Әрбір оқу жылының аяқталуынан көпшілік жақсы нәтижелер күтеді. Өйткені Алматы облысының ағарту саласында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Сонымен қатар кезегін күткен мәселелер де бар. Осыларды талдап, таразылау мақсатында облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева ханыммен әңгімелескен едік.
– Салтанат Дауыспекқызы, облыстағы оқу жылының аяқталуына байланысты пікіріңіз қандай? Былтырғымен салыстырғанда қол жеткізген нәтижелердің саны мен сапасы сізді қанағаттандыра ма?
– Басталған істі аяқтау, атқарған жұмысты қорытындылау – ол да бір ғанибет. Себебі нені алдық, не бердік деген сұрақтардың жауабын іздеу біз үшін емтиханнан кем соқпайды. Түлектер – елімізді өркендетін тың күш. Олар өздерін өмір жолына нық қадам бастырған ұстаздарына шын жүректен риза болса, жастардың алғысын арқалаған оқытушы – ең мәртебелі мұғалім.
Ағартушылық міндеттің қашанда жолы жіңішке, жүгі ауыр. Сондықтан мұғалімге мол біліммен қарулану аздық етеді. Оның бойынан ар-ұяттың өнегесі жан-жаққа шашырап тұруы қажет. Болмыстың осындай заңдылығын әріптестерден талап етсек артық болмайтын шығар. Ісін ізгілікке ұштастырған ұстаздар арамызда аз емес. Олар уақыт көшін өркениетке бастау үшін аянбай еңбек етіп, тер төгіп келеді.
Міне, оқу жылының 34 апталық мерзімі де зу етіп өте шықты. Ағымдағы қызметті ойдағыдай қорытындыладық деп ойлаймын. Соның ішінде мына жаңалықтарды ерекшелеп айтқым келеді. Ағылшын тілін оқытудың жүктемесі бір сағатқа көбейді. Сонымен қатар қазақ тілінен емтихан тапсыру жолға қойылды. Бірі – халықаралық қарым-қатынасқа негіз қаласа, екіншісі – мемлекеттік тілдің бұдан да мығым мойындалып, нығая түсуіне әсер берді. Нәтижесінде өскелең ұрпақтың жарқын болашағы қалыптасады.
«Білім беруді өзгертудегі 1000 көшбасшы» бағдарламасы бойынша республикалық кадрлық резервке қосылған үш мұғалім облыста мектеп директорлығына тағайындалды. 29 мектептің оқытушылары TALIS – 2024 халықаралық зерттеушілер тобына қатысты. Облыста Арифмед және Евклид олимпиадасы ұйымдастырылып, оның үздіктері республикалық байқауда бақ сынады. Олар метематикалық регадан ІІ жүлдені иеленді. Алғаш рет Ауыл олимпиадасы қолға алынды. Республикалық жарыста ауыл балаларынан құралған облыс командасы еліміз бойынша екінші орыннан көрінді.
Мен атаулы шаралардың бастыларына ғана тоқталып отырмын. Алдағы жылғы жоспарларымыз бұдан да ауқымды әрі мазмұнды болып, сапалы жүзеге асады деген үміттемін.
– Бәрекелді! Енді халықтық мақалға айналған мына бір тіркесті сәл өзгертіп есіңізге салайын. «Ел болам десең, мектебіңді түзе» десек, бұған не айтасыз?
– Алаш қайраткерлері «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп өткен нағыз ұлтжанды азаматтар болды. Қайраткерлер аталарымыз балалардың болашағына бекер алаңдаған жоқ. Себебі бесік пен мектептің ұрпақ тәрбиелеудегі сипаты ұқсас. Біріншісінің мазмұны – жөргектегі сәбиге ұлттық қасиеттерді қазақы үнмен құлағына құюды міндеттейді. Оны ұмытпа дегенді меңзейді. Екіншісі – ұлы дала ұлағатын баланың санасына басқа қырынан дарыт дейді. Сондықтан ана мен мұғалімнің қоғам үшін қадірі бөлек. Мектепті түзеуді – мектепке күрделі жөндеу жасаумен шатастырмау керек. Ол – ұлттық рухты баланың қаны мен жанына сіңірудің қызметі. Бұл – біз күнделікті айтып жүрген қазақстандық патриотизмнің өзегі.
Әрине, ортақ бағыт-бағдарға қарамастан, жоспарларды дербес жүзеге асыратын шығармашылық ізденістер керек. Мектеп – ұрпақтар легін елдік мұраттарға бейімдейтін киелі мекеме. Түлектер есеюдің алғашқы сатысына толық дайын болса, еңбегіміздің ақталғаны. Мектебіңді түзе дегенде, ойыма осындай пікірлер оралады.
– Жаңа Қазақстанды жаңа адамдар өркендетеді. Осы туралы Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев та үнемі айтып келеді. Демек ұлттық тәрбиенің ешқашан екінші орынға ысырылмайтыны анық. Осыған қатысты ойыңызды ортаға салсаңыз?
– Бүгінгі күннің анықтамасында «Бәсекеге қабілетті» деген сөз бар. Білімді, білікті азаматтары көп ел құрмет пен табысқа кенеледі. Бақуатты өмір сүреді. Біздің елдің жастары да бәсекеге қабілетті болса деп армандаймыз. Бұл іске баулитын басты тұлға – мұғалім. Сондықтан балалар мектептен не алса, өмірден соны көреді.
Ұлттық тәрбиенің құнын бабаларымыз жалғыз сөзбен түйіндеген. «Малымды алсаң ал құдай, пейілімді алма» деді. Тәрбиелік сананы бірінші орынға шығарды. Мектеп осы қағиданың тамырын тереңге жіберу арқылы ұмытылған асылдарды қайта жандандыруға тиіс деп ойлаймын. Мәселен, шығыстық менталитеті бізге жақын жапон елінің ағартушылық табыстары адалдық пен ақиқатқа, ата салтқа негізделген. Мектеп пен отбасы тығыз байланыста болып, ұрпақ болашағы үшін күрессе, одан артық қандай жеңіс бар?
– Сөзіңізді бағдарлама тектес мазмұнға сыйдырып жақсы айттыңыз. Енді келесі сұраққа көшейік. Біздіңше, мұғалім де шығармашылық адамдарының санатына жататын сияқты. Өйткені білімін тынымсыз шыңдау оларға да тән. Оқытушылардың осындай іс-әрекетіне қандай баға бересіз?
– Жазушы да, өнер қайраткері де, мемлекеттік және саяси қызметкерлер де мұғалімдердің шекпенінен шығады. Оларды баулыған жанның шығармашылық санатқа қосылатыны жазылмаған заңдылық. Әрбір білікті оқытушы өзін солай сезінеді.
Білім жетілдіруге мұғалімдердің өздері де, біз де мүдделіміз. Интерактивті және практикалық оқытуды жолға қою арқылы педагогикалық саладағы жаңашылдықтың сырын ашуға ұмтыламыз. Технологияларды біріктіріп қарастыру да зор пайдасын тигізіп келеді. Тәлімгерлік бағадарламаның да жөні бөлек. Бұл әдіс, әсіресе, жас кадрларды аға буын өкілдерінің іс-тәжірибесіне қанықтырумен ерекшеленеді. Кәсіби дамудың жолдарын назардан тыс қалдырмай, мұғалімдердің уақыт талабына сай жетіле түсуіне жол ашамыз. Сол сияқты, ата-аналармен байланысты нығайтудың тиімділіктерін арттырамыз. Осының бәріне он ойланып, жүз толғанатын шығармашылық қуат қажет. Қарапайым мұғалімдіктен қастерлі ұстаз атанудың арасында қызығы мен қиындығы мол сан тарау соқпақтар жатыр.
2023 жылы жоғарыда айтылған мақсаттар бойынша облыста 12452 мұғалім біліктілікті арттыру курстарынан өтті. 1189 адам курстың тыңдаушысына айналды. Жыл соңына дейін біліктілік оқуларына 6621 мұғалімді қатыстыруды жоспарлап отырмыз. Дүние сәт сайын жетіліп жатыр. Бүгінгі жаңалық ертеңді қамтамасыз ете алмай қалса таңғалмаймыз. Бұл жерде курс берген біліктілікті мұғалім үнемі тың ізденістермен толықтыруға тырысады. Ағарту саласындағы мамандарды шығармашылық адамдардың санатына қосатынымыз сондықтан.
– Облыстағы басқармаға қарайтын колледждердің бүгінгі жағдайы қалай? Жастарды кәсіпке баулу мәселесінде не жаңалық бар? Олардың ертеңі туралы қандай болжамдар айтасыз?
– Жастарды кәсіпке баулу арқылы жұмыспен қамту жүзеге асады. Ел экономикасы алға басады. Осыған байланысты біздің тараптан қолға алынып жатқан іс-шаралар аз емес. Атап айтсақ, облыстағы 40 колледж орта буын мамандарды дайындауға белсене кірісті. Оның 22-сі мемлекетке қараса, 18-і жекеменшік нысандар. Бірақ бәріне бақылау жасайтын – білім басқармасы. Колледждердің көпшілігі берік материалдық-техникалық базаға ие. Ұзамай барлық колледждер бір-бірімен толық теңеседі деген ойдамыз. Аймақтағы кәсіпкерлік нүктелерді маман жұмысшы кадрлармен қамтамасыз етуге үлес қосудамыз.
Колледждерде ескерілетін ерекшелік – жастарды теориялық тұрғыдан қаруландырумен бірге, олардың практикалық шыңдалуын өскелең өмір талабына сай қалыптастыруға ұмтыламыз. Әлемдік стандарттың өнегесін өлшем етеміз. Тиімді тәсілдерді қолданысқа батыл енгізе бастадық. Дуальды оқытудың өрісін ашып, теория мен тәжірибенің өзара байланысын нығайту үстіндеміз. Жастарды кәсіптік шеберліктің қыры мен сырына қанықтыру үшін қолда бар мүмкіндіктерді пайдалануды бәріне міндеттедік. Мәселен, біз назарға алған «WorldSkills» жобасы өз тиімділігін дәлелдеп келеді. Сонымен қатар «Жас маман» жобасы да ойымыздан шықты. 5 колледжде құзіреттілік орталықтары ашылды. Осы оқу орындарының үшеуі ішкі мүмкіндіктерін жан-жақты сараптай отырып, жеке кәсіптерін ашуға қол жеткізе алды. Кәсіптік қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар және Ұзынағаштағы колледж өздері бастаған сәтті істерінің арқасында ойдағыдай нәтижеге қол жеткізді.
Аталған колледждерде студенттер кәсіптік шыңдалуға бетбұрды. «Вкусно как у бабушки» және «Шайға тәттіден» деп аталатын студенттік бизнес-инкубатор «Start-UP» жұмыстарын сәтті жалғастырып жатыр. Өздері жасаған тұшпара, манты секілді тағамдар және әртүрлі кондитерлік өнімдер әлеуметтік желі арқылы жарнамаланып, сұраныстарға ие болуда. Соның арқасында колледж кәдімгідей табыс тауып, ортақ қорға ай сайын 500000 теңге көлемінде кірістер әкелді.
Әрине, негізгі мәселе ақшада ғана емес, ондағы басты жетістік – жастар колледж қабырғасында жүріп-ақ кәсіпкерлікті меңгере алды. Тәжірибе жинақтады. Ондай жас күні ертең ештеңеге жалтақтамай, жүретін жолын жаңылмай табатын болады. Мұндай жаңашыл бастамалар баршаны қызықтырады. Шабыттарын тасытып, жігерін жаниды. Сондықтан алдағы оқу жылында Алматы экономикалық, Талғар агробизнес және менеджмент, Қонаев қаласындағы көпсалалалы коледждер жоғарыдағы әріптестерінің қатарына қосылады деген сенімдеміз. Олар да «Start-UP» жобасымен коммерциялық бағытқа бетбұру үшін қазірден бастап дайындыққа кірісті.
– Колледж бітірушілердің жұмысқа орналасуын қадағалайтын мүмкіндіктер сіздерде бар ма?
– Колледжде үздік оқуға тырысқан студент өз болашағын өзі реттей алатын қуатқа ие болады. Бір қуанарлығы, мұндай жастардың саны артып келеді. Қазір жергілікті жерлерде кәсіпкерлік өрісін кеңейтіп жатыр. Кәсіпорын иелері ең алдымен білімді мамандарды іздейтіні рас. Өйткені шынайы бизнес тамыр-танысқа, туыстыққа негізделмейді. Кім ортақ іске пайдасын тигізсе, соған жұмыс орындары есігін айқара ашады. Осы шарттың талабына қаныққан жастар уақыттан ұтылмайды. Кәсіпорындар мен колледждер іскерлік байланыстарын нығайтса, түлектер үшін жаман емес. Оның барысын қадағалауға біз мүдделіміз.
– Қойнауы қызыққа толы жадыраған жаз келді. Оқушылар демалысын ұйымдастыруға арналған жоспарларыңыз қандай?
– Облыста мемлекеттік меншік пен жеке иелікті қосқанда 20 сауықтыру лагері бар. Онда 272861 баланың он күннен демалуы жоспарланған. Тиісті қаражат бюджеттен бөлініп отыр. Сонымен қатар 400 мектептің қасында демалыс алаңдары жұмыс істейді.
Жазғы демалыстың әр күні босқа өтпейді. Мәселен, 131849 бала еңбекке баулу шараларына қатысады. Олар айналаны көгалдандыруға, мектептің орманшылық ісіне, басқа да тиімді жұмыстарға араласады. 49830 бала туристік жорықтарға шығады. Өлкетануға көңіл бөледі. 35154 бала шығармашылыққа сұранып отыр. Сондай-ақ үйірмелер мен клубтар оқушыларға есіктерін айқара ашады. Спорттық жарыстар, роботехника байқаулары қызады. Барлық санаттағы балалардың назардан тыс қалмауын қадағалаймыз.
– Өзіңіз де жақсы білесіз, күні кеше ғана Райымбек ауданы Текес ауылында «Оқитын отбасы» челенджі басталды. Тұрғындар кітап оқумен бірге «Алатау арайы» газетіне жазылуға шақырып, облыс жұртшылығына үндеу тастады. Өткен жылы сіз де осы тектес бастама көтеріп көпшілікті бір серпілтіп едіңіз. Сол өнегені жалғастыруға ниеттеріңіз қалай?
– Текестегі «Оқитын отбасы» шарасы орта мектепте өтті. Осыдан-ақ бұл іске білім басқармасының қалай қарайтынын байқаған шығарсыздар.
Кітап оқу, газет оқу – ұлттық мәні зор ауқымды шара. Оқитын ұрпақ қана өзін де, елін де биікке көтереді. Сондықтан әр мектеп, әр отбасының аталған іске ықыласпен қатысқандары керек. Әкелеріміз бізді баспасөзбен тәрбиелеген еді. Сол үрдістің ұлттық дәстүр болып қайталанғанын қалаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Болат Мәжит