1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күніне орай, Алматы облысында арнайы апталық ұйымдастырылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы облысы білім басқармасының тәрбие жұмысы, қорғаншылық, қамқоршылық және арнайы білім беру бөлімінің бас маманы Айжан Кәрібайқызы хабарлады.
Облыс көлемінде 1-10 маусым аралығында өтетін арнайы он күндік ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Алтын балалық шақ» тұжырымдамасы негізінде өткізілетін болады.
Мереке күнгі балаларға тарту болар басты сый Алматы облысының әкімшілік орталығы Қонаев қаласында өтетін OPEN AIR – «Әншуақ» атты концерттік бағдарламаға негізделген ауқымды шара болмақ.
Мұнда ән мен жырдан шашу шашылып, өнерпаз балалар өз өнерлерін ортаға салып қана қоймай, үзеңгілестерінен оза шапқан дарынды жастар марапатталатын болады. Бұдан бөлек, «Қауіпсіз жаз -2024» облыстық акциясы өтеді. Акция шеңберінде мүдделі мемлекеттік құрылымдардың өкілдері балаларға демалыс кезінде су айдындары мен жолдардағы қауіпсіздік ережелері жайлы түсіндіреді. Сонымен қатар, түрлі спорттық жарыстар өткізіледі деп жоспарланған.
«Сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралған» демекші мереке күндері мүмкіндігі шектеулі балалар да назардан тыс қалмайды. Қайырымдылық акциясының негізінде мәдени, ойын-сауықтық бағдарламалар жүргізіледі деп көзделген. Сонымен қатар, балаларға бағытталған он күндік аясында барлық кітапханаларда ашық есік күндері өтеді. Өйткені, жас буынның басты қаруы – білім.
Балаларды қорғау күні қамкөңіл балалар да шетте қалмақ емес. «Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балдырғандар мен аз қамтылған отбасыдан шыққан жеткіншектер үшін мереке күні ойын алаңдары мен түрлі аттриакциондар тегін түрде қызмет ететін болады», – дейді Айжан Кәрібайқызы.
Айта кетейік, жоғарыда аталған шаралар облыстағы барлық аудан, қалаларда балаларға қуаныш сыйлау үшін өткізіледі.