Алматы облысы – республикадағы халық тығыз қоныстанған өңірлердің бірі. Облыс пен Алматы агломерациясы аймағында 674 саяжай алабы бар. Соңғы ресми есеп бойынша, облыстағы 2 миллионнан астам халықтың 200 мыңнан астамы осы саяжай алаптарында тұрады. 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күніне орай Еңбекшіқазақ ауданына барып, саяжайдың жас тұрғындары – балалардың тұрмыс-тіршілігімен танысып қайттық.
Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 50 шақырым қашықта, Іле Алатауының етегінде қоныс тепкен Есік қаласының төңірегінде ондаған саяжай бар. Еліміздегі өзге де жүздеген саяжай алаптарының тұрғындары сияқты мұнда да инфрақұрылымға қатысты және әлеуметтік өзекті мәселелер жетіп артылады. Біз аралаған Береке саяжайы Есік қаласына баратын жол бойында, басқа саяжайлармен салыстырғанда қала іргесінде орналасқан. Сонда тұратын Айнұр Рыскелдіқызын әңгімеге тартқан едік. Ол кісі 10 баланың анасы болып шықты. Саяжай тұрғыны атанғанына 10 жылға жуықтапты. Балаларының алды есейіп, екеуі жоғары оқу орындарында оқиды екен. Кәмелетке толған бір баласының мүмкіндігі шектеулі болса, одан кейінгі төртеуі мектепке, үшеуі балабақшаға барады.
Алматыда кейінгі жылдары «Бюджетке қатысу» бағдарламасы аясында салына бастаған ойын және спорт алаңдарын саяжай алаптарынан әрине, кездестіре алмайсыз. Содан да болар, мұнда балалардың бос уақытта доп теуіп, кең алаңда көсіле ойнауға мүмкіндігі жоқ. Өзі тар, жазда шаңы шығып, жаңбыр жауса ми батпаққа айналатын саяжай көшелерінде велосипед, самокат теуіп зырлау былай тұрсын, көлікпен жүрудің өзі мұң. Саяжай шетіндегі бос жатқан үлкен алаңның ұлтарақтай ғана бір бұрышында кезінде саяжайды қарайтын кооператив басшылығы тұрғындардан жиналған жарнаға салған бірер әткеншегі, белтемірі, сырғанағы мен орындықтары бар тозған алаңқай көзге түседі. Оның арғы жағында бір-біріне қарама-қарсы екі қақпа орнатылған футбол алаңы бар.
Мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін Айнұр Рыскелдіқызы саяжайда тұратын бала саны көп болғандықтан Есік қаласындағы мектептерге қатынап оқитынын айтады. «Мен істейтін Рахат ауылындағы №2 орта мектеп 7 жыл бұрын ашылған. 630 орындық мектебімізде 1700 бала үш ауысыммен оқып жатыр. Саяжайларда негізінен ауылдан, жан-жақтан көшіп келген қандастарымыз тұрады. Кейінгі үш жылда бастауыш сыныпқа қабылдаған балаларды Тоқатаев атындағы мектепте мұғалімдеріміз барып оқытып жатыр. Жаңа мектеп салынып жатыр, күзде ашылса бастауыш сыныпқа бала қабылданады деп күтіліп отыр», – дейді Айнұр Рыскелдіқызы.
Жазғы демалысқа шыққан балалар көп уақытын үйде өткізеді. Мектептің өзі жетіспей жатқанда қосымша үйірме туралы айтудың өзі артық. «Мектепке жақын ақылы үйірмелердің бағасы айына бір балаға 20-25 мың теңге болады. Ол бағаны көп ата-ананың қалтасы көтере бермейді. Біз секілді көпбалалы отбасы болса 3-4 баланы қосымша спорт секциясы, өнер үйірмелеріне беруге айына 100 мың теңге қажет. Ұлым Есік қаласына күрес үйірмесіне, қызым би үйірмесіне барады. Автобус, таксимен қатынайды. Сонда да болса қол қусырып қарап отыра алмаймыз. Балаларымыздың болашағы жарқын болсын, қатарынан қалмасын деп қал-қадерімізше жағдай жасап отырған жайымыз бар», – дейді көпбалалы Айнұр.
Елдімекен мәртебесі берілмегендіктен саяжайларда мемлекеттік балабақша да болмайды, көбінесе «Балапан» бағдарламасының қолдауымен ашылған жекеменшік балабақшалар жұмыс істейді. «Мұнда әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардың балалары тегін немесе жеңілдікпен балабақшаларға қабылданады. Екі балам жекеменшік балабақшаға барады», – деген ол көпбалалы отбасы ретінде бірнеше жыл бұрын тұрғын үй кезегіне тұрғанын, бірақ әзірге кезектің жылжитын түрі көрінбейтінін айтады.
Сыныбында саяжайда тұратын балалар көп екенін айтқан Айнұр Рыскелдіқызы олардың да қаладағы балалар сияқты үйірме, спорт секцияларына барғысы келетінін білдірді. «Оған барлық ата-ананың жағдайы бірдей келе бермейді. Балаға барлық жерде бірдей жағдай жасалса, әсіресе білім алу, дамып, жетілу жағына көңіл бөлініп, балабақшадан бастап мектеп, спорттық сауықтыру орталықтары салынса» деген балалардың тілегін жеткізді.
Кейінгі жылдары елімізде саяжай алаптарында тұратын халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін саяжайларға елдімекен мәртебесін беріп, оларды аумақтық даму бағдарламасына қосуды ұсына бастаған. Ал биыл наурыз айында пилоттық жоба ретінде Алматы облысындағы 362 саяжай алабын жақын орналасқан елдімекендер құрамына қосу туралы шешім қабылданған. Ауылдық округтер құрамына қосылған саяжайларға заң бойынша инфрақұрылымын жақсартып, әлеуметтік нысандар тұрғызу үшін мемлекет қазынасынан қаржы бөлінеді. Әрине, 200 мың халық тұратын саяжайларды елдімекендер қатарына қосып, білім ошақтары мен әлеуметтік нысандар салу, сапалы өмір сүру стандартына жеткізу бірер жылда атқарыла салатын жұмыс емес. Солай десек те, мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі – әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарамастан, барлық баланың жеке басының еркін дамуын қамтамасыз ету, білім алу мен мәдени дамуына жағдай жасауға басымдық берсек екен.
Айбек Мұқан