Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің сапына алынып, әскери өмірдің әліппесімен танысуға кіріскен жас сарбаздар үшін ерекше оқиға болды. Өйткені ҰҚК Алматы облысы бойынша департаментіне қарасты Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасы техникалық және кәсіби даярлық бөлімінің 600- дей сарбазы Отанына адал қызмет атқаруға салтанатты жағдайда ант берді.
Салтанатты рәсімге ҰҚК облыс бойынша департамент бастығы, полковник Әлібек Каюпов бастаған қонақтар, Шекара қызметінің ардақты ардагерлері мен салтанатты сап түзеген сарбаздардың ата-ана, туыстары қатысты. Жас сарбаздардың бір-ақ рет болатын осынау маңызды сәтіне куә болған ата-ана, бауыр, құрбы-достардың жүзіндегі ерекше толқынысты байқамау мүмкін емес еді. Әсіресе, немерелерін сағынып келген ата-әжелердің қуаныштарында шек жоқ. Саптық алаңға Жауынгерлік Ту шығарылған соң қалың жұртшылық тағатсыздана тосқан шара да басталды.
Айта кету керек, шекарашылар сапына көктем айының бас кезінде алынған сарбаздар мұнда өздерінің жауынгерлік даярлықтарын шыңдап қана қоймай, ел шебіне қажетті мамандықтар да алып шығатын болады. Бұл – аспаз, байланысшы және санитарлық нұсқаушы мамандықтары. Сондай-ақ Отан алдындағы борышын ел шебінде өтеуге дайындалып жатқан сарбаздарды алда зор мүмкіндік күтіп тұр. Атап айтар болсақ, әскери міндеттерін абыроймен өтеген мерзімді қызметтің жауынгерлері өздері қалаған отандық жоғары оқу орындарына тегін түсе алады. Бұған қоса, өзінің саналы ғұмырын ел шебімен байланыстырғысы келетіндер үшін еліміздегі және шетелдік жоғары әскери білім ұстаханаларының есігі айқара ашық. Сөзімізге дәлел, департамент бастығы Әлібек Каюпов осындай мүмкіндікті иеленген «Көктем – 2023» шақырылымының үш сарбазы Диас Хамзин, Мақсат Зада және Арсен Матқұрмановқа өздері таңдаған жоғары оқу орындарының сертификатын салтанатты түрде тапсырды.
Шекарашыларды ант қабылдауымен құттықтаған ҰҚК облыс бойынша департамент бастығы Ә.Каюпов жас толқынның алдағы қызметіне сәттілік тіледі. Әрі қарай сөз алған Алматы қаласы Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Мирас Нысанәлиев, шекарашы ардагерлердің «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы облысы бойынша филиалының төрағасы, запастағы полковник Д.Мамырханов, Наурызбай ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Кәрпенов «шекарашы» мамандығының ел тыныштығымен тікелей байланысты болғандықтан, қастерлі саналатынын айта келіп, берген анттарына адалдық танытатынына сенім білдірді. Сондайақ сапта тұрған сарбаздардың атынан мінберге көтерілген қос шекарашының бірі, қатардағы жауынгер Эмиль Мәліков жалынды сөз сөйледі. Рәсімді Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының арнаулы мақсаттағы ұтқыр іс-қимылдар тобының сайыпқырандары жалғастырды. Қалың жұртшылық арнайы жасақтың қоянқолтық ұрыс тәсілдерін тамашалады. Сондай-ақ күрделі жауынгерлік тапсырмаларды орындауға машықтанған әскери қызметшілер мемлекеттік шекара бұзушыны ұстаудың тәсілдерін көрсетті.
Шара соңында жас бишілер мен әншілер сарбаздар алдында тамаша өнер көрсетті. Салтанатты рәсімнің тағы бір ерекшелігі, атааналар ұлдарының мерзімді әскери қызметтерін өткерген соң еліміздегі жоғары оқу орындарының біріне грантқа үміткер бола алатынын білді. Мереке аяқталған соң сарбаздарға жақындарымен бірге Алматы аумағында алғашқы сейілге шығуға рұқсат берілді.
Тамара Дәулетбаева, ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі