Райымбек ауданындағы Сағат Әшімбаев атындағы орта мектепте ұлттық мұраны ұлықтау, аталы сөздің абыройын асқақтату мақсатында оқушылар арасында «Ділмар» шешендік өнер байқауы өткізілді. Аталған шараны республикалық «Ділмар» клубы мен Райымбек аудандық білімі бөлімі ұйымдастырды. Өнер сайысына аудан мектептерінен шешендік өнерге бейімі бар оқушылар қатысып, қарым-қабілеттерін ортаға салды.
Байқаудың беташары «Ұлтын сүйген ұрпақ» атты әдеби-сазды, рухани-танымдық кешпен басталды. Онда шешендік өнердің мәні мен маңызы, қадір-қасиеті жайлы әсерлі әңгіме өрбіді.«Ділмар» шешендік сөз өнерін дамыту клубының президенті, ұлық өнерді дәріптеуші Жарқын Сәлен, ұлағатты ұстаз, тіл жанашыры, ақын, Талғар ауданындағы тіл оқыту орталығының басшысы Камнұр Тәлімұлы, филология ғылымдарының кандидаты Береке Дәулетқанқызы, Алматыдағы республикалық «Дарынды балалар мектебінің» мамандары Қизат Тілеуберді, Жақсылық Орынбасар сөз өнеріне қатысты ойларымен бөлісті.
Шараның ашылу салтанатында Райымбек аудандық білім бөлімінің басшысы Саят Үмбетәлиев пен Жамбыл ауылдық округінің әкімі Роман Қойлыбаев, С. Әшімбаев атындағы орта мектептің директоры Жақсылық Үсенов осынау ұлттық рухани мұраны дәріптеуге негізделген бастаманың тәрбиелік маңызы зор екеніне айрықша тоқталды. Жас буынды тіл өнеріне баулудың құндылығын тілге тиек етті. Игі істің қасиетті Тәңіртау етегінде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырғанына ризашылық білдірді.«Ділмар» шешендік сөз өнері клубының жетекшілеріне, бастамашыл топ мүшелері мен қолдау көрсетіп, демеушілік танытқан азаматтарға ықыласқа толы алғыстарын жеткізді. Талаптың тұлпарын мініп келген шәкірттерге жарыс жолында сәттілік тіледі.
Байқаудың негізгі ұйымдастырушысы Жарқын Сәленнің айтуынша, «Ділмар» клубының құрылып, жұмыс істегеніне 5 жылдың жүзі болыпты. Осы күнге дейін республиканың бірнеше өңірінде мектеп оқушылары мен студенттер арасында түрлі деңгейде жарыстар ұйымдастырған. Қазір аталған клубтан дәріс алған шәкірттердің алды ұстаздық дәрежеге жеткен. Тіпті Әли Мұқтар атты 10-сынып оқушысы Семей жерінде «Аягөз» атты ділмар үйірмесін ашса, 11-сынып оқушысы Ақерке Ерболатқызы шешендік өнерді дәріптейтін мультфильм түсірген көрінеді. Тағы бір айрықша айтар жайт, ауданда тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған шараға Жамбыл ауылының тумасы, Олжас Тұрсынқожа дейтін кәсіпкердің демеушілік жасағаны. Шаруасы шалқып, ісі ілгері басқан азаматтың руханиятқа қолдау көрсетуі құптарлық-ақ!
Бұл күні шешендік өнер сайысына ауданның 16 мектебінен іріктелген 16 оқушы қатысты. Олар екі-екіден сегіз жұпқа бөлініп, 4 кезеңнен тұратын жекпе-жек түріндегі сөз додасында бақ сынады. Өрнекті өнер сайысына тіл жанашырлары, әдебиет пен өнердің майталмандары, осы саланың дамуына тер төгіп жүрген ғалымдар қазылық жасады. Әр жұп кезегі келгенде өздеріне бұйырған билеттегі Абайдың қара сөздерінен, Мұқағали ақынның өлеңдерінен берілген, бүгінгі уақыт талабына қатысты келтірілген сұрақтарға өзіндік көзқарастарын көркем ой, кестелі тілмен жеткізуге, себеп-салдарын шешендік сөз өнерімен дәлелдеуге шамасы жеткенше талпынды. Мәселен, «Уақыттың қадірін білеміз бе?» деген сұраққа екі жұптың бірі «білеміз» деп жауап беріп, оның мәнін барынша ашып көрсетуге тырысса, «білмейміз» деген қарсыласы да өз пікірін нақтылыққа сүйене дәлелдеп шығуға ұмтылды. Бір-біріне сұрақтар қоюда да мәні зор, мағынасы терең сөздерді қолдануды басты нысана етіп ұстанды. Әр сұрақтың жауабы белгіленген уақыт бойынша бағаланды. Сахна мәдениеті, ұлттық киім үлгілері, шешендік ұлағаттарды қолдануы, оймақтай ойды тобықтай түйінмен қорытындылай білуі де қазылар назарынан қағыс қалған жоқ.
Осы орайда мына бір мәселені айтпай кетуге болмайды. «Ділмар» байқауы өтетіні білім ошақтарына уақытынан бір-екі ай бұрын хабарланған. Шараның мақсаты, қатысушыға қойылатын талап, өткізілу тәртібі алдын-ала жіберілген. Бірақ кейбір мектептер бұл мәселеге атүсті қарағаны шара барысында анық байқалды. Өйткені талапкердің көпшілігі үмітті ақтай алмады. Мұның басты себебі, шешендік сөз өнеріне қатысатын шәкіртті анықтауға, қарым-қабілетін жетілдіруге жетекші тарапынан жете мән берілмегендігі. Басшылық тарапынан дұрыс талап қойылмағандығы деп білген жөн. Осыдан келіп, ұстаздардың ұлттық мұраны ұлықтауға құлықсыздық танытқанын, жүрдім-бардым қарап, әйтеуір қатысса болды деген түсінік қалыптастырғанын байқау қиын емес. Ал оның жас буынға кері әсерін тигізетіні айтпаса да түсінікті. Әкелген оқушысы жүзден жүйрік шықпаса да оңды нәтиже көрсетіп, мерейленіп қайтса, оның несі жаман?! Тағы бір жайт, осы байқауға қатысқан 16 оқушының 15-і қыз бала да, біреуі ғана ұл екендігі. Бұрынғы өткен би-шешендердің, сөз зергерлерінің көбінесе ер адамдар болып келгенін ескерсек, шешендік өнердің бұдан кейінгі тағдыры бұлыңғыр екені күмәнсіз.
Байқау қорытындысы бойынша жүзден жүйрік шыққан С. Әшімбаев атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Айерке Мақсатқызы бас жүлдені еншіледі. Көксай орта мектебінің 11-сынып оқушысы Нұрай Жақыпбекова бірінші орын иегері деп танылды. А.А. Барманбекұлы атындағы орта мектеп-гимназиясының оқушысы Балнұр Әлімханқызы жүлделі екінші орыннан көрінді. Жәмеңке орта мектебінің оқушысы Рамазан Зиядос үшінші орынды еншіледі. Жарысқа қатысып, бақтары мен, баптарынан сынасқан басқа талапкерлер де сыйлықтан қағыс қалған жоқ. Бәріне ақшалай сыйлық пен «Ділмар» клубының Алғыс хаттары тапсырылды.
Байқаудың өнебойы әсем ән-бимен ажарланып, күмбірлеген күймен көмкерілді. Республикалық «Абай» мектебінің 10-сынып оқушысы, «Ділмар» клубының мүшесі Елсияр Бижанұлы жырдан шашу шашты. Сержан Тұрлыбек, Аманбек Әуелбекұлы секілді өнерлі қонақтар әуелете ән салса, Жақсылық Орынбасар домбыра шанағынан күмбірлете күй төгіп, көңілді көкке самғатты. Ақниет, Еркеназ, Елдана, Ұлпан, Бақдәулет, Меруерт, Альбина, Нұрай сияқты мектеп оқушылары орындаған әсем ән мен мың көркем би көрерменді тәнті етті.
Жұмабек Тұрдиев,
Райымбек ауданы