Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше Алматыда қазақ ғылымының қарашаңырағы – Ғылым академиясында еліміздің жас ғалымдарымен кездесті. Кездесуде еліміздегі ғылымның жай-күйі, оның дамуы, ғалымдарға көрсетілетін қолдау туралы біраз мәселе айтылды. Жалпы, Мемлекет басшысы мемлекеттің дамуы үшін әуелі білім-ғылымды дамытуқажет екенін жиі айтып, баса назар аударып жүр. Мәселен, биыл сәуірде өткен Ғылым және жоғары технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында Тоқаев шетел дік ғылыми орталықтарда табысты қызмет атқарып, ғылыммен айналысып жүрген қазақстандық ғалымдарды отанына оралып, туған елге қызмет етуге шақырған. Кеше өткен келелі кездесуде де Тоқаев дарынды , еңбекқор жастар, оның ішінде ғалымдарды ұлтымыздың басты капиталы және қоғамдағы оң өзгерістердің қозғаушы күші деп атады.
Ғылымды дамытуға орасан инвестиция қажет екені даусыз. Бұл тұрғыда Қазақстанда соңғы жылдары ғылымды дамытуға бөлінетін жалпы қаржы көлемі ұлғайып келеді. Нақты айтсақ, 2021-2023 жылдары республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыру екі есеге жуық өсті. 2020 ж.– 89,0 млрд.теңге болса, 2021 ж. – 109 млрд. теңгеге жетті. 2023-2025 жылдарға арналған ғылым бюджеті 3,5 есеге ұлғайтылды.
Мемлекет басшысы ғалымдарға жағдай жасау керек деген бос сөз емес екенін, мемлекет тарапынан нақты жұмыс атқарылып жатқанын айтып, алдағы екі жылда жас ғалымдардың зерттеуіне бөлінетін грант саны тағы да көбейетінін, ол үшін бюджеттен 18 миллиард теңге бөлінетінін мәлімдеді. Мұның сыртында ғылымға бет бұрған жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін былтыр 300-ге жуық жас ғалым жеңілдікпен баспанаға қол жеткізсе, биыл тағы 200-іне баспана бұйырмақ.
Осындай нақты қолдаулардың әсері де болар, кейінгі дерек бойынша елімізде ғалымдардың саны артып келеді, оның ішінде 40 жасқа дейінгі ғалымдар барлық ғалымның 46 пайызын құрайды екен. «Жас ғалым» жобасы бойынша жыл сайын 1000 грант бөлініп, әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында жыл сайын 500 ғалымның тағылымдамадан өту іске асырылып жатыр.
Ғылымның жетістіктерге жетуі олардың нақты өмірде қолданысқа еніп, қоғамның, экономиканың түрлі салаларына оң өзгерістер әкелуінен көрінеді. Ол үшін ғылыми орта мен бизнес селбесе жұмыс істеп, ортақ мақсат қоюы керек.
Тоқтархан Көмеш,
Астрофизик, Назарбаев университеті Энергетикалық Ғарыш Зертханасында ғылыми қызметкері