Еңбекшіқазақ ауданы еліміздегі ең танымал алмалы аудандардың бірі. Аудан әкімдігінің мәліметінше, жылына алмадан 11 мың тоннаға жуық өнім алынады. Әрине, алмадан мол өнім алуға өңірдің әлеуеті жеткілікті. Алайда алма өсірудің де өзіндік қыиындығы жоқ емес. Әсіресе дерт дербездің алдын алу оңайға соқпайды. Жақында Еңбекшіқазақ ауданындағы Қаракемер ауылының бағбандары бізге хабарласып, алма ағашатары белгісіз дертке тап болғандығын айтып дабыл қақты.
Қаракемер ауылындағы бағбандардың айтуынша, өткен жылдан бері тау бөктеріндегі жабайы алма ағаштардың жапырағы сарғайып, дұрыс түйін тастай алмаған көрінеді. Биыл жаңбыр мол болғанымен, мезгілсіз сарғайған алма ағаштары, сүзек жайлағандай сүреңсіз көрінеді екен. Бүгінде дертке шалдыққан алма ағаштардың аумағы кеңейе түскен. Оның қанша аумақты алып жатқандығын ешкім дәп басып айта алмайды. Тіпті күнделікті күтімдегі алма бағындағы ағаштар да бұл сырқатқа тап болуы қаупі арта түскен. Өйткені жасыл жапырағы сол алма ағаштары ауыл іргесінен бірден көзге шалығады. Қаракемердегі бағыбандардың сөзінше, алма ағаштарына төнген дертке әсте сәл қарауға болмайды. Оған дер кезінде шара қолданбаса, шаруашылық иелері бар табысынан айырылуы мүмкін. Өйткені алма ағаштары ауруды тез жұқтырады.
– Қазақстанға әлемнің бірқатар елдерінен әкелінген алманың алуан түрі егілуде. Елге алып келген жаңа сорттармен бірге алманың жаңа аурулары пайда болып жатыр. Ел естімеген бұл дерт – дербезбен күресудің жолы да оңайға түспесі анық. Сол үшін алма дертімен кешенді күресудің жобаларын әзірлеу қажет сияқты. Қазіргі Іле Алатауы ұлттық паркінің аумағындағы жабайы алма ағаштардың белгісіз дерті жергілікті алма сорттарының жойылып кету қаупін тудырып отыр. Тіпті біз өнім ала алмай қалуымыз мүмкін. Алма ағаштарына төнген бұл сырқаттың алдын алуға жергілікті шарулардың қаржылық және техникалық әлеуеті жетпейді. Сондықтан аудан әкімдігі уақыт созбай шұғыл шара қолдануы керек. Бұл мәселе туралы ауылдық округ пен аудан әкімдігіне сан мәрте өтініш айттық. Бірақ осы күнге дейін нақты шешім қабылданған жоқ. Осылай қол қусырып қарап отырсақ, зор жоғалтуға тап боламыз, – дейді жергілікті кәсіпкер Мурат Лазгиев.
Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі біз сөз етіп отырған мәселеден хабардар екен. Аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Ермек Жакеевтің айтуына қарағанда, аталған мәселе бойынша әкімдік қабылдаған өтініштер облыстық ауыл шаруашылық басқармасына жолданған. Енді тиісті құзіретті органдар ортақ шешім қабылдап, залалданған алма ағаштардың барлығына санитарлық шаралар қолдану қажет. Бұған дейін Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының директоры Бақытжан Дүйсенбеков Алатау алқабындағы алма ағаштарын зиянкестерден аман алып қалу керектігін айтқан еді.
– Ел билігі біздің өтінішке құлақ асады және жақын арада жедел шешім қабылдайды деп үміттенеміз. Ол үшін ғалымдар, фермерлер мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы селбестік негізінде ортақ күш біріктіру қажет,– дейді Бақытжан Дүйсенбеков.
Біз тек алма ағашын аялаған бағбандардың жай айқайын жеткіздік. Аты аңызға айналған алманың отанында отырсақ та, биыл өзімізде өсетін жемістің тапшылығы байқалды. Бар болса да, бағасы шарықтап кетуі әбден мүмкін. Егер аталған алма ағаштар дерті дер кезінде ауыздықталмаса, дәмі таңдайда қалатын алқызыл алмаларды тек түсімізде көрмесімізге кім кепіл.
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы