Қарасай ауданында Рушан Байтанова жетекшілік ететін «Rakhym» жекеменшік қайырымдылық қоры өз тәрбиеленушілеріне тағы да көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бұл жолғы мереке әлем бойынша аталып өтетін халықаралық балаларды қорғау күніне орайластырылған еді. Балаларды осыну қуаныштарымен құттықтауға халық қалаулылары мен нағыз әртістер келген болатын. Бұл мерекенің басты кейіпкерлері ерекше күтімді қажет ететін бүлдішіндер болғандықтан шара «Біздің жұлдыздар» деп аталғанын айта кету керек.
Ең алдымен осы қорға тиесілі ғимарат аумағының әдемі әрі жоғары талғаммен безендірілуі бірден көзге түсіп, жақсы көңіл-күй сыйлайды екен. Түп-түзу әрі сапалы жасалынған жаяулар жүретін аллея, көрер көзге көрнекті ғимараттар, теп-тегіс қырқылған көгалдар мен су аймағы, тамаша гүлзарлар қамқор қолдан шыққанын аңғартатындай. Қаскелең қаласындағы Жароков көшесінде орналасқан «Rakhym» жекеменшік қайырымдылық қорының бас кеңсесі де осы жерде орналасқан. Аталмыш қордың бұдан басқа Алматы қаласы мен Жамбыл ауылының орталығы – Ұзынағаш ауылында жұмыс жасайтын үш филиалы бар. Міне, балаларды қорғау күніне арналып өткізілген мерекеге аталған филиалдарда тәрбиеленетін балалардң бәрі де келген екен. Бүлдіршіндер қызылды-жасылды безендірілген жолмен сап түзеп өтіп, қуаныштың басталғанынан хабар берді. Көк, сары, ақ және жасыл футболкалар киген балалардың өздері гүлдей құлпырып, айналаға шуағын шашатындай.
Балалардың мерекесін қызықты өткізу үшін арнайы аниматорлар шақырылған екен. Күнделікті теледидардан көріп жүрген сүйікті кейіпкерлері жандарына келіп, өздерімен ойнай бастағанда олардың қуанышында шек қалмаған. Бүлдіршіндермен бірге жүгіріп, билеп, түрлі көріністер көрсеткен аниматорлар ертегі әлеміне жетелегендей әсер қалдырған.
Ал, мерекелік шараның ең есте қаларлық оқиғасы, әрине, концерттік бағдарлама болғаны дау туғызбайды. Бұл жолы кішкене көрермендер алдында «Алтынай» шоу-балетінің өнерпаздары, «Мұз-Арт» тобы мен өзге де танымал өнерпаздардың көрінуі қызық-қуанышты еселей түскен. Бұл үрдістен тәрбиеленушілердің өздері де шет қалмай, арнайы дайындаған концерттік бағдарламасын жұртшылық назарына ұсынды. Сонымен қатар шара барысында сурет салудан байқау ұйымдастырылып, аквагрим өнері бойынша мастер-класс өткізілді. Осылардың барлығы мерекенің маңызы мен мазмұнын арттыра түскен.
Осы шараға Қарасай аудандық мәслихатының төрағасы Бауыржан Айнабеков бастап келген халық қалаулылары бүлдіршіндерді халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтап, тәттілер сыйлаған. Ал, облыстық мәслихаттың депутаты Жанна Жазықбаева қайырымдылық қорына қаржылай көмек көрсетті. Салтанатты шара барысында қор жетекшісі осында еңбек етіп, балаларға қамқорлықтарын аямай көрсетіп жүрген жекелеген қызметкерлері мен демеушілерге Алғыс хаттар табыс етті. Бұл жерде бүлдіршіндерді дәмді де балғын нан өнімдерімен қамтамасыз етіп келген «Ақсай-нан» наубайхана комбинатының жетекшлері мен ерекше күтімді қажет ететін балаларға қолдау көрсетіп жүрген «KZ Recycling» ЖШС-нің басшыларына айтылар алғыс ерекше болды.
Бір сөзбен айтқанда, бұл күні бүдіршіндер үшін нағыз мейрам болды десе жарасады. Өздері үшін ұйымдастырылған шарадан жақсы көңіл-күй мен әсер алған олар үйлеріне риза көңілмен аттанған. Ең бастысы, ерекше балалар басқалардың өздеріе деген қамқорлығы мен ілтипатын сезініп, өмірге деген құштарлықтарын еселеп қайтқаны анық!
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы