Тұп-тұнық, қашан барсаң да жасыл жақұт тәрізді көздің жауын алып жататын Көлсай көлі шын мәнінде табиғаттың тамаша туындысы тәрізді. Ол даламызға төркіндеп келетін төрт мезгілде де мың бояулы түске еніп жатады. Көлсай мен Қайыңды сынды қос көлге алғаш аяқ басқан жан алмағайып сұлулыққа айызы қанбай, қайта айналып келуге асығатыны шүбәсіз. Облыстық туризм басқармасының БАҚ өкілдері үшін ұйымдастырған аймағымыздың ерекше мекендерін аралау мақсатындағы баспасөз турына қатысып, аспантаулар өлкесіне сапар шеккен едік. Сонымен қоса, «Іле Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Түрген шатқалы (МҰТП) және «Ақбұлақ» тау шаңғы курортына да ат ізін салдық. Енді сол көрікті жерлерден көргенімізді, облысымыздың туристік әлеуетін арттыру бағытындағы істерінен көңілімізге түйген ойларымызды ортаға салсақ деп отырмыз.
Мен үшін жол жүру деген бір ғанибет. Әсіресе, көктем айларындағы алыс сапардан алар әсер тіптен өзгеше. Сары дала төсінде жүйткісең, санаңдағы ой сағыммен жарысады. Ал кейде қиялың қызғалдақтар көктеген қырлардан, бетеге қаулаған белдерден ары асады. Көлеңкесі көптеген шақырымға созылатын Көкбек асуының жолталары ертегілер әлемін елестетеді. Сан қырлы ойдың жетегіне еріп, Көртоғай шатқалына (Қара шатқал депте аталады) атбасын тірегенімізді аңғармай қалыппыз. Шарын шатқалының жалғасы саналатын бұл аумақ шөккен тау жыныстарынан қалыптасқан. Ежелгі дәуірлерде бұл шатқалдар аумағында көл болған деген дерек бар. Ерте заманда батыр бабаларымыз сайланып келген жау жасағын осы маңда торуылдап, жер жастандырған деген ежелгіден жеткен еміс-еміс аңыздар айтылады. Сондықтан да бұл шатқал Көртоғай аталса керек. Көлсай мен Қайыңды көліне баратын туристер осы Көртоғай шатқалына аздап аялдап, тынығады екен. Шатқал жағасы сым торлармен қоршалған, бұл да туристердің қауіпсіздігі үшін болса керек. Көртоғай шатқалының жар қабағынан төменге қараған жанға қабарған қара жартастар мен шапшып ағып жатқан Шарын өзені көзге ілігеді. Көртоғай десе, көртоғай шатқал ішінен көрдей қараңғылық еседі. Зер салып көз жүгіртсең, жаңбыр шайып, жел мүжіген жартастар табиғат пен тарихтың талай сырын ішке бүгіп үнсіз жатыр деген ойға қаласың. Бүгінде жол жағалауындағы шатқал маңына автотұрақ пен әжетхана салынып, келушілерге жағдай жасала бастапты. Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаевтың сөзінше, Көртоғай шатқалының жағалуына көпірлер мен соқпақтар салуға ынта танытып отырған кәсіпкерлер бар көрінеді. Егер шынымен осы жобалар жүзеге асып жатса, Көртоғай шатқалын көруге асығатын туристердің саны арта түспек.
Кереге таулы Кеген ауданында Саты деп аталатын ажарлы ауыл бар. Көрікті Көлсай десе, Саты ауылы көз алдыңызға келеді. Өйткені, Саты өзенінің жағасына орналасқан дәл осы ауыл арқылы Көлсайға табан тірейсіз. Бір сөзбен айтқанда, Көлсайды бір көруге құмартып келіп, кетіп жататын алыс-жақыннан жететін туристер, қонақтар көрікті көлмен бірге береке-бірлігі жарасым тапқан Саты ауылын да жүректеріне ұялатып қайтады. 2023 жылы Дүниежүзілік туристік ұйымы (UNWTO) Саты ауылын «Үздік туристік ауыл» деп бағалады. Барған жанды еріксіз еліктіретін Саты ауылында жақында ғана таңбалы тастар табылды. Бұл Алматы облысында табылған үшінші – Таңбалы тас. Одан бөлек, Қонаев қаласы маңында және Жамбыл ауданында да дәл осындай тас бетінде қалған тарихтың іздері бар. Жергілікті ауыл ақсақалының айтуынша, таңбалы тастарда үй жануарларының, аң мен құстардың, көшпенді өмірдің тұрмыс салтын айғақтайтын бейнелер бедерленіпті. Өңір басшысы табиғаты сырлы, тарихы жұмбақ аумақтың туристік әлеуетін арттыру үшін мықты инвестор керек екенін жеткізді.
– Біз Алматы облысының туризмін дамыту мақсатында осы жаңа локацияны ашуды көздеп отырмыз. Саты ауылының кіре берісінде, жергілікті азаматтардың өз күшімен салған стелла бар. Міне осы жерде, мына ағып жатқан өзеннің түбінде бұрынғы заманнан қалған таңбалы тастар кездеседі. Бұл тарихын тереңнен танығысы келетін қазақстандықтар үшін де, шетелдіктер үшін де қызығарлық аймақ. Сондықтан, мұны болашақта ашу керекпіз. Аталған бастаманы облыстық туризм басқармасы да қолдап отыр. Енді дамытуға атсалысатын мықты инвестор болса деген ниетіміз бар. Сонымен қоса, Мыңжылқы жайлауы мен Тұйық ауылындағы ғажайып сарқыраманы да туристердің тамашалауына мүмкіндік бар. Алда облыс басшысының қолдаумен өңір туризмін түлететін жаңа жобалар жүзеге аса бастайды, – дейді Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев.
Көлсай көліне қадам басқанымызда онда «Парктер шеруі – 2024» табиғат қорғау тазалық акциясын қортындылауға арналған салтанатты шара өтіп жатты. Осымен 18 мәрте ұйымдастырылып отырған тазалық акциясына «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері мен мектеп оқушылары белсене үн қосыпты. Аталған тазалық акциясы аясында мектеп қабырғасындағы өрендер «Қазақстан – қызғалдақтар Отаны», «Мекенім – жасыл орманым», «Дария басы – бұлақ», атты байқауларға қатысыпты. Олар табиғат тақырыбында ән, би және сурет пен қолөнер бұйымдарын жасудан сынға түсіпті. Жалынды жас шәкірттер сурет пен қолөнер бұйымдарынан көрме де ұйымдастырыпты. Олар туған даласының асау өзені мен асқар тауын, жасыл шырасы мен әнші құстарын қылқаламмен ақ қағазға кестелепті. Ал кейбірі ағаш жапырағынан, қой жүнінен ұлттық бұйымдар мен әсем әшекейлер жасапты. Олардың өн бойынан өз туған топырағына деген риясыз сүйіспеншілік аңғарылады. Ондағы балдырғандар үшін көк орман – көз қарашығы, мөлдір бұлақ – тұп-тұнық жан әлемі, асқар тау – аласармас арман іспетті. Жас өркенге осынау тұмса табиғат туған жерді сүюдің әліппесін үйреткен тәрізді. Шараға қатысқан Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ұжымы мен өңір жұртшылығын жаңа туристік маусымның ашылуымен құттықтап, жиналған көпке толағай табыс тіледі. Ал «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Елнұр Ахметов «Парктер шеруі – 2024» табиғат қорғау тазалық акциясына қатысқан ұжымдар мен конкурстарда топ жарған дарынды жеткіншектерге бағалы сыйлықтар табысталды. Ұлттық табиғи паркінің бас директоры Елнұр Ахметовтың айтуына қарағанда, өткен жылы Көлсай көліне 250 мыңнан астам турист келсе, биыл жыл басынан бері 80 мыңға жуықтаған. Алдағы уақытта келушілер санын 2 есеге арттыру көзделген. Көлсай мен Қайыңды көлдерінде туристік маусым енді басталғанымен, келушілердің қарасы қалың көрінді. Әсіресе, шетелдіктерді көптеп кездестірдік. Бүгінде көл маңындағы жаяу және атты жүргіншілерге арналған арнайы соқпақтар салынған. Көл жағалай жүруге де мүмкіндік жасалыпты. Ал көл бойында серуендеп жүргендердің көңілі шат. Ондағы жандардың жанарында жарқыл нұр ойнап, жүздерінен жылы күлкі еседі. Бір-біріне жымия қарап, көл айдынынан соққан самалға салқындап, саф ауаны құшырлана жұтады. Көлдің баяу толқынысы жағадағы жандардың сезім қылын дөп басып, әр жүректе әсем бір әуен ырғалтып бара жатқандай. Біз аз-кем тілдескен канадалық турист өзінің туған топырағында да, асқар тау, асау өзен, айна көлдердің барын айтып қалды. Қасындағы егде жастағы әйел адам үнсіз ойға шомып отыр. Мүмкін көл бойынан көлеңкесін қуалаған балғын балалығын елестеткен шығар, бәлкім ғұмырының қимастыққа толы қымбатты сәттерін есіне алған болар. Көл жиегінде жүргендердің барлығы діні мен тіліне қарамастан адам баласы мен табиғат арасындағы гармоникалық үйлесім тапқан бір кеңістікте қалқып бара жатқандай. Қалай десек те, адамзат баласының табиғат анасынан алар сыйы ортақ қой.
«Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің басшылары жергілікті әкімдіктермен және кәсіпкерлермен бірлесіп, инфрақұрылымдық мәселерді шешуге күш салып жатқанын жеткізді. Бірақ, Қайыңды көліне баратын жол әлі жасалмаған. Бұлтарысы мен қалтарысы көп жолмен жүрудің өзі қатерлі екенін сезіндік. Сондай-ақ ондағы жолаушыларды тасымалдайтын көліктердің әдбен тозығы жеткенін аңғардық. Соған қарамастан Кайыңды көліне де шетелдік туристер көптеп келеді екен. Ең бастысы, биыл көл маңына электр желісі тартылады. Ал жол салу келер уақыттың еншісіне қалып тұр.
Өткен жылы облыстық туризм басқармасы аймақтың туристік әлеуетін арттыру және ақпараттандыру бойынша жұмыс жүргізді. Сондай-ақ қажетті инфрақұрылым құрылды, облыстың туристік кластері мен ішкі және сыртқы туристік нарықта оң имидж қалыптастыруға, туризм саласында көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Облыстық туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мейрамбекұлының айтуынша, былтыр аймақта туризм нысандары мен жобаларды дамытуға 60,5 млрд теңге инвестиция тартылған.
– Қазір Алматы облысындағы Ұлттық парктер аумағында халықаралық тәжірибені ескере отырып, жаңа бағыттар ашып, соқпақтар салу арқылы экотуризм дамып келеді. Биыл Көлсай мен Қайыңды көлдеріне 470 метр туристерге арналған соқпақ жол салынады. Бұл ретте заманауи визит-орталықтар, глэмпингтер, кемпингтер, қазақ этноауылдары мен керуен-сарай салынуы көзделуде. Осыған байланысты барлық ұлттық табиғи парктер жүйесін дамыту бас жоспарлары бекітілген болатын. Жоспар шеңберінде Іле Алатауы ұлттық паркіндегі Түрген шатқалы, «Көлсай көлдері», Шарын бойынша туристік соқпақтар абаттандырылмақ. Өткен жылы Алматы облысының туристік саласының 2023-2026 жылдарға арналған жоспары әзірленді. Сонымен қатар, әр ауданның ерекшелігі мен туристік әлеуетін ескере отырып, Жол картасының жобасы жасалды. Инвестицияларды тарту мақсатында әлеуетті инвесторларға тұрақты негізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде өзара іс-қимыл ұсынылады. Онда отандық кәсіпкерлерге басымдылық берілді. Алдағы уақытта аймақтың туристік әлеуетін арттыруға құйылатын инвестиция көлемі ұлғаяды деп межелеп отырмыз, – дейді облыстық туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мейрамбекұлы.
Түрген шатқалы асқаралы Алатаудың бауырына сұғынып жатыр. Аталған аумақ тұмса табиғи мекен ғана емес, қоршаған ортаның сұлулығына құштар жандардың аңсары ауып тұратын туризмнің орталығына да айналып келеді. Шатқалда биіктігі 30 метр болатын әйгілі «Аюлы» сарқырамасы, сондай-ақ ежелгі реликті ормандары бар. «Аюлы» сарқырамасын көру үшін көлбей жоғары жетелеген соқпақ жолмен 40 минуттай жаяу көтерілдік. Жолай әсем табиғат пен өсімдіктер әлемін тамашалай, межелі орынға жетіп қалғанымызды да аңғармай қалдық. Сарқыраманың қасына жақындағанда мұздай суық тамшылардың салқын сызы бәрімізді әп-сәтте сергітіп жіберді. Жартас арасынан төмен қарай құйылып жатқан сарқыраманың гүрілдеген дауысынан құлақ тұнады. Мұнда да ақ моншақтарға алақан тосқан жандардың алақайлана қуанған сәттеріне куә болдық. Түрген шатқалы табиғаттың бар сұлулығын бойына жиған, көшпенділердің көне тарихының ізі қалған іргелі аумақ.
Түрген шатқалы мен Асы үстірті ескерткіштерінің көп бөлігін ертедегі темір дәуірінің обалары құрайды. Олар негізінен өзен және бұлақ жағалауларында орналасқан. Сондықтан Түрген шатқалы сан мыңдаған туристерге айқара құшақ ашып келеді. Соңғы екі жылда жеке инвесторлардың қаражатын тарту есебінен Қазақстанның ұлттық парктері мен басқа да табиғи орындарында визит-орталықтар салынып, қолданысқа берілді. Солардың қатарында Іле Алатауы ұлттық паркінде орналасқан «Turgensai» және «Batan» визит-орталықтары бар. 2022 жылдан бері қарай бой көтерген визит-орталықтар заманауи стандарттарға сай құрылған. Мұнда келген туристер ұлттық парктің қызметі туралы барлық қажетті ақпарат ала алады. Сонымен қоса, бұл өлкенің табиғаты мен тарихы, ұлттық құндылықтар жайында да молынан мағлұмат беріледі.
Біз қатысқан баспасөз туры «Ақбұлақ» тау шаңғысы курортына табан тіреумен түйінделді. Курорт тау шаңғысы мен сноуборд сияқты қысқы спорт түрлеріне, сондай-ақ тау велосипедтері мен жаяу серуендеуді қоса алғанда, жазғы іс-шараларға тамаша жағдай жасалған. «Ақбұлақ» өзінің жоғары сервис деңгейімен, дамыған инфрақұрылымымен және барлық деңгейдегі спортшылар үшін түрлі трассаларымен қонақтарды өзіне баурайды.
Бұл жолғы баспасөз турында Талғар ауданындағы орта ғасырлық «Талхиз» қалашығына барудың сәті түспеді. 2014 жылы Дохада өткен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетінің 38-сессиясының шешімімен Талғар (Талхиз) қалашығы Чанъань-Тянь-Шань дәлізі сериясының аталымына жатқызылып, Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілген еді. Былтыр Алматыда өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинарда ортағасырлық ескі қала жұрты жойылудың алында тұрғаны айтылған болатын. Өйткені, ортағасырлық Талғар (Талхиз) қаласының маңына тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, су құбыры желілері салынғанын көзбен көрген шетелдік ғалымдар бұл істің ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұраларды қорғау ұстанымына қайшы екенін жеткізген еді. Қазір ескі жұрттың қандай күйде екенінен бейхабармыз.
Жалпы облыс туризмінің дамуына түрткі болатын негізгі фактор – экотуризм. Себебі, өңірде көркіне көз сүрінетін жерлер көп. Табиғи қалпында сақталған ландшафтар арнайы тәсілдермен игерілсе, жарнамасы жоғары деңгейде жасалатын болса, біздің аймаққа қызығушылар да аз болмайды. Тек көрікті жерлер емес, тарих пен өркениеттің ізі қалған ескі елдімекендер, сан ғасыр бойы жинақталып, уақыттың сынынан өткен ұлт мәдениетін де заманауи туримнің қайнар көзі дер едік. Алты құрлық асып жеткен жандар, жаратылыстың сұлулығынан бөлек, осы топырақтағы байырғы жұрттың жасампаздығы мен жауһардай қымбат мұрасына көз салары анық. Сондықтан туримді түлету үшін көп мәселені кеңінен толғап, кешенді зерделеу керек деп білдік.
Ерзат Асыл,
Қонаев қаласы