деген қызығушылығын арттыру мақсатында аудан мектептерімен үнемі бірлескен жұмыстар жүргізіп, әскери бөлімге экскурсия жасап, түрлі жарыстар ұйымдастырып отырамыз. Балаларды әскери өмірмен таныстырамыз. Оларға әскери оқу-жаттығулардың үлгісін көрсетеміз. Жасөспірімдермен сұхбаттасып, әрбір ер азамат әскер қатарына қосылып, Отан алдындағы борышын өтеуі керектігін, еліміздің Туын қалай құрметтеу қажеттігін барынша түсіндіреміз. Мысалы, менің қазір әскери қызметте жүруіме бала күнімде ағамның әскерден келгендегі бет-бейнесі мен мінез-құлқы әсер етті. Ауыл мектебінің артында топ болып үйілген балаларға ағам белтемірге қалай тартылу керек екенін көрсеткенде бәріміздің аузымыз ашылып қалды. Ағам шыңдалған, шымыр денелі, қозғалысы ширақ, шаршауды білмейтіндей көрінді. Мен сонда «Әскер деген осындай күшті болады екен ғой. Мен де сарбаз боламын» деп шештім. Айтпағым, мектеп жасындағы бала еліктегіш келеді. Оған не нәрсе сәл әсер етсе, жас шыбықтай соған қарай иіле кетеді. Сондықтан мектеп жасындағы балалармен жұмыс істеудің орны бөлек, – дейді Жандос Жамалұлы.
2022 жылы подполковник Жандос Көлбаев Қаңтар оқиғасы кезінде міндетін адал атқарып, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Ол басы бейбіт басталған шерудің соңы қақтығысқа ұласқанын, сол кезде сарабаздардың өміріне қауіп төнгенін жасырмады.
– Бірде бұзақылардың үлкен легі бізге қарсы келді. Олар сарбаздарды соққыға жыға бастады. Мен алға шығып, сарбазды өзіміздің арамызға алғым келді. Себебі сарбазды қарсыластың қолында қалдыруға болмайды. Сарбаздарды арашалап, ортамызға алғым келген кезде, бұзақылар мені соққыға жыға бастады, мен де барынша қарсыласып жатырмын, бірақ олардың көптігі сонша, соққылары бірінен кейін бірі тиіп жатты. Есімді бірде жинап, бірде жоғалттым. Қандай қиындық болса да сарбаздар өмірін қорғауға күш салдым, – дейді Жандос Көлбаев. Оның мұндай әрекетін Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы жоғары бағалап, марапатқа лайық деп таныды.
«Әрбір жетістікке жеткен ер адамның артында ақылды әйел тұрады» дегендей, Жандос Жамалұлының отбасының түтінін түзу жағып, келген қонақтарын тамағымен емес, қабағымен қарсы алатын адал жары Салтанат Нәбиқызының да еңбегі зор. Әскери адам күні-түні елі үшін қызмет атқаратын болса, оның отбасындағы жағдайын жасап отыратын да – әйел. Офицердің жары – Салтанат Нәбиқызы да 6654 әскери бөлімінің саптық бөлімінде аға маман лауазымында қызмет атқарады. Жандос Жамалұлымен Петропавл қаласында қызмет етіп жүргенде танысып, өмірге бірге қол ұстасып, отау құрғандарына 12 жылдан астам уақыт өткен. Олар екі қыз бен бір ұл бала тәрбиелеп отырған бақытты жанұя.
Күні кеше ғана Жандос Көлбаев құрлық әскерлерінің құрамына кіретін «Батыс» өңірлік қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бас басқармасының бастығы лауазымына тағайындалды. 6654 әскери бөлімі командирлері подполковник Жандос Көлбаевтің өз міндетін аса жауапкершілікпен адал атқарғандығын айтып алғыс білдірді.Ал Әскери бөлімі ардагерлері Жандос Жамалұлының жастарға бағытталған әскери –патриоттық тәрбие жұмысына айырықша мән бергендігін алқап, офицерге ағынан жарылып ақ бата беріп жатты. Жауынгер серіктері сап түзеп, подполковниктің өмір жолына сәт-сапар тілеп, салтанатпен шығарып салды.
– 6654 әскери бөлімінің командирі мен басшылығына үлкен алғысымды білдіремін. Бұл құрмет – мен үшін тағы да қажырлы қайрат пен зор сенім, күш сыйлады десем артық айтқаным емес. Отаным үшін, ел үшін әрқашан қасық қаным қалғанша еңбек етіп, антыма адалдық танытамын деп уәде беремін. Кез келген міндет мен үшін абырой және жауапкершілікті жүктейді. 6654 әскери бөлімі менің жүрегімнен терең орын алады, – деді Жандос Жамалұлы.
«Көргені жақсы көш бастайды» дегендей, сан қатердің алдын бөгеп, еліне азаматтық борышын өтеп етіп келе жатқан Жандос Жамалұлының отбасына бақыт пен шаттық, еңбегіне жеміс тілейміз.
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы