Жалындаған жастық шақтары оқ пен оттың арасында ажалмен бетпе-бет келген майдангерлер мен ауылда еңбек көрігін қыздырып, Жеңісті жақындатуға үлестерін қосқан мылтықсыз майдан сарбаздары – аталарымыз бен апаларымыз, аға-тәтелеріміз қандай еді, шіркін!? Көріктей кеуделерінде орден-медальдары сыңғырлап, жүздерінен өздері негізін қалаған бейбіт заманның лебі есіп тұрушы еді. Өмірдің өлшем тасындай, ұрпақтарына мәңгілік қорғандай көрінуші еді-ау, асыл жандар! Сол бір ұрпаққа ұран болған қос майданның батырларын көзімізбен көрген біздер сағынамыз бүгінде. Солардың бірі – текестік Қалисынов Оразай қария еді.
Талайлы тағдыры, жалынды жастығы қанқұйлы соғысқа тура келген Оразай ата майданнан оралған соң, Алла бұйырған ендігі өмірінің бәрін елі мен жерінің өсіп-өркендеуіне, түлеп-түрленуіне, ауылдастарының әл-ауқатының артуына жұмсады. Шаруашылық жұмыстарының қайнаған ортасынан табылып, айналасындағыларды еселі еңбекке ұйыстырды. Ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар берді. Өмірінің соңына дейін ат үстінен түскен жоқ. Ол кісімен қатар ғұмыр кешкен ауылдастары сол ат үстіндегі қалпында естеріне алып, көздеріне елестетеді бүгінде. Балаларына аталарының өнегелі өмір жолдарын үлгі етіп айтып отырады.
Оразай Қалисынов 1916 жылы Тегістік ауылында кедей шаруаның отбасында өмір есігін ашқан сәт – қасиетті Ораза айының ақ тілекке оранған күндерінің бірі екен. Ата-анасы қастерлі күні ұрпақты болғандарын жақсылыққа жорып, нәрестенің есімін Оразай қойыпты. Оразай ес білгеннен 1920-30 жылдардағы алмағайып кезеңнің аумалы-төкпелі оқиғаларын көзімен көріп өсті. Ел басына төнген нәубет, байлардың мал-мүлкін тәркілеп, өздерін жер аудару, колхоздастыру барысындағы солақай саясат, ашаршылық, қуғын-сүргін сияқты қилы кезеңдер жас баланы ширатып, тез есейтті. Асау ағынға қарсы жүзуге үйретті. Бозбала шағынан колхоздың күнді түнге, түнді таңға ұластырған жұмысының бел ортасына табылды. Еңбектің қамытын киіп, арбасына шегілді. Осылайша отбасындағы күнкөрістің салмағын үлкендермен қатар көтерісті. 1937 жылы Түргендегі механизаторлар даярлайтын қысқа мерзімді курста оқып, тракторшы мамандығын алып шықты. Шынжыр табанды трактордың тізгініне қолы тиер-тимес жасы келіп, 1939 жылы Отан алдындағы әскери борышын өтеуге аттанды. Бұл кезде Кеңес Одағы мен Финляндия мемлекетінің арасында соғыс жүріп жатқанды. Оразайдың әскердегі тағдыры осы соғысқа тап келеді. Оның арты тұқиылдан басталған Ұлы Отан соғысына ұласады. Сталинград майданынан басталған ұрыс жорықтары Батыс Украина майданымен ұштасып, Германияның Кенинсберг қаласына дейінгі жолдарды жаяу жүріп өтіпті. Осы жорықтардың бәрінде аузынан ажал оты шашылған аждаһамен талай мәрте бетпе-бет кездесіпті. Кезекті бір ұрыста қарша бораған оқтың бірі басынан тиіп, ауыр жараланады. Қырық жыл қырғын болса да, ажалы жетпеген өлмейді. Мұның алда әлі де көресе күні, татар талқаны бар екен. Дала госпиталындағы күрделі отадан кейін, өмір дейтін ұлы теңізде қайта жүзуге ұмтылды. Өзі сұранып майдан өтіне қайта кірді. Жауда кеткен есесінің орнын толтыруға, шейіт кеткен қыршындардың кегін қайтаруға, артта қалған ел-жұртының үкілі үмітіне сызат түсірмеуге деген сезім жауынгер жігітті қайта рухтандырып, жігерін жаныды.
Оразай ата майдан жорығын Қиыр Шығыстағы Жапон соғысына жалғапты. Туған жердің дәм-тұзы тартып, елге 1946 жылы Ұлы Жеңістен бір жыл кейін оралған. Майдангердің бұдан кейінгі өмірі бейбіт заманды баянды етуге арналды. Өзінің о бастағы мамандығы бойынша Текестегі МТС-те трактор рөліне отырды. 1952 жылға дейін атағы дардай осы мекемеде еңбек майданының көрігін қыздырды. Еңбек десе ішкен асын жерге қоятын азаматтың қолынан іс келетініне көздері жеткен басшылар 1952 жылыТегістік колхозына меңгерушілігіне тағайындайды. Сенімге селкеу түсірмеуді мақсат еткен меңгеруші бұл міндетті де абыроймен орындады. Ферма еңбеккерлерін еңбекке жұмылдырып, белгіленген жоспарды еселеп орындауға үндеді. Мұның өзі соғыс салған ауыртпалықтан кейін еңсесін жаңа көтеріп келе жатқан шаруашылық үшін зор жеңіс болып бағаланды. Шаруашылықтар бір-біріне қосылып, іріленгенде 1960 жылы Текеске қоныс аударып, Карл Маркс атындағы колхозда бөлімше меңгерушісі, колхоз төрағасының орынбасары сияқты лауазымды қызметтер атқарды. Құрылыс шебері, ірі қара фермасының меңгерушісі болған тұстарда да сөз бен істің арасында алшақтық болмауын басты назарда ұстады. Өзі басшылық жасаған саладағы толайым табыстар мен жемісті жетістіктерді елімнің баянды бақыты, бейбіт заманның заңды жалғасы деп санады. Өзін осынау ұлағатты ұғымдардың басы-қасынан табылып, лайықты үлес қосқан бақытты жанның біріне балады. Ауылдастарына ақылшы аға, отбасында қара орданың отын маздатар орны бөлек отағасы бола білді. Еліне елеулі, халқына қалаулы қорымал қария атанды. Ұлағатты ұл-қыз өсіріп, өркенін өсірді, өрісін кеңейтті. Өкімет пен партия қандай жұмыс тапсырса да сенімге селкеу түсірмей, абыроймен атқарды. Мейірімділік, қайырымдылық, сүйіспеншілік, бауырмалдық сияқты адами құндылықтар бойынан молынан табылған майдангер еселі еңбегімен бейбіт өмірдің шырайын кіргізді. Майдан даласы мен еңбек даласындағы тындырымды істері орынды бағаланды. Кеудесінде «Ұлы Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Кенинсбергті алғаны үшін», «Жапонияны алғаны үшін», «Әскери қызметі үшін», «Еңбек ардагері», Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 20, 25, 30, 40 жылдығы мерекелік медальдары, Қарулы күштерге 50 жыл, 60 жыл толған, «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгілері жарқырады.Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасына ие болды. 1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдығына арналып Москвада Қызыл алаңда өткен Жеңіс парадына қатысып, зор құрметке бөленді. Осының бәрі де ардагер атаның ғұмырындағы елі мен Отанына сіңірген адал еңбегіне берілген лайықты баға. Өркенді өмірінің әр сағат, әр минутын тыныштықты, елі мен жерінің гүлдене беруін, бейбіт өмірдің баянды болуын тілеумен өткізген майдангер 1987 жылы өмірден озды.
Оразай Қалисыновтың есімін мекендестері ұмытқан жоқ. Ауыл ортасындағы Жеңіс тақтасына аты құрметпен жазылды. Ғибратқа толы ғұмыры туралы естеліктер Қ. Шорманов атындағы орта мектептің «Өлкетану» мұражайына қойылған. Текес ауылындағы бір көше майдангердің атында. Саналы да салиқалы ұрпақтары жыл сайынғы Жеңіс мейрамы күні майдангер аталарының есімін ұлықтап, еске алып отыруды дәстүрге айналдырып келеді.
Жұмабек Тұрдиев,
Райымбек ауданы