Талғар ауданындағы «Байсерке АГРО» ипподромында жасөспірімдер мен жастар арасында ұлттық теңге ілуден облыстық чемпионат өтті. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, дене шынықтыру және спортты дамыту орталығы, Ұлттық және ат спорты түрлері бойынша спортты дамыту дирекциясының ұйымдастыруымен өткен жарысқа 2007-2009 және 2004-2006 жылдары туған спортшылар қатысты.
Чемпионатта теңге ілудің «Бес белес», «Қос құлаш», «Жеті құт» атты үш мәнерінен кіл мықтылар анықталды. Қатысушылар ат құлағында ойнап, ептіліктері мен қарым-қабілеттерін көрсетті. Нәтижесінде «Бес белес» мәнерінде Еңбекшіқазақ ауданының абыройын қорғаған Ерболсын Сансызбайұлы жеңімпаз атанса, оның жерлесі Ақан Құрманәлі 2-орынды, Қарасай ауданының спортшысы Нұрислам Өмірқұлов 3-орынды иеленді. «Қос құлаш» мәнерінде Ақан Құрманәлі жеңіске жетіп, Нұрислам Өмірқұлов 2-орын, оның тағы бір жерлесі Айқұлан Жарқын 3-орын жүлдегері атанды. «Жеті құт» мәнері бойынша да Ақан Құрманәлі жеңімпаз болды. Ал екінші орын Ерболсын Сансызбайұлына, 3-орын Айқұлан Жарқынға бұйырды.
Сөйтіп, теңге ілу бойынша өткен облыстық чемпионатта осы ең епшіл жігіттер топ жарды. Байқасаңыз, әр мәнерде барлық жүлделі орындарды осы төрт жігіт өзара бөлісті және республикалық чемпионатқа қатысатын облыстық құраманың негізін құрайтын болды.
– Теңге ілу – қазақтың ертеден келе жатқан ұлттық спорт түрі. Ереже бойынша, желіп келе жатқан аттың үстінде отырған жігіт, оның желісін баяулатпастан, төменге тез иіліп, сол немесе оң жағынан орамалға оралған теңгені көтеріп, артына лақтырып отыруы керек. Әрбір сәтсіз талпыныс үшін айып уақыты белгіленеді. Жарыста аз уақыт ішінде теңгені ең көп ілген қатысушы жеңімпаз атанады. Теңге ілу алаңының ұзындығы – 120, ал теңгені іліп алуға дейінгі ұзындық 30 метр болып белгіленген. Қалған қашықтықта арасы 10 метрден теңге түйілген 5 орамал қойылады. Жарыс қорытындысы спортшының уақытын ілген теңгесінің санына бөлу арқылы шығарылады.
Облыстық чемпионаттың басты мақсаты – жарысқа қатысушылардың спорттық шеберлігін арттыру, 17 мамырда Талғар ауданында басталатын Қазақстан Республикасы чемпионатына Алматы облысының жасөспірімдері мен жастар құрама командаларын іріктеу, сонымен бірге тұрғындарды салауатты және белсенді өмір салтына тарту, ұлттық ат спортын насихаттау. Теңге ілу ойыны жас жігіттерді шапшаңдыққа тәрбиелейді. Көптеген жас спортшылар көкпарға қатыспас бұрын теңге ілу мектебінен өтеді. Өйткені, онда да еңкейіп, көкпарды көтеру үшін қара күшпен бірге үлкен ептілік керек, – дейді теңге ілу бойынша бас бапкер Кенже Жанбота.
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы