Көз байланып қалған шақ. Әріптесім екеуіміз Қонаев қаласындағы жұмыстан қайтып келе жатып, Жаңалық ауылына кіреберіс тұстан қол көтерген жолаушыны отырғызып алдық. Көлік орнынан қозғалып, тас жолға түсем дегенше «тырр» етіп сол қапталымыздан бір мопед өте шықты.
Әріптесім тежегішті басып үлгерді. Кәдімгідей жүрегі ұшып кеткен ол әлгінің жетпіс жеті пұстысынан қайтармаса да, қысқа ғана балағаттап үлгерді. «Көзі жоқ па, ей, мынаның…» Осы кезде артта отырған, жасы елудің ортасынан асқан, ақсақалдыққа бет бұрған жолаушының да әңгімесінің тиегі ағытылып қоя берді: «Менің де ұлым қоярда-қоймай осындай бір тырылдақты алдыртып еді. Қазір қайда жүр екен? Үйге аман-есен жеткенше белбеуім мойнымда», – деді. Үніндегі көңіл ауанын аңғара алмадым. Әкенің қауқарсыздығы дейміз бе, баланың еркелігі яки қырсықтығы дейміз бе, әлде сол тырылдақ үні түн қатып, түсі қашып, жұмыстан келе жатқан оның көңілін әлгі оспадарсыздың жүрісі қозғап жіберді ме, түсініксіз. Мен шыдамадым: «Балаңыз қаншада еді?» «Биыл он сегізге толды ғой, жүгермек!»
Ары қарай өз ойыммен алысып кеттім. Бала күнінде жамбасына әке шапалағы тимеген бала, есейе келе сол алақанның иесіне құлақ асуды қояды. Бұл жерде «қит етсе болды, баланы қамшының яки тепкінің астына ал» деген уәж айтылып отырған жоқ. Дұрыс пен терістің ара-жігін, айырмашылығын дер кезінде түсіндіріп, баламен сөйлесіп отыруға уақыт табу деген ой көзделіп отыр. Мына кісіні де «уағында өйтпедіңіз бе, бүйту керек еді» деп білгішсініп, мазалағым келмеді. Онсыз да жаңағы эпизодтан соң-ақ жүрегі алқымына тығылып, үйге барған соң баласының «аманмын» деген бір хабарын естімей, бәйбішесінің құйып берген шәйі бойына сіңбейтіні анық. Осындай қанша әке күні бойы жұмыста, бірнеше сағат жолда жүргенде ұлының амандығын тілеген тілеуі бір бүйіріне тепкі болып тиіп жатыр десеңізші?! Осындай елең-алаң көңілде жүргендеріне кім кінәлі, не себеп?
Жаңалықтардан, әлеуметтік желілерден сондай «мопед мінген түбітмұрт бозбалалар жүк көлігіне, өзге де темір тұлпарларға соқтығысып қалыпты», кейбірінде «адам мерт болыпты» немесе «дене жарақатын алыпты» деген ақпараттар қай ата-ананы тыныш отырғызады? Халқымызда мынадай танымал мысал болушы еді: Сәбиі сұрап, жылап қоймаған соң анасы ойнауға қайшыны алып береді. Ойын барысында бала абайсызда қайшымен көзін ағызып алып, зағип болып қалады. Есейген кезінде анасына кінә артады: «Азар болса, жылап-жылап қояр едім ғой. Қайшыны неге бердіңіз, – деп». Салмағы мен мотор қуатының теңгерімі сәйкес келмейтін мопед, электр самокат, скутер дегендер қазіргі таңда сол қайшының рөлін тартып алып отырғанын түсіну үшін қаншалықты данышпан болу керек? Тек бұл жерде баласының көзі ғана емес, аяқ-қолы, қала берді, қыршын ғұмыры бәске тігіліп жатыр. «Балаңа жаның ашыса, аяма» деген тәмсілді ұмытып, қазіргі ата-ана «неткен мейірімді» болып кеткен деп таң қаласың?
Осы кезде еске түсіріп отырмын. Жалаң сөз болмасын, ресми мағлұматтарға да ат басын бұра кетелік. Ендігі жерде, яғни мамыр айының 15-нен бастап елімізде мопед жүргізушілеріне аталған қозғалыс құралдарын заңдастыруға жарты жыл уақыт беріледі. Көлікке ие болған 6 айдың ішінде мопед иелері оны есепке қойып, А1 санаты бар жүргізуші куәлігін алуы тиіс. Биылғы сәуір айында Мәжіліс депутаттары «Жол жүрісі туралы» Заңға түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдаған болатын. Заң жобасында көліктердің жекелеген түрлерінің қозғалысын бақылау ұсынылды. Бұл мопедтерді пайдалануға және қозғалыс ережелерін реттеуге мүмкіндік береді.
Сөйтіп, мопед мінгендерге «жол қозғалысының толық қатысушысы» деген айқындама берілді. Ол үшін мопед иелері көліктерін уәкілетті органдарда тіркетіп, жыл сайын техникалық байқаудан өткізуге міндетті. Сондай-ақ жүргізуші міндетті сақтандыруды рәсімдеуге тиіс. Демек бұдан былай ата-аналардың көңілдері біршама жайланады деуге болады. Әрине, айтары жоқ, еппен жүріп, өзін ғана емес, отбасын асырап жүрген жастар да баршылық. Дегенмен, өткенде ғана бірқатар ауыр жүк көліктерінің жүргізушілері мопедшілерге қатысты наразылықтарын білдірді. Олардың уәждеріне қарасақ, мопедтер қолтық астынан суырып алғандай шыға келгенде тежегіш басып та, маневр жасап та үлгермейді. Осындай тырылдақ мінгендерге қатысты наразылықтардан кейін оларға қатысты заңдық-құқықтық талаптарды күшейтетін аталған заң қабылданды. Бұл заң талаптары мопед, электр самокат, велосипед, шағын электр көлігі құралын жүргізушілердің, жол бойымен малды, табынды, жүк артылған, жегілген малды немесе мініс малын айдаушылардың да құқықтары мен міндеттерін айқындап беріп отыр.
Мұның сыртында сонау 2021 жылдың қараша айында электр самокаттарды жалға беретіндер жол ережесіне өзгерту енгізуді ұсынған болатын. Еліміз аумағында өз қызметтерін ұсына бастаған «Jet», «Ozim» және «Eleven» кикшеринг операторлары Экологиялық көлік қауымдастығын құрғаны да белгілі. Өйткені, микромобильді көлікке құқықтық түсінік беріп, оның әрі қарай қалай дамитынын айқындау мәселесі елде өзекті болып кеткендіктен, істі бизнес өкілдері өз қолына алмақ болған. Әзірге көңіл көншітерліктей ештеңе байқап отырған жоқпыз. Олар жасыл техниканы қолдану ережесін әзірлеу ісіне қатысуға ниетті екендіктерін де білдірген еді. Аталған қауымдастық, ең алдымен, «Жол ережесі және жол жүрісі туралы» Заңға түзету енгізуді қалайтындарын аңғартқандары да белгілі. Кәсіпкерлер құжатқа «жеке мобильділік құралдары» деген түсінік енгізді. Бұл тізімге электр самокаттан бөлек монодөңгелек пен сигвей де қосылды.
Бизнес өкілдерінің халықты жаяулап-жалпылап салпаңдаудан азат етпек болған бастамасы орынды екеніне сөз жоқ. Алайда электр самокат иелерінің ереже сақтап жүргенін қадағалау қажеттігін де ұмытпауымыз керек. Қазір полиция самокат, мопед рөліндегілерді жеткілікті дәрежеде бақылауда ұстап отырған жоқ. Әсіресе, мопед мінгендер тротуар мен жаяу жүргіншілер өткелінде жүйткігенде тек иманыңды үйіру ғана керек сияқты сезімде боласың. Жұртқа қауіп төндіріп қана қоймай, соқтығысқан жағдайлары да баршылық. Ал ең кемінде, сағатына 10-15 шақырым немесе одан да жоғары жылдамдықпен келе жатқан өзімізге белгілі велосипед болсын, осы заманғы жеке мобильділік құралдары болсын, адамды қаққанда қандай күйге ұшырауы ықтимал екендігін ойлаудың өзі қорқынышты. Біздің ойымызша, бұл – тездетіп шешуді қажет ететін маңызды бір мәселе.
Тағы бір көңілге демеу болар жаңалық – Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха осы жылғы 28 наурызда өткен Сенат отырысында Қазақстанда мопед жүргізу ережесін қатайту жоспары туралы мәлімдеген болатын. Ол сол кезде министрліктің аталған түзетулердің екінші пакетін әзірлеп жатқанын, ол қабылданғаннан кейін мопед жүргізушілері қозғалысының тәртібі реттелетініне сендірді.
Вице-министр: «Барлық мопедтер, қозғалтқыш көлеміне қарамастан, көлік құралы ретінде жіктеледі және оларды жүргізу үшін сізге «А1» санатындағы жүргізуші куәлігі 16 жастан бастап қажет. Тиісінше, біз осы мопедтердің барлығын тіркеп, тексереміз», – деді. Оның айтуынша, бүгінде бұл жүргізушілер іс жүзінде ешқандай жауапкершілік көтермейді. «Бұл пакетте тағы бір өте маңызды норма бар: әкімдер скутерлердің қызметін реттеуге өкілеттік алады. Олар өздерінің қосымша ережелерін белгілей алады: қайда қозғалуға болады, қайда жүре алмайды, олардың қозғалысына қай уақытта тыйым салу керек», – деді.
Сөйтіп, 2023 жылдың 30 тамызында Қазақстанда «Жол жүрісі туралы» Заңға электр скутерлерді міну ережелерін қарастыратын түзетулер күшіне енгізілді. Атап айтқанда, құжатта «электр скутерлердің жол бойындағы жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспауы керек» деп атап көрсетілген. Ал тротуар немесе жаяу жүргіншілер жолында сағатына 6 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі. Әрине, бұл мақалада бар мәселені айтып сыйғызу мүмкін емес. Дегенмен, біраз жайт тілге тиек етілді. Мәселенің қаузалуға тиісті қырлары баршылық.
Түйіндей айтсақ, Үкімет өз тарапынан заңдық та, құқықтық та тұрғыдан кімнің не нәрсеге құқығы, мүмкіндігі, еркіндігі және міндеттері бар екенін көрсетіп, белгілеп беріп отыр. Ендігі жердегі мәселе 16 жасынан бастап жүргізуші куәлігіне ие болатын балаларымызға әрбір отбасы, ата-ана үйде, қасында жүргенде түбітмұрт тентектеріне өмірлерінің біреу-ақ екенін жете түсіндіріп, бірдеңеге ұрынса алдымен өзі, қала берді ата-анасы мен бауырлары қиналатынын жетесіне жеткізу керек. Ата-ананың алдында «Елдің баласы мініп жүр ғой» дегеннің ар жағы мен бер жағының мәнін ашып түсіндіріп беру міндеті тұр.
Бейбіт Мекеев