Алматы облысында тағы бір жеткіншек ерлігімен көзге түсті деп хабарлайды Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. 4 маусым күні Боралдай кентіндегі №39 гимназияның 9 сынып оқушысы Қамитбек Ихсан, осы ауылдың Найзашоқы көшесінде түратын досының үйіне келе жатып сол маңдағы (Боралдай кенті, Найзашоқы к-сі, №11 үй) белгісіз біреудің үйінде өрт шыққанын көреді. Ихсан ойланбастан өрт шыққан үйге жүгіріп кіріп, өрт күйшеймей тұрып 63 жастағы қарт кісі мен 12 жастағы немересін отқа оранған үйден алып шығып, дереу өрт сөндірушілерді шақырған. Өрт сөндірушілер келіп тілсіз жау толығымен ауыздықталды.
Бала Ихсанның бұл ерлігі ештеңемен өлшенбейді, осындай ұлды тәрбиелеген ата-анасына және ұстаздарына мың алғыс!
Ихсан – бүгінгі күннің батыры!!!
Былтыр ғана Өтеген батыр ауылы, №24 лицейдің 8 сынып оқушысы Ақжол Нұрланұлы Герой, жолда 219 бағдарлы автобус жүргізушісінің жүрек талмасы ұстағанын байқап, жүргізуші кабинасына дереу кіріп тежегішті басып үлгеріп, жол жиегіндегі тұрғын үй қоршауына көлікті жеткізбей тоқтатқан болатын. Осылайша автобус ішіндегі адамдардың өмірін аман сақтап қалған еді.