Арпа-бидай егу жұмысы аяқталған бетте аудан диқаншылары жылдағы дәстүрге сай дала төсін дүбірге бөлеп, күріш егуге кірісіп кетті.
Ерте көктемде кетпен-күрегін қолға алған диқаншылар қауымы аудан көлемінде 7697 гектар суармалы жерге арпа-бидай дақылдарын егіп қойған болатын. Ал күріш егу 7000 гектар жерге жоспарланған. Қазіргі таңда жоспарланған егіс алқабының 1340 гектарына күріш дәні сіңіріліп, оның 860 гектары сумен бастырылды.
Күріш егу науқаны аудан әкімінің тікелей назарында тұрғандықтан, осы салаға жауапты мамандар егіншілікпен айналысатын шаруашылықтармен тығыз байланысып, олардың күнделікті атқарып жатқан жұмысын жіті бақылап отыр.
Жауапты науқанға білек сыбана кіріскен шаруашылықтар арасында «Бірлік» агрофирмасы, «Динара» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Марат» шаруа қожалығы қарбалас жұмыстың қарқынын еш бәсеңдетпестен көш бастап келеді.
Диқаншылардың бүгінгі таңда атқарып жатқан жұмыс қарқынын көзбен көру мақсатында осы аптада аудан орталығына жақын орналасқан бірқатар шаруашылықты аралап қайттық.
Сапар барысында Ақдала ауылдық округіне қарасты «Өтес – Ақдала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің № 1 бөлімшесіне атбасын бұрдық. Аталмыш шаруашылықтың бөлімше басшысы Айдын Сапарғазин алдымен бізге жоңышқа алқабында жапырақ жегіш бізтұмсық (Фитономус) дернәсілдеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын көрсетіп, механизатор Айқын Көпбосыновқа химиялық дәріні өсімдіктерге шашу кезінде қауіпсіздік шараларының сақталу жолдарын түсіндірді.
Мұнан соң Айдын Сапарғазин күріш алқабында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, 200 гектар жерге күріш егу жоспарланып, оның 100 гектарына дән сеуіліп қойылғанын айтты. Күріш дәнімен бірге «Аммафос» тыңайтқышын қолданып жатқанын да баяндады.
Көктемгі дала жұмыстарына бес «МТЗ-80» тракторы, төрт соқа, төрт жер тегістегіш, үш тырма және екі тұқым сепкіш жұмылдырыпты.
Жауапты науқанға біркісідей атсалысып жатқан жұмысшылар арасында механизатор Болатбек Мейрамбекұлы мен оның көмекшілері Мейрам Кәрібаев пен Қанат Әлжанов өздеріне жүктелген тапсырманы мүлтіксіз орындап жүргендерін де байқадық.
«Көктемнің бір күнін жылға азық» санаған диқаншылар қауымының бүгінгі атқарып жатқан жұмысының бейнеті ұшан-теңіз десек те болады. Өйткені олар ерте көктемнен бастап, алажаздай атқарған ауқымды жұмысының жемісін тек коңыр күзде ғана көреді. Бұл – нағыз ерен еңбектің үлгісі.
Ұлан-ғайыр даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған ата-бабаларымыз кейінгі ұрпағына өмірлік ұлағат ретінде еңбекті мұра етіп қалдырған. Міне, сол адал еңбек пен маңдай тердің игілігін көру диханшыларға бұйырар бақыт.
«Еңбекпен тапқан нан тәтті» демекші, аудан диқаншылары атқарып жатқан бүгінгі жұмыстарының жемісін ертең-ақ көрері анық.
Бақтығали Дәуітбаев,
Балқаш ауданы