Кереге таулы Кеген өңірі шекаралық аймағында, яғни Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында «Қарқара-Кеген» өткізу бекеті бар. Мұнымен қоса, өңірде «Қарқара», «Рабат» және «Саты» шекара бекеттерін айта кеткен жөн. Мұндағы қырағы көзді шекарашылар ел тыныштығын күзетіп тұр. «Қарқара» өткізу бекетінен жолаушылар, көлік, тауар және жануарларды өткізеді. Бекет Ыстықкөл облысының Түп ауданында орналасқан. Мерекеге орай, аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, оның орынбасарлары және әкімшілік мамандары аталған шекара бекеттерінде болып қайтты.
7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай, аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев «Қарқара-Кеген» өткізу бекетіне арнайы ат басын бұрды. Аудан басшысы нағыз ерге тән ауыр мамандықты таңдап, елдің тыныштығын күзеткен шекара шебіндегі азаматтарды мерекелерімен құттықтап, ерлік ешқашан ұмытылмайтынын айтты. Мұнда ол әскери бөлімшенің жұмыс барысымен, материалдық-техникалық базасымен танысып, жауынгерлік даярлықтарын көрді.
-Отан қорғаудағы ата-әкелердің ерлігі мен қаһармандығын бүгінде бейбіт өмір, бақытты тұрмыс кешіп жатқан ұрпақ ұмытпаса керек. Баршаңызға зор денсаулық, отбасының амандығы мен берекесін тілейміз, – деген аудан басшысы қызметтерін мінсіз атқарып жүрген бірқатар шекара қызметкерлеріне аудан әкімінің Алғыс хаттарын табыстады.
Қарқара ауылындағы «Қарқара» шекаралық бекетінде де салтанатты шара өтіп, аудандық көркемөнерпаздардың орындауында әскери-патриоттық әндер шырқалды.
-Шекарамыз бүтін, аспанымыз ашық, күніміз шуақты, әскеріміз қуатты болсын! Әрдайым бейбітшілік салтанат құрып, Қазақстанымыз мәңгі жасай берсін! Отан қорғаушылар күні құтты болсын! – деген аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков әскерилерге құрмет көрсетіп, Алғыс хаттар мен заттай сыйлықтарды табыс етті.
Қарабұлақ ауылдық округіне қарасты Ақай Нүсіпбеков ауылында да салтанатты жиын өтті. Аудан әкімінің орынбасары Мұхтар Батырханұлы «Рабат» шекаралық бекетіне барып, қатысушыларды Отан қорғаушылар күні мерекесімен құттықтап, бірқатар азаматтарды марапаттады. Салтанатты жиын ауыл өнерпаздарының арнайы әзірлеген концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Медет Исаев Саты ауылындағы «Саты» шекаралық бекетіне барып, бірқатар әскери сала мамандарымен кездесіп, құрмет көрсетті.
Дәурен Әбутәліпов,
Кеген ауданы