Алматы облысы көлемінде тіркеуде жоқ заңсыз қару-жарақтарды сатып алу акциясы аяқталып, қаражат толығымен игерілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркебұлан Ахметов баяндады.
Акция заңсыз сақталған атыс қаруын анықтау және қаруды пайдалана отырып жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған.
Еркебұлан Ахметовтың сөзінше, аталмыш акция биылғы жылдың 22 сәуірінде бастау алды. Ал, қылмыстың санын азайту мақсатында өткізіліп жатқан іс-шараға мемлекеттен 3 млн 611 мың теңге бөлінген.
«Акция аясында ішкі істер органдарының бөлімшелеріне хабарласып, тіркелмеген қаруды тапсырған азаматтар ақшалай сыйақы алды. Сатып алуға заңсыз сақталған атыс қаруы мен оқ-дәрілердің, сондай-ақ жарылғыш заттардың барлық түрлері жатады. ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабына cәйкес, заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен босатылады», – деді Еркебұлан Ахметов.
Атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша, өңірде азаматтардан 42 дана қару, 11 дана ойық және 32 дана тегіс ұңғылы, 1 дана травматикалық қару қабылданды. Жалпы 30-дан астам азамат суық қаруды өз еркімен өткізуге өтініш білдірген.