Қазіргі таңда цифрлық технологиялар адамға үйден шықпай-ақ жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Графикалық дизайннан жасанды интеллектіге дейін олар цифрлық салада кәсіпқой болғысы келетін кез келген адам үшін үлкен мүмкіндіктер ұсынады. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандарды ерекше қызықтырады. Олардың әрқайсысы үшін шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін көтеріп, қажетті дағдыларды меңгеруге және табысқа жетуге жол ашады.
Дәл осы мақсатта Қонаев қаласындағы ««ITeachMe» құзыреттілікті дамыту орталығы» қоғамдық қорының амбассадоры Ләззат Салықова «ORLE TECH» білім беру жобасына қатысу шарттарын түсіндіру жөніндегі алғашқы кездесуін өткізді. Оның аясында барлық жастағы адамдар цифрлық салада заманауи мамандықтарға оқытылады, сонымен қатар тағылымдамадан өтуге және одан әрі жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі.
Жиынға қатысушылар жобаның мақсаты мен міндеттерін үлкен қызығушылықпен тыңдады. Тұсаукесер барысында үш топ ұйымдастырылды. Олар – жасанды интеллектімен жұмыс істейтін AI-мамандары, NO CODE – кодты алмастыратын веб-қосымшаларды құруға арналған интерфейс және WEB-MASTER туралы шағын ақпарат дайындайтын топ. Әрқайсысы өз мамандығын таныстырып, оның артықшылықтарын айтуға тиіс болды. Әсіресе Нина Кальниченконың таныстырылымы көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Ол ноукодер мамандығы туралы қарапайым және сауатты түрде мағлұмат берді. Графикалық дизайнер мамандығын меңгеріп жатқанын, қазірдің өзінде онлайн және офлайн сурет салумен айналысатынын баяндады. Бойжеткен сандық технология саласында үлкен мүмкіндіктерге жол ашатын жасанды интеллект бойынша білім алуда.
Жобаға қатысуға ниет білдірушілер онлайн өтінім беріп, біліктілік кезеңінен тестілер, сұхбаттар және мотивациялық эссе тапсыру арқылы өтулері керек. Осылайша жобаға ең мақсаткер жандар енді. Сосын шара лагерьдегі кездесуге жалғасып, ол жаңа танысуларға, шығармашылық тәжірибе алмасуға, өзін және өзгені тануға ұласады. Мұнда тәжірибелі психологтар мен жаттықтырушылар жан-жақты жұмыс жүргізген соң ғана кәсіби курстарда оқыту басталады. Жұмыстың бұл түрі көптеген адамның өзіне деген сенімділігінің арттыруына мүмкіндік береді.
Кәсіби курстар онлайн түрде өткізіледі. Онда мұғалімдердің жетекшілігімен студенттер сабақ қарайды, үй тапсырмасын орындайды, нақты істер бойынша жұмыс жасайды, курстық жұмыстарды әзірлейді және қазылар алқасының алдында қорғайды. Олар коммерциялық тапсырыстарды алып, орындағаннан кейін жұмысқа орналаса алады. Әр кезеңде барлық қатысушыға қолдау көрсетіледі.
Ләззат Салықова қор әркімнің тең мүмкіндіктерін жасап, әлеуетін ашып, адамдарды біріктіре отырып, заманауи мамандықтарға үйретіп, үздік болуға шабыттандырады деп атап көрсетті.
Бейбіт Мекеев