Нарық, ол – «алма піс, аузыма түс» деп әрекетсіз жату емес, Абайша айтқанда, есектің артын жусаң да – мал табу. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп Абай атамыз күнкөрістің қағидасын әу бастан-ақ айтып кеткен. Бұл сөздің астарында «Әр адам адал жолмен еңбек етіп, табыс тапқанда ғана оның жемісіне кенеледі» деген пәлсапа жатыр. Яғни Үкіметке қол жайып бекер жатуға болмайды, әрекет ет, сонда ғана еңбектің тәтті дәмін татасың.
Қазақ – ежелден мал баққан ел. Төрт түлігін өрістетіп, еті мен сүтінен түрлі тағамдар, жүні мен терісінен, тіпті, сүйегінен сан алуан тұрмыстық тұтыну заттарын жасаған. Осындай күнкөрістің арқасында салт-дәстүрін сақтап, қолөнерлерімен ерекшеленген. Бүгінгі жаһандану заманында «екі қолға бір күрек» таппай, бос жүргендер қаншама? Ізденбей, табыс табуға талпынбай бекер жүру, мына нарық заманына лайық емес. Басқа елдер қазақтың киіз үйін, қымызы мен ет тағамдарын өздерінде пайдаланып, кәсіптің көзін ашып жатқанда, біздің малдың терісі мен жүнін іске асыра алмай, шірітіп жатқанымыз ұят-ақ.
Жақында жергілікті тұрғындардың қатысуымен Қазақстан ұлттық саябақтар қолдау қорының, «Qazaq National Park» ЖШС және Сөгеті ауылдық округі әкімшілігінің ұйымдастыруымен Нұра ауылын дамытудың бастаңғы жобасына келісу үшін «дөңгелек үстел» өтті. Кездесуде модератор Талғат Кертешев пен Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Қуат Ақшабаев сөз сөйлеп, аталмыш шараның туризмді дамыту, Нұра ауылы тұрғындарының тұрмыс-жағдайын жақсарту мақсатында ұйымдастырылып отырғанын жеткізді. Одан кейін сөз алған Қазақстан ұлттық саябақтар қолдау қорының директоры Жанар Алшымбаева аталмыш қордың жұмысымен таныстырды. Қордың мақсаты – Қазақстанда туризмді дамыту арқылы, салт-дәстүр, мәдениетімізді насихаттау, сонымен қатар этнотуризмді дамыту арқылы тұрғындар жағдайын жақсарту, туристерге қызмет етуді қалыптастыру, жергілікті халықты кәсіпкерлікке тарту, жаңа жұмыс орнын ашу екенін түсіндірді.
Сөгеті ауылдық округінің әкімі Құдайберген Мұхадиев округ бойынша 40 мың қой-ешкі барын, оның 15 мыңы қазақы, 21 мыңы меренос тұқымды қой және 4 мың ешкі екенін тілге тиек етті. Мал терісі мен жүннің жартысынан көбі игерілмей текке шығын болатынын, 100 кг жүнді жуу мен түтуге қолмен бір апта уақыт кетсе, арнайы құрылғымен 3-5 сағат қана жұмсалатынын айтты. Дегенмен ауылдағы жылыжайда көкөніс өсіретін шаруа қожалығы барын, тұрғындар бие сауу, ет сату, қой қырқу және келген туристерді вело, авто және атпен саяхаттатумен айналысатынын жеткізді.
Қазақ тағамдары мен мәдениетін зерттеуші этнограф-ғалым Әйгерім Мұсағажинова «Аймақтағы этнографиялық туризмді дамыту мен оның келешегі» тақырыбында сөз қозғап, Францияда түйенің сүтінен сыр, жүнінен түрлі бұйымдар, сүйегінен әшкекейлер жасайтынын, елімізде мұндай кәсіп қолға алынбай тұрғанын ортаға салды. Қазақ тағамдарының мыңнан аса түрі барын, ас мәзірі бойынша өзінің 12 патент алғанын, түрлі жеміс пен шөптерден, жеміс жапырақтарынан шай мен дәмдеуіштерді жасайтынын, тіпті бұталар мен көкөніс сабақтарынан тыңайтқыш шығаруға болатынын айтып, мұның бәрін тренинг барысында үйрететінін жеткізді.
Ал «Qazaq Oner» ұлттық қауымдастығының төрайымы Айгүл Жансерікова заманауи үлгідегі қолөнер бұйымдары мен кәдесыйларды қалай жасау керектігін түсіндіріп берді. «Qazaq Oner» шеберлер орталығының миссиясы шебер-класс және үйрену тренингтерін өткізу арқылы дәстүрлі қазақ қолөнерін сақтау және қайта жаңғырту, жергілікті қолөнершілердің өнімдерін туризмді дамытуға пайдалану екенін де айта кетті.
Нұра ауылы туристік аймаққа жақын әрі қолайлы жерде орналасқандықтан, «Шарын» визит-орталығына қызмет көрсетуді ұйымдастыру мақсатында тұрғындарды туризмге қызмет етуге қатыстыру, кәсіпкерлікпен айналысуға тарту, жаңа жұмыс орнын ашу арқылы олардың жағдайларын жақсарту мақсатында екі жақты меморандумға қол қойылды. Одан кейін қордан берілген екі киіз үйді көрген көпшілік қол қырықтықпен және электр құрылғымен қой қырқу әдісімен танысты. Олардың қайсысы да тез әрі сапалы жүн қырқатынына көз жеткізіп, дайын «балық» емес, «қармақпен» заманауи кәсіп бастап, нәсібін адал еңбекпен табу – ел дамуының даңғыл жолы екеніне көз жеткізді.
Анарбек Бердібаев,
журналист
Еңбекшіқазақ ауданы