Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Сонгдодағы Инчхон ұлттық университетінің құрметті профессоры, 2007 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунгпен кездесті. Аймақ басшысы Оңтүстік Корея өкілімен заманауи Алатау қаласының негізін қалауға мүмкіндік беретін жаңа жобаларды талқылады.
Жүздесуде облыс әкімі профессор Рае Квон Чунгке өңірдің экономикалық және әлеуметтік жағдайын баяндады. Сонымен қоса Қонаев қаласы мен оған қанаттас елдімекендердің зор инвестициялық мүмкіндікке ие екенін жеткізді.
– Қазіргі таңда «Алатау» қаласы – жай ғана жоба емес, экономикалық ілгерілеудің нағыз қозғалтқышына айналатын мекен. Қала қаржы, бизнес, сауда, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, туризм және ойын-сауық саласында жоғары деңгейдегі қызметтерді ұсынатын ірі орталық ретінде бой көтермек. Бұл ауқымды жоспар тек Алматы облысының ғана емес, бүкіл еліміздің экономикалық өсімінің қозғаушы күшіне айналады, – деді Марат Елеусізұлы.
Профессор Рае Квон Чунг өз кезегінде Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан жоба мен соңғы технологиялар туралы құнды ақпараттармен бөлісті. Бүгінде Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде Рае Квон Чунг атындағы жаңа климаттық экономика және тұрақты даму орталығы бар. Аталған орталық экономикалық дамудың жаңа қағидаттарын енгізу, тұрақты өсу, жасыл технологиялар, көміртегін азайту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және климаттық өзгерістердің қоршаған ортаға әсерін азайту бағытындағы жобаларды жүзеге асырады. Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг жасыл технологиялар мен көміртегін азайту сынды экологиялық жобалардың Алатау қаласының қарыштап дамуына тың серпін бере алатынын айтты.
– Бүгінде әлемнің даму бағыты жасыл технологиялар мен көміртегін азайтуға ойысты. Ал Алатау қаласының бас жоспары қаржы, бизнес, сауда, білім беру, денсаулық сақтау мен жоғары жаңа технологияны дамытуға бағытталыпты. Демек болашақ қалада экологиялық дамуға да басымдық беріледі деген сөз. Біз Біріккен Араб Әмірліктері мен әлемнің бірқатар елдерінде өз жобамызды жүзеге асырдық. Біздің бұл бастамаларымыз жаңа қаланың жарқын болашағына өз үлесін қоса алады, – дейді профессор Рае Квон Чунг.
Жүздесуде облыс басшысы жаңа қаланы салуда жасыл экономиканың тұрақты дамуы мен экологиялық ортаны қорғауға ерекше көңіл бөлінетінін сөз етті. Сонымен қоса болашақтың қаласы үшін озық ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, әлемдік тәжірибені игеруге мол мүмкіндік берілетінін айтып, профессор Рае Квон Чунгтің бастамасына қолдау білдіруге дайын екенін жеткізді.
Ерзат Асыл