Әлеуметтік салаға бағытталған «Zhas project» шағын грант байқауы өз мәресіне жетті. Жобаға өтінім қабылдау барысында жұмыссыздар санатындағы 18-35 жас аралығындағы 350 азамат қатысуға ниет білдірген. Техникалық байқау талабына сай келген жобалар комиссияның қарауына ұсынылған. Биыл «Zhas project» жобасының қорытындысымен 20 бизнес-идея үздік деп танылды. Оларға 1 млн теңге көлемінде қаржы берілді.
Облыстық жастар ресурстық орталығында жоба жеңімпаздарына шағын грант табысталды. Шара аясында аймақтық Азаматтық альянстың атқарушы директоры Ерұлан Әлғожа мен облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Ләззат Мырзабекова «Zhas project» жобасында үздік деп танылған жастарды марапаттап, оларға толағай табыс тіледі.
«Zhas project» жобасы NEET санатындағы жастарды нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталған. Осыған орай байқауда халықтың осал топтары мен шалғай ауылдық елдімекендердің жастарына ерекше басымдық берілген. Сонымен қатар жобаның бірінші кезеңінде қатысушыларға кеңестер беріліп, шалғай аймақтарда тұратын жастармен кездесу ұйымдастырылған. Ал екінші кезеңде іскерлік дағдыларды үйрету, дамыту және жүзеге асыру бойынша тренингтер өткізілді.
– Бұл жоба жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Бірақ биыл жастар айрықша қызығушылық танытты. Бүгін кіл мықтының арасынан шын мықтыны саралап, арнайы сертификаттарын табыстап жатырмыз. Олардың алдағы кәсіптеріне табыс тілейміз! Төрт ай бойы жобаның жүзеге асу барысы біздің тікелей бақылауымызда болады. Былтыр 150 жас осы жобада бақ сынап еді, биыл қатысушылардың қатары екі есеге көбейді. Бұл жастардың кәсіпкерлікке барынша бағыт алғанын көрсетеді. Әсіресе Ұйғыр және Еңбекшіқазақ аудандарынан қатысушылардың қарасы көп. Ал жобалар әлеуметтік қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы және шағын өндіріс салаларын қамтиды. Бұл жобалар жүзеге асса, ауылдық жерлердегі тұрғындардың бір бөлігін жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады, – дейді облыстық Азаматтық альянстың президенті Балжан Досалы.
Биылғы «Zhas project» жобасында жоғары бағаланғандардың бірі – Еңбекшіқазақ ауданынан келген Арайлым Бақбергеннің «V.sshokolade» жобасы.
– Менің жобамның басты мақсаты – заман талабына сай әртүрлі десерттер мен шоколадтарды жасай отырып, үйде отырған жұмыссыз аналарға тегін шеберлік сабағын өткізу. Қазіргі таңда заманауи, өтімді кәсіптің бірі шоколадты құлпынай болғандықтан, жастар арасында оны жасаудың тегін курстарын ұйымдастырамын. Жастар үйрене отырып, білімін дамытады. Екіншіден, болашақта осы тәттіні жасау арқылы өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік алады, – дейді жоба жеңімпазы.
Биылғы «Zhas project» шағын грант иегерлерінің арасында Тахир Сұртаевтың «Робототехника», Жұлдыз Қыдырмоллаеваның «ЭКО ЖӨРГЕК», Абзал Арыстанбековтің «Пластикалық терезелер өндіру және орналастыру» сынды жобалары бар.
Ерзат Асыл,
Қонаев қаласы