Ақындар мен батырлар елінің бүгінгі әскери өмірінің бір мезетін баяндайық. Жамбыл ауданының азаматтары Отан алдындағы борышын атқаруға ел қатарлы көктем мен күз айларында әскерге аттанады. Мұнда бірнеше әскери бөлім орналасқан. Жастар отансүйгіштік рухта тәрбиеленіп жатыр.
Қазір көктемгі әскерге шақырту науқаны ойдағыдай өтуде. Бұл кезеңде Отан алдындағы борышын өтеуге 256 азаматты жіберу көзделген болса, бүгінде соның 138-і бір жылдық мерзімді әскери қызметін атқаруға еліміздің әр өңіріне аттанып кетті. Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің басшысы, майор Эрнест Жанболатовтың айтуынша, жасы 18-ге толған азаматтарды әскерге жіберу тапсырмасы кейінгі жылдары тиісті деңгейде атқарылып келеді. Биыл да жоспар толық орындаларына сенім мол. Әскерге ауданнан аттанғандар Қорғаныс министрлігіне қарасты әртүрлі әскери құрылымдарға, мемлекеттік күзет, шекара қызметтеріне қабылданды. Атай кетсек, бұлар Астана қаласы, Алматы, Семей, Абай, Түркістан облыстарында орналасқан әскери бөлімдердің жеке құрамының қатарын толықтырды. Жамбылдық ұландар осылайша республиканың әр аймағындағы күштік құрылымдарда қызметтерін бастап кетті.
Қорғаныс істері бөлімі сонымен қатар мамандық таңдауда осы саланы қалаған жастар үшін де қызмет көрсетеді. Биылға әртүрлі әскери оқу орындарына түсуге ауданға 30 орын ұсынылған. Қазір соған 32 адам емтихан тапсыруға дайын. Әскери оқу орындарына баруға тағы ниет білдіретіндер болса, құжаттарын дайындап, әлі де жіберуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ елімізде жоғары оқу орындарын бітірген запастағы офицерлер де 2 жылға қызметке шақыртылып жатыр. Ауданнан оған 6 адам алу жоспарланса, соның 3-еуі Қазақстанның түпкір-түпкіріне жөнелтілді. Жалпы әскерге кеткендердің денсаулықтарына арыз-шағымдары жоқ. Оларды осында көбінесе ата-аналары өздері ертіп әкелетінін айтады уәкілетті органдағылар.
Аудан әкімінің орынбасары, әрі әскерге шақырту комиссиясының төрағасы Ақниет Туматаевтың айтуынша, бұл жұмыс аудан және ауыл әкімдіктерімен тығыз байланыста бірлесе атқарылады. Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің әскерге шақыртуға жауапты 2-ші бөлімшесінің жұмысы толықтай аудандық әкімдіктің қаржыландыруында.
– Тепсе темір үзетін, дені сау 18-27 жас аралығындағы жігіттер Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Әскерге бар¬ған жастарды ынталандыру жөніндегі Президент тапсырмасынан кейін бірқатар жеңілдік қарас¬¬тырылды. Қазір әскери қы第¬мет¬¬шілерге қарызын өтеуге кредиттік каникул, жоғары оқу орындарына түсуге грант беріледі. Жастардың Отан қорғауға деген ынтасын арттырып, патриоттық тәрбие беру жұмыстары мектеп қабырғасынан бастап жүргізіледі, – дейді Ақниет Тұрысбекұлы.
Бұл мақсатта мектептерде алғашқы әскери дайындық сыныптары жабдықталған. Онда даңқ бұрышы, шағын мұражай, ескерткіш-тақта сияқты оқушылардың патриоттық сезімдерін оятатын орындар ұйымдастырылған. Былтыр Жамбыл ауылындағы орта мектебінде генерал-майор Ілияс Халықов атындағы бұрыш ашылды. Абай, Жамбыл атындағы және Қарғалы, Беріктас ауылдарындағы әскери дайындық сыныбы мұғалімдерінің жұмыстары өзгелерге үлгі боларлық. 18 мектепте «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубы бар. Олар қазір алда болатын республикалық «Айбын» әскери-патриоттық ойындарына Қонаев қаласында облыстық іріктеуде өнер көрсетуде.
Аудан аумағында Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты «Қарғалы», «Жамбыл», «Қастек батыр» атты 3 шекара заставасы бар. Ғимараттары заманауи үлгіде салынып, тиісінше жабдықталған. Онда еліміздің әр өңірінен келген жастар мерзімді және келісімшарт негізінде әскери борыштарын атқарады. Заставаның негізгі мақсаты – қазақ-қырғыз арасындағы шекараны бақылау. Таулы аймақтың тыныштығын күзеткен сақшылардың қырағылық танытуының арқасында 2022 жылдың қысында контрабанданың жолы кесілді. Ұрымтал тұспен 203 бас іріқараны тау асырмақ болып айдаған барымташыларды сарбаздар қолға түсіріп, тиісті заң орындарына тапсырған.
Ұзынағаш ауылында Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Кеңес Одағының батыры Б.Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлім орналасқан. Подполковник Бағлан Кенбейловтің басшылығындағы бөлім лайлы ағын, су басу, өрт, жер сілкінісі, қар басу сияқты түрлі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жұмыстарын атқарып келеді. Бүгінде «бауыржаншылар» атанып кеткен хас жауынгерлер білектілігімен қатар жүректілігімен де халықтың сеніміне кіріп, айтып келмейтін апаттың алдын алуда қорғанына айналды. Мұнда жастар үшін ашық есік күндері жүйелі өтеді.
Серік Сатыбалдиев,
Жамбыл ауданы