4 маусым – Қазақстанда мемлекеттік Рәміздер күні атап өтіледі. Осы атаулы күнге орай Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев облыс тұрғындарын құттықтады.
“Ардақты ағайын!
Қадірлі жерлестер!
Баршаңызды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке әрбір азаматтың жүрегіндегі Отансүйгіштік сезімін күшейтеді.
Ту, Елтаңба және Әнұран – мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, басты символдар.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Көк байрағымыз – мызғымас мемлекеттіліктің белгісі. Елтаңбамыз – азаттықтың айшықты көрінісі. Ал, Әнұранымыз – еркіндік пен елдіктің үні. Тәуелсіздіктің осы үш символы халқымызға ерекше рух береді», – деп, ұлттық нышандардың маңыздылығына ерекше тоқталған болатын.
Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған рәміздерімізді қастерлеу, оларға құрметпен қарау –әрбір қазақстандықтың қасиетті парызы.
Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін!
Өңіріміз өркендеп, еліміз гүлдене берсін!” делінген Сұлтанғазиевтің құттықтауында.
Еліміздің тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба Қазақстан тәуелсіздігі жариялануының дәл 130-шы күні, яғни 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Әнұран мәтіні сол жылдың 11 желтоқсанында бекітілді. Ал 2007 жылы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң қабылданып, оған сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.