Жеңістің жалауын желбіреткен жанқиярлық ерлік ешқашан ұмытылмайды. 9 мамыр күні Еңбекшіқазақ ауданының жұрты да қан майданда қаза тапқан ержүрек жауынгерлер алдында тағзым етті.
Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған аудандағы ескерткіштерге халық гүл шоқтарын қойып, сұрапыл соғыста қаза тапқандарды үнсіз еске алды. Аудан әкімі Талғат Байеділов тұрғындарды Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, сөз сөйледі. Салтанатты рәсімнен кейін аудан активі Ұлы Отан соғысының ардагері мен тыл еңбеккерлерін үйлеріне арнайы құттықтап барды.
Ауданымыздан майданға алты мыңға жуық азамат аттанып, өкініштісі, олардың жартысынан көбіне туған жерден топырақ бұйырмапты. Еліне ерлік пен қайсарлықтың туын желбіретіп, аман оралған ауданымыздағы көзі тірі Ұлы Отан соғысының жалғыз ардагері – Жарықбасов Солтанбай ақсақал биыл 99 жаста. Ғасыр жасаған батыр ата елге бейбіт күн тілеп, батасын берді.
«Бәрі де майдан үшін!» деп, бел шешпей еңбек еткен тыл еңбеккерлерінің маңдай тері мен жанкештілігі де – жеңісті жақындатқан үлкен ерлік. Бүгінде ауданда 518 тыл еңбеккері бар. Аталған азаматтарға мереке қарсаңында «Ардагерлерге тағзым» акциясы аясында жергілікті әкімдіктер мен кәсіпкерлер бірлесіп, азық-түлік себеттері мен сый-сияпаттарын ұсынды. Мұндай игі істер кешегі күннің куәгерлеріне деген құрмет пен болашақ ұрпаққа берілген теңдессіз тәрбие екені сөзсіз. Сондықтан алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Отан үшін отқа түскен қаһармандардың биік тұлғаларын ардақ тұтып, есімдерін мәңгі жадымызда сақтау – әрқайсымыздың перзенттік парызымыз.
Құралай Мұратқызы,
Еңбекшіқазақ ауданы