Аудан орталығынан шалғайдағы Үңгіртас ауылдық округі төрт елдімекеннен тұрады. Бәрі де үлкен жолдан жырақта, әрқайсына қалтарыс-бұрылыспен баратындықтан, жол-жөнекей соға салатындай емес, орналасуы былайғы жұртқа елеусіздеу. Қоңыр тірлік кешіп жатқан тұрғындары қоғамдық істерге белсенді. «Алма піс, аузыма түс» дегенге жоқ, көптің игілігі үшін жұдырықтай жұмыла біледі.
Мұнда аға ұрпақ қалыптастырған дәстүр бар. Еңбегімен елге сыйлы ардақтылар шыққан Үңгіртаста солардың көзін көргендер қазір өскелең ұрпаққа өздері үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Мәселен, округ бойынша құрылған аналар кеңесі ұрпақтар сабақтастығының алтын жібін үзбеуге мейлінше атсалысуда. Ақ жаулықты аналар қандай да елдік істерден әсте қалыс қалмай, тұрғындарды ұйымдастырып, алғашқы болып үн қатады. Көктемде су басқан облыстардағы ағайынға көмек қолын созғандардың алдыңғы қатарынан көріне білген еді. Енді Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясында да белсенділік танытуда. Осы орайда аналардың ұйытқысымен жуырда бір игілікті іс болды.
«Еңбегімен ер сыйлы, өнбегімен жер сыйлы» демекші, өткен ғасырда елдімекенді еңбегімен көркейткендердің бірі Шайқыслам Мусинді үңгіртастықтар еш ұмытпайды. Оның салған ізгілік жолы кейінгіге үлгі. Ауыл шаруашылығының білгір маманы ретіндегі еңбегі әлі күнге дейін ауылдастарының аузында жүр. Құрмет пен абыройға бөленген Шайқыслам Мусинге 1966 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілген. Сол кездегі алақандай ауыл өркендеп өсіп, халық саны артты. Қазір аудан көлемінде өзіндік әлеуетке ие. Шайқыслам ата мен Қатира апай көргенді ұл-қыз тәрбиелеп өсірді.
Өнегелі әулеттің бүгінгі қай ұрпағы болсын өздері өсіп-өнген ауылға бүйрегі бұрып тұрады. Жуырда Мусиндер әулеті Үңгіртасқа ағаш пен раушан гүлдерінің көшеттерін алып келді. Ауыл азаматтары сенбілікке біркісідей шығып, оны мәдениет үйінің айналасына отырғызды. «Тектіден текті туар, ата жолын қуар» деген осы болар. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген. Бүгінде қара шаңырақтың иесі Бейбітжан Мусин әке жолын жалғастырып, ауылда егін егіп, мал өсірумен айналысады. Ержан Шайқысламұлы да алыста жүрсе де туған ауылына қолдау көрсетуден тартынбайды.
Аналардың бастамасымен өткізілген көгалдандыру шарасына жастар мен ардагерлер де қатысты. Құдайберген Қанапиев, Кәрімбек Әнуар, Фарида Жақсыбаева, Игенбай Журжанов, Жанна Жексенбаева, Тұматай Орынхан, Асанқұл Аслан сияқты тұрғындар ортақ істе белсенділік танытты. Үңгіртас ауылдық округінің әкімі Дәурен Әбдуәлиевтің айтуынша, елдімекен елмен бірге жаңарып, өркендеп келеді. Аумақты тазарту мен көгалдандыру науқаны округке қарасты Сарыбастау, Көкқайнар, Ақдала ауылдарында да ұйымшылдықпен өтіп жатыр. Бұл істен қоғамдық ұйымдар да сырт қалмауда. Әсіресе аналар кеңесі белсенді жұмыс жүргізеді.
«Ауылымызда тазалық, көгалдандыру жұмысы жоғары деңгейде өтуде. Болашақ ұрпаққа мұра болар игілікті іс-шараның ортасында жүргенім үшін өзімді бақытты сезінемін. Мусиндер әулетіне алғысым шексіз, ұсынысымды бір ауыз сөзге келместен қолдап әкетті. Бұл істің ұрпаққа берер тәлімі мен тәрбиесі мол. Шайқыслам атаның ұрпақтары шығарған «Әкем» атты естелік кітабы қолыма тиіп еді. Жастарға берер өнегесі мол екен», дейді Үңгіртас ауылдық округі аналар кеңесінің төрағасы Күлшар Асылбекова.
Серік Сатыбалдиев,
Жамбыл ауданы