Баршаға белгілі, Талғар ауданы дарқан қазақтың мәртебесі іспетті асқар Алатауды жағалай орналасқан. Табиғаты әсем тау бөктерлерінде демалыс үйлері мен туристер тамашалайтын көрікті орындар өте көп. Оларға апаратын жолдың екі жағы көрген жанның көз жауын алып, көк тіреген жасыл ағаштар. Содан да болар, көкірегіңді кере жұтсаң таза ауасы да тынысыңды кеңейтіп, көңілің жадырап сала береді.
Осы тұмса табиғат көрінісін таза ұстап, әлемнің түкпір-түкпірінен келетін туристерге, қонақтар мен демалушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында 200-дей еріктілер мен студент жастар Бесқайнар ауылдық округінің аймағындағы Қотырбұлақ өзенінің жағалауы мен «Ой қарағай» тау шатқалының айналасын тазалау бойынша сенбілікке шығып, ерен еңбек етті. Қолдарына жұмыс қолғабын киіп, кімі қапшық, біреуі күрек, біреуі тырма, біреуі сыпырғыш сияқты еңбек құралдарымен қаруланған жалынды жастар туған жер, ортақ Отан туралы патриоттық әндерді шырқай жүріп, күні ұзақ ерен еңбек етті. Мамыр айы аяқталып қалғанына қарамастан, бұған дейін күнде жаңбыр жауып, тазалық жұмыстарын жүргізу кәдімгідей қиын болса да, дәл осы күні студент жастар мен еріктілердің – еліміз, жеріміз, айналамыз әрқашан таза болсын деген ізгі ниеттеріне қолдау білдіргендей, күн де ашық әрі жылы болды.
Талғар ауданы әкімінің орынбасары Айбек Бидаевтың айтуынша, бұл шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен басталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының қорытындылаушы басқышы ретінде өтіп жатыр. Оның мақсаты – Талғар өңірінің тау бөктерлерінде санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізу.
– Бүгін біз өзен жағалауын, курортты аймақтағы шатқалды, демалыс үйлерінің айналасын, тау бөктерлерін тазалау үшін ғана жиналған жоқпыз, сонымен бірге біздің туристік өлкемізді бұрынғыдан да таза, бұрынғыдан да көркем ете түсу үшін келдік. Ал Талғар ауданы өзінің табиғаты сұлу орындары, туристік демалыс аймақтарымен әйгілі. Сондықтан туған жердің табиғатын аялап, оны сақтау, таза ұстау – біздің перзенттік парызымыз, – деді ол.
Студенттер мен ерікті жастардың өскелең ұрпаққа үлгі боларлық игі істерін қолдау ретінде Алматы облыстық Жастар ресурстары орталығының басшысы Мақсат Кенешов те құттықтау сөз сөйледі. Ол Президенттің бастамасымен ел көлемінде бір айдан аса өтіп жатқан бүкілхалықтық шараның қорытындылаушы басқышының маңызына тоқталып, сенбілікке жиналған жұртқа аймақта атқарылған жұмыстар жөнінде қысқаша мәлімет берді.
Оның айтуынша, жастар және аудандық, облыстық ЖРО өкілдері тарапынан шара басталғалы экологиялық тазалау жұмыстары бойынша ауқымды іс атқарылған. Атап айтқанда, 9235 адам қатысқан сенбіліктер кезінде 530 тонна әртүрлі қоқыс шығарылып, 39 шақырым кәріз жүйелері тазаланыпты, 7 апатты қоқыс алаңы жойылған. Сондай-ақ 10 241 түп әртүрлі ағаш көшеттері отырғызылған. Бұл шараларға 35 мың ерікті мен 15 мыңнан асап студент жастар қатысқан. Ең бастысы, олардың барлығы туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас деп, ортақ Отан – қасиетті Қазақстанымызға деген шынайы сүйіспеншіліктерін паш етіп, өз еріктерімен саналы түрде шыққан.
«Тазалық – денсаулықтың кепілі» дейді халық даналығы. Туған жер мен тұмса табиғаттың тазалығын сақтап, курортты аймақты тазалау жұмыстарына қатысқан жастар мен еріктілердің ерен еңбегі, отаншыл қасиетіне Бесқайнар ауылдық округі қоғамдық кеңесінің төрағасы Қайрат Шаймерденов пен ауыл әкімінің міндетін атқарушы Алмас Абсадықов ағалық ризашылықтарын білдірді. Шараға ауыл әкімдігінің оншақты қызметкері де белсенді қатысып, ел үшін еңбек етуді арман тұтқан жалынды жастарға жолбасшы болды.
Тұмса да таза табиғат аясында бас қосып, туған жердің көркемдігінен рухтанған жалынды жастар сол күні жоғарыда аталғандардан басқа «Пионер» демалыс үйінің аймағын да асқан ұйымшылдықпен тазалап қойды.
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы