Шекараның шебінде ел тыныштығын күзеткен азаматтар жүр. Олар кірпік қақпайды, көз ілмейді. Күн мен түн олар үшін маңызды емес. Әрбір сайдың саласы, әр өзеннің жағасы, жолдың қалтарысы мен бұлтарысы, таудың барлық аңғары, әр ағаштың жан-жағы, тастың қалқасы, шыңның жартасы, бәрі де олардың назарында. Қалт еткенді қапы жібермейді. Селт еткенді сескендіреді. Жан-жақтарын жіті бақылайды. Өз мойындарындағы зіл батпан жауапкершілікті сезінеді. Артында тәуелсіз Қазақстанның бейбіт тұрғындары тұрғанын жан жүректерімен ұғынады. Ұғынады да өздерінің қиындығы мол жұмыстарына бойұсынады. Ел тыныштығын сақтап, мемлекетіміздің шекарасын күзетіп тұрған әр азаматтың осындай өлшеусіз еңбегі мақтауға тұрады.
Сәрсенбеков Тағай Қалдыбекұлы Түркістан облысы Келес ауданы, Абай ауылында 1993 жылы 31 наурызда дүниеге келген. Балалық арманы – әскери адам болу. Анасы медицина саласында еңбек етті. Үш баланы өсіріп, жеткізген анасы Тағайдың бұл арманына шектеу қоя алмады. 9 сыныпты тамамдаған соң Алматы қаласына келіп, заңгер мамандығы бойынша колледжге түседі. 2-3 курстарда жүргенде Әуезов ауданы бойынша полиция бөлімшесінде полицияның қоғамдық көмекшісі болып жүреді. Полиция қызметінің қызығы мен шыжығын көреді. Сөйтіп жүргенде шекара қызметінің әскерилерін көріп, көңілі сол салаға қарай тартады. Олардың өмірлерінен қанық болады. Шекара қызметі туралы іздеп, оқып, зерделей бастайды. Ақыры 2013 жылы колледжді аяқтаған соң ҚР ҰҚК шекара қызметі Академиясына оқуға түседі. 4 жыл білім алады. Білім алып қана қоймай, шекара қызметінің қыр-сырын ұғынады. «Курсант кезде бізді әбден пісірді. Қиындықтарды көрсетті. Аштыққа да үйретті. Шекараның шебі сен еркелеп жүретін ата-ананың қасы емес, жора-жолдасыңның жаны емес. Ол жерде отбасы деген ұғым екінші кезекте тұруы қажеттігін санамызға сіңірді», – деп капитан Тағай Қалдыбекұлы академиядағы кезді еске алды бізбен әңгімесінде.
Академияны бітірген соң Үшаралдағы 2484 әскери бөліміне жіберіледі. Содан бері зулаған 7 жыл артта қалыды. Сол 7 жылда 7 әскери бөлімде қызмет атқарып үлгерген Тағай Сәрсенбеков қиындығы мен қызығы да қатар жүретін шекарадағы өмір туралы кеңінен әңгімелеп берді. Үшаралада жүрген кезінде қыста 1,5-2 метрге дейін қар жауып, орталықпен қатынас жасай алмай, тек тікұшақпен ғана қал-жағдай сұрасуға мүмкіндік болғанын, келіншегінің сырқаттанып, шалғай шекарадан тікұшақпен медицина мекемесіне жеткізгенін қиындықтың бір ғана бөлшегі деп таниды. «Ең қиынын анаңның сенің айдалада жүргеніңді көргенде көңілінің босауы екен. Әрине, ана болған соң кім болса да баласы үшін күйеді емес пе? Қиналғаныңды көрсетпеуге тырысасың. Бірақ ананың жүрегі бәрін сезеді. Бірақ мен осы жолға өзім армандап жеттім. Сондықтан анам менің әр ісімнің қолдаушысы. Отбасыңды, достарыңды кейінгі кезекке қойып, Отан қорғау басты борыш болғандықтан біз қиындыққа төзуге тиіспіз», – деп ағынан жарылды Тағай Сәрсенбеков.
Иә, ел басына күн туғанда алдыңғы шепте жүретін шекара қызметі мамандарының біз біле бермейтін, көре алмайтын, тіпті сезбейтін қиындықтары бар. Олар қай күні, қай сағатта болса да барлық жағдайға дайын тұруы қажет. Капитан Сәрсенбеков 2019 жылы Ақтөбедегі әскери бөлімде жарылыс болғанда да, 2022 жылғы қаңтар оқиғасында да күшейтілген режимде шақырту алып, аттанғанын айтады. Әсіресе қаңтар оқиғасы кезінде демалыста жатқанында үйінен дереу аттанған сәті әлі есінде. Ертеңгі күнінің қалай болатынын, оқиғаның немен аяқталарынан ешкім хабарсыз, бәрі үрей құшағында жүргенде анасының жанынан кеткен сәтте бір ауыз қоштасуға ғана шамасы келген. Тек оқиға аяқталып, бәрі қалыпқа келгенде ғана анасына хабарласуға мүмкіндік туған. Міне, осындай сын сағаттарда сынбауға әскери өмір әбден шыңдаған азамат кез келген сәтте ел қорғауға, жерін қорғауға, кешегі батырлар ат тұяғымен дүбірлетіп, жауға қырғидай тиіп, аман алып қалған бабалар ерлігін естен шығармай, олар аманаттаған жерді қорғап, болашақ ұрпаққа аманат етуді өзінің қасиетті борышы санайды. Әрі осы жолда тер төгіп жүргенімен мақтанады. Кешегі Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен батыр Бауыржанның әр сөзін, әр ісін өзіне үлгі тұтады екен. Ол кісі туралы көптеген еңбектерді оқып, батырдың жазып қалдырған дүниелерін жадында ұстайтынын да жасырмады. Курсант кезінде өзі тәрбие алған шекара қызметі академиясында тәлім беретін подполковник Бердіқұлов Қанат Бірімқұлұлының біліммен қатар тәрбие берудегі озық тәжірибесін ерекше атап өтті. «Күн тәртібіміз бойынша 6:30-да тұруымыз қажет. Бірақ бізді подполковник Бердіқұлов таңғы 5-тен шынықтыратын. Таңғы ұйқы берекені алып қоятынын үнемі айтатын. Сондай-ақ ата-аналарыңның жүзін жерге қаратпаңдар дегенді де жиі қайталайтын. Қателігіміз болса жазалауға асықпай, кешіріммен қарап, санамызға сол қателікті қайта жасамайтындай сөздермен сіңіретін. Мен үшін ол кісі тарихи тұлға. Алған өнегем мен түйген ойларым көп. Қай кезде болса да мысалмен түсіндіріп, әбден әскери өмірге төселуге ықпал еткен бірден-бір жан подполковник Бірімқұлұлы», – деп ұстазы туралы ойын жеткізді. Жаңадан қызметке 2484 әскери бөліміне барғанда да әскери бөлім комендирі подполковник Досов Сәкен Сманұлының жұмыс істеу тәсілі жеке құрамға да, сарбаздарға да үлкен үлгі болғанын айтты. Қоластындағы мамандар үшін маңдайын жерге қойып, олар үшін бар жағдйды жасайтын атпал азамат екенін сөз етті. Міне, осындай тұлғалардан тәлім мен тәрбиені қатар алып, шекара қызметінде төселген Тағай Сәрсенбеков бүгінде Алматы облысы Ұйғыр ауданы Қалжат ауылынан 25 шықырым жерде орналасқан «Жазық» шекара бөлімшесінде 4 жылдан бері бастық. Басшы болу басқарып қана отыру емес екенін жақсы түсінеді Тағай. Ол әдеттегіден бірнеше есе жауапкершілігі ауыр іс екенін жүрегімен сезінеді. Арман-мақсаты – Отан қорғау, елге қызмет ету, генерал болу. Жеті жыл ішінде тауда да, құмда да, жазық далада да болды. Мойымады, қайта өз ісіне деген сүйіспеншілігі артты. Отан қорғаудан асқан бақыттың жоқтығына көзі жетті. 2019 жылы шекара шебінде Қытай халық республикасының азаматшасын ұстады. Бұғының мүйізін теріп жүрген екен. Қаскелеңде қырғыз азаматын елімізден мал ұрлап бара жатқан жерінде тұтқындады. Мемлекетке 2 млн 900 мың айыппұл төлетіп, пайда келтірді. 2015 жылы Астана қаласында өткен әскери парадта әскери ұжымдар арасында оның ұжымы жеңімпаз атанды. Бүгінде №1 дәрежелі шекара қызметінің үздігі атанған. Ол да – жастығына қарамай еткен еңбегінің жемісі.
Біреудің емес, білімінің, білігінің арқасында ғана жетістікке жетіп, өз саласында ойып орнын қалдырып, келешекте ұрпағы мақтан тұтатын жан болуды мақсат еткен капитан Тағай Сәрсенбековтың әлі талай табысқа жететініне сендік. Айтқан әңгімесі, түйген ойы оның нағыз шекарашы екендігін дәлелдеді. Қоғаммен бірге адам өзгеріп, ер-азаматтар Отан қорғаудан қашып жатқанда Тағай сынды азаматтардың болғанының өзі дертке дауадай. Сондықтан Тағайдың талай жеңісіне куә боларымыз анық. Өйткені ол – Отан қорғаушы.
Анар Дүйсенбайқызы