ҚР Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов Қонаев қаласындағы орта мектеп-гимназиясында облыс тұрғындарымен кездесті. Жиында министрдің орынбасары аймақтың отынэнергетика кешенінде іске асырылып жатқан жобалар жайын баяндап, тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап берді.
Ең алдымен Әлібек Жамауов Алматы облысының жаңартылатын энергия көздерін дамытудың әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Вице-министрдің айтуынша, өңірде электр энергиясын өндіру көлемі – 2,9 млрд кВт/сағат. Ал облыс жылына 5,7 млрд кВт/сағат электр энергиясын тұтынады. Электр және жылу энергиясымен Алматы ЖЭО-3 және Мойнақ ГЭС-і қамтамасыз етеді. Олардың белгіленген электр қуаты 837 МВт-қа тең.
Энергетика вице-министрінің дерегінше, облыс республикада жасыл энергия қуаты бойынша 2-орынға тұрақтаған. Оның жалпы қуаты 371,4 МВт құрайды. Анығын айтсақ, қуаты 146,5 МВт 10 жылу электр стансасы, 64,62 МВт 7 су электр стансасы және 160,35 МВт 6 күн электр стансасы бар. 14,9 МВт болатын тағы бір станса құрылысы 2027 жылы аяқталады деп жоспарлануда.
Жиында Әлібек Жамауов облыс аумағын көгілдір отынмен қамту көрсеткіштеріне де тоқталды. Бүгінгі таңда газдандыру деңгейі 72,3% немесе шамамен 1,1 млн тұрғын газбен қамтылған. Жоспар бойынша биыл 13 елдімекен қосылады. Сондай-ақ вицеминистр ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге дизель отынын жеткізу туралы түсіндірді. Мәселен, Алматы облысының шаруалары үшін 4,6 мың тонна дизель отынын беру көзделген, бүгінде 1,19 мың тонна тиісті орындарға жөнелтілген. Кездесуде сұйытылған мұнай газын сату саласы да сөз болды.
– Сұйытылған мұнай газының белгіленген бағасының төмен болуына байланысты елімізде отынның осы түрін тұтыну артты. Қазіргі уақытта Алматы облысы бойынша сұйытылған мұнай газының шекті бөлшек бағасы 1 литр үшін 81-86 теңгені құрайды. Біз сұйытылған мұнай газын сатудың шекті бөлшек сауда бағасын белгілеу арқылы бағаның күрт өсуін болдырмауға мүмкіндік беретін ұзақ мерзімді баға тұрақтылығы мен бағаның алыпсатарлық өсуіне жол бермеуді қамтамасыз етіп келеміз, – деді вице-министр.
Кездесу барысында Талғар ауданы Панфилов ауылының тұрғындары орталық жылу жүйесіне қосуды, ал Жамбыл ауданының тұрғындары газбен қамтамасыз ету жұмысын жеделдетуді өтінді. Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің қызметкерлері жаңартылған электр желілерін «Алатау Жарық компаниясы» АҚ-ның балансына беруді алға тартты.
– Біз мәселелерді уақытылы шешу үшін бар күшімізді саламыз. Сонымен бірге «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде «Е-өтініш» электрондық жүйесі құрылғанын атап өткім келеді. Бұл – азаматтардың өтініштерін қабылдауға және өңдеуге арналған бірыңғай платформа. Осы жүйе арқылы сұрақтар жолдай аласыздар, – деді кездесуді түйіндеген Әлібек Жамауов.
Ерзат Асыл,
Қонаев қаласы