КСРО – Қытай арасындағы жер дауы үшін болған қақтығыстың куәгері Құрамыс ақсақалмен әңгімелесіп отырғанда, сөзден сөз өрбіп, ол кісі өзінің есімінің кезінде «халық жауы» атанса да намазын қаза қылмаған белсен[1]ді революционердің құрметімен Құрамыс қойылғанын айтып қалды. Қызығушылығым ұстап, айтып беруіне қолқа салдым. Ақсақал әңгімесін әріден бастады. Сонымен…
Құрамыстың әкесі Сәрсебай Қыбырайұлы 1898 жылы Бұғыты қыстауында дүниеге келіп, Қорам ауылындағы молдадан сауат ашқан, көзі ашық адам болған екен. 1916 жылғы «Қарқара көтерілісі» аталатын ұлт-азаттық көтерілісіне қатысып, тұтқындалып, Орал қаласына жер аударылып кетеді.
Қарқара – Жетісу облысының Жаркент уезіне қарайтын жайлау және әйгілі халықаралық жәрмеңке орталығы болған, 16 болыстан тұратын Албан тайпасының атақонысы еді. Оның 13-і – Жаркент, ал үшеуі Верный уезіне қарады. «Нарынқол – Шарын» приставының бастығы Подворков болыстықтың беделділерін шақырып алып, патша жарлығымен 19- 31 жас аралығындағы жастарды жинап беруге бұйырады. Бұл жөнінде ақылдасып жауап беруге келіскен қазақ белсенділері бас қосып, «майдан жұмысына адам бермейміз» деп келіседі. Подворков орыс жасағын алып келіп, «Ереуілтөбеде» болғандарды түгелге жуық тұтқындап, түрмеге қамайды. Міне, осы көтерілістің ортасында болған Сәрсебай ата батыс аймаққа – Оралға жер аударылып, 1921 жылы елге оралады.
Ұжымдастыру кезінде қазіргі Малыбай ауылының маңындағы Қызылбұғытыдағы 18-ауылда ауылдық Кеңес төрағасы (ауылнай) болып қызмет атқарып жүргенде, 1936 жылы тұтқындалып, Сібірге, Иркутск концлагеріне қамалады. 1944 жылы ай сайын 10-15 адамды ату жазасына бұйырып отырған. Иркутск концлагерінің коменданты қазақстандық, Балқаш өңірінің азаматы Григорий Чернов екен. Келесі ату жазасының тізіміне ілінген Сәрсебай коменданттан дәрет алып, намаз оқып алуға рұқсат етуін өтінеді. Рұқсат алған С.Қыбырайұлы казармаға намаз оқуға кеткенде, қара тізімге ілінген 15 адамды дереу ату бұйрығы келеді. Сонда комендант: «Бір адам казармада, қазір келеді» дегеніне қарамай, «Мыналарды алып кетіңдер. Ол адамды келесі тізімге кіргіземіз» деп, тездетіп, бұйрықты орындатады. Сөйтіп, оны құрбандықтан құлшылық құтқарып қалады. Алайда, келесі айды қайғыра күтіп, іштей уайымдап, азып кетеді. Сол кезде Бас қолбасшы И.Сталиннің ату жазасын тоқтату туралы бұйрығы шығып, аман қалып, елге оралады.
Концлагерьде Сәрсебай ата Құрамыс деген революционермен бірге болады. Сонда Құрамыс: «Менің балаларым «халық жауының ұрпағы» деген жаман аттан әрі қудалаудан құтылу үшін тектерін ауыстырды, тарихтан атым өшетін болды», – деп қайғы жұтады екен. Сонда іштей уәде берген Сәрсебай қария ауылға келген соң жұбайы ұл босанып, сәбиге Құрамыс деп ат беріпті. 1968 жылы өлгеннен соң ақталады. Қазір Алматы қаласының маңында Құрамыс деген ауыл «халық жауы» болған тұлғаның есімімен аталыпты. Әкесінің атын өшірмей, бұл игі істі жүзеге асырған, кәсіпкер – Құралай Құрамысқызы.
Р.S. «Өмір – майдан, өлім – ойран» деген осы. Саяси қуғын-сүргін – мыңдаған жазықсыз адамның қаны мен көз жасына суарылған тарихтың шерлі беттерінің бірі. Ал біздің борышымыз – осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған азаматтардың есімдерін ұмытпай, мәңгі еске сақтау.
Анарбек Бердібаев,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі