Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Шеңгелді ауылдық округінің шаруа қожалықтарымен кездесті. Онда ауыл шаруашылығының өзекті мәселелері талқыланды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов, Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік басқармаларының басшылары және шаруа қожалықтарының басшылары қатысты. Кездесуді облыс әкімі жүргізіп отырды.
Шеңгелді ауылдық округінде өткен жылы жиналған 78,4 мың тонна пияздың 66,6 мың тоннасы тұтынушыларға өткізілсе, 3,5 мың тоннасы қоймаларда бүгінге дейін тұр, ал 8,3 мың тоннасы тіпті жарамсыз болып қалған. Тағы бір өзекті мәселе – сумен қамту. Су желілерінің тозуына байланысты, суармалы жерлер көп жағдайда толық игерілмейді. Шеңгелді ауылдық округі Сарыбұлақ ауылындағы №5 су сорғыш стансасының 48 шақырым су желісіне қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде және №4 сорғы стансасының суару желілерін жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Жоғарыда айтылғандардан басқа № 1, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9 сорғы стансаларының суару желілері мемлекет балансына қайтарылған. Өткен жылы Шеңгелді алқабындағы суармалы суды жеткізіп беру кезіндегі шығындарды өтеу мақсатында облыстық бюджеттен 205,1 млн теңге бөлінген.
Қазіргі уақытта заманауи су үнемдеу технологиясын енгізу арқылы суармалы жерлерді игеру өте тиімді. Облыс аумағында су үнемдеу технологиясын енгізу, алаңдарын ұлғайту бойынша мемлекет тарапынан шаруа қожалықтарды ынталандыру үшін инвестициялық салымдар кезінде шығындарды өтеуді 50 пайыздан 80 пайызға ұлғайту және тұрғындардың табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында су үнемдеу технологияларының жабдықтарын сатып алуға төмен пайызды несие берілуде. Бағдарлама аясында Шеңгелді ауылдық округі бойынша 53 450 млн теңге сомасына 7 өтінім түскен. Оның ішінде 5 өтінім мақұлданып, 2 өтінім ескертулерді түзетуге қайта жіберілген. Бұл – бағдарламаға қатысушылар саны жағынан облыс бойынша ең төменгі көрсеткіш.
Аталған мәлелелер жайында ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қуандық Сағатбайұлы толығырақ баяндады.
Айтуынша, былтыр округ бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңы 14 800 гектарға жеткен. Ал биыл оның көлемі пияз және жүгері дақылдары бойынша 300 гектарға азайған. Қалған дақылдар сол қалпында. Дәнді және бұршақты дақылдар – 3,4 мың га, майлы дақылдар – 3,7 мың га, картоп 0,5 га-ны құраған.
Биыл су үнемдеу технологияларын пайдаланатын жер көлемін 5,3 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Оның ішінде жаңбырлатып суғару – 2,2 га, тамшылатып суғару 3,1 мың га көлемінде. Сондай-ақ 883.7 тонна минералды тыңайтқыштар алынып, 2,6 мың тонна тұқым өндірілген.
Шеңгелді ауылдық округі бойынша 155 ауылшаруашылығы техникасы бар. Биыл тек 17,5 млн теңгеге бір техника алынған.
Облыс әкімі Қуандық Сағатбайұлына егіс көлемінің азайғанына және оны көбейту үшін нақты жоспардың жасалмағанына ескерту жасап, басқару ісінде жүйелілік жоқ екенін айтты.
Келесі кезекте «Қапшагай ӘКК» өндірістік кооперативі, «Нұр-Агро» корпорациясы, «Алтай» фирмасы, «NazDana» және «Жетісу-Агро» ЖШС, «Бейбарыс» шаруа қожалығының басшылары былтыр қанша өнім алынды, биыл оның көлемін қанша пайызға өсіру жоспарлануда, қандай нәтиже күтілетіні жайында сөз қозғап, шаруашылықтың жұмысына кедергі келтіріп отырған қиындықтарға да тоқталды. Ең басты мәселелер – су жетіспеушілігі, құбырлар мен сорғылардың ескіруі, суғару маусымы кезінде электр қуатының өшірілуі, дақылдарды жинайтын комбайндардың жоқтығы, өнімді нарыққа шығара алмау. Бұдан бөлек кей шаруа қожалықтары өздерінің жұмысқа салғырттығының кесірінен берілген жерлерді дұрыс игере алмаған. Сондай-ақ олар суды үнемдейтін техникаларды 80 пайызын субсидиямен, қалған 20 пайызын екі жылға бөліп төлеуге мүмкіндік бар екенін білсе де, өз шаруашылығын дамытуға ынталы емес. Кей шаруашылық басшылары мұндай мүмкіндіктер бар екенінен хабарсыз болып шықты.
«Бейбарыс» шаруа қожалығының иесі, Шеңгелді ауылының тұрғыны Маралбек Мұратбекұлы жиынға тек үлкен корпорациялар қатысып отырғанын, мұнда бірде-бір жергілікті шаруа қожалығы жоқ екеніне қынжылатынын, корпорациялар инновациялық технологиямен жұмыс істейміз деп жерді алып, игере алмай отырғанын, ал жұмысқа ынталы ауыл тұрғындарының жерді жалға алуға мәжбүр болып отырғанын айтты. Осыған орай облыс басшысы игерілмей жатқан жерді жергілікті халыққа бөліп беру керектігін жеткізді.
Кей шаруа қожалықтары өнімді өткізе алмау себебінен алған несиелерін төлей алмауда. Осыған орай несиені төлеу уақытын кейінге шегеруге көмектесіп, тағы бір мүмкіндік берсе деген өтініш айтты.
Құбыр мен сорғының ескіру мәселесіне қатысты қала, ауыл әкімдігі, сорғы стансаларының басшылары және шаруа қожалықтарымен бірігіп меморандум жасалатын болды. Яғни сорғы стансалары мен әкімшілік өз модерницзациясын жасайды, ал шаруа қожалықтары су үнемдеу техникаларына көшуі керек. Электр қуаты мәселесі де «Алатау жарық компаниясымен» және өзге де энергия қуатын беретін ұйымдармен меморандум жасау арқылы шешілетін болады.
Облыс басшысы «өнімдерін өткізе алмадық» деп шағымданғандарға өздері сатып алушылармен келісе алмағанын, осыған орай ірі сауда орталықтарынан әр өңірге арнайы орын берілгенін де айтты. «Кәсіп болған соң баға әрқашан өзгеріп тұрады. Сондықтан барлық жағдайға дайын болып, келісіп жұмыс істеу керек», – деді Марат Елеусізұлы
Кездесу соңында облыс әкімінің орынбасары Алмас Батановқа, ауыл шаруашылығы басқармасына, «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына, Қонаев қаласының әкіміне арнайы тапсырмалар жүктеді. Әуелі, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында мемлекеттік қолдау шаралары, су ресурстарын тиімді және ұтымды пайдалану бойынша кең ауқымды түсіндірме жұмысы жүргізілуі керек. Шаруашылықтардың қажетті тұқыммен, техникамен, жанар-жағармаймен қамтамасыз етілуі бақыланып, көктемгі дала жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізу міндеттелді. Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне бөлінетін субсидиялар мен шағын несиелердің тиімді пайдаланылуына бақылау жүргізіліп, ауыл шаруашылық тауар өндірушілеріне өнімдерін өткізу үшін маусымдық сауда орындарын, оның ішінде ірі сауда орталықтарында сауда нүктелерін ұйымдастыруды тапсырды. Үлкен корпорациялармен жұмыс істеу тиімді екенін айта келіп, алайда халықтың да мұң-мұқтажын ескеріп, жағдайын жақсартуға баса көңіл бөліну керектігін жеткізді облыс басшысы.
Гүлзат Байқонысова,
Қонаев қаласы