Қонаев қаласында инженерлік желілерді дамыту мен жаңғыртуға айрықша көңіл бөлінуде. Бүгін Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов №1,2,3,4,5, Ивушка ш/а және Қойшыманов көшелерінің тұрғындарымен кездесіп, аталған бағытта жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Әкімнің сөзінше, жаңа ғимараттарды үздіксіз жарықпен қамтамасыз ету және электр энергиясының тапшылығын азайту үшін 4 қосалқы станция («Арна», «Кокшил», «Тамаша», «Тамғалы тас») салынады. Сондай-ақ жұмыс істеп тұрған 2 қосалқы станцияны («Қапшағай», «Робот») реконструкциялау бойынша жұмыстар жүргізіледі.
Ал ауыз су мәселесіне тоқталған Асхат Бердіханов қазіргі таңда желілердің 80%-ы тозғанын алға тартты.
«Бұл түйткілді шешу үшін Кешенді даму жоспарының аясында 188,1 млн. теңге сомаға 6 жоба жүзеге асады. Сонымен қатар 2023 жылдан бастап 8-10-шағын аудандарын сумен жабдықтау және кәріз желілерінің құрылысы жобасы іске асырылуда», – деді әкім.
Қалада 2021 жылдан бері «Аулаларды абаттандыру» жобасы орындалуда. Шаһар басшысының мәліметінше, бүгінде 33 аулада құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Биыл осы жобаны аяқтауға 245,3 млн теңге қарастырылған. Тұрғындардың шағымын тудырған аулаларды мамандар аралап шығып, бөлек шешім қабылданады.
Аталғандардан басқа, әкім шатырлар мен қасбеттерді, кәріз жүйесін, жолдарды жөндеу, туризмді дамыту секілді салаларға тоқталып өтті. Кейіннен халықтың қойған сұрағына жауап берді.
Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі