Алматы облыстық ардагерлер ұйымының ұйымдастыруымен «Жастарды жаңа қазақстандық патриотизм мен азаматтыққа тәрбиелеу жолдары», «Отан қорғау – абыройлы борыш» атты жиын өткен еді. Осынау шара Райымбек ауданының орталығындағы Б. Соқпақбаев атындағы мектеп-гимназиясында жалғасын тапты.
Аудандық ішкі саясат бөлімі, ардагерлер кеңесі және «Алатау жастары» ұйымы бірлесе өткізген шараға Ауған соғысының ардагерлері, «Нарынқол» шекара заставасының жауынгерлері, аудан орталығындағы үш мектептің 9-11 сыныбында оқитын ер балалары қатысып, маңызды мәселе төңірегінде ортақ ой тоғыстырды.
Жиынды «Алатау жастары» ұйымының жетекшісі Данияр Ғабиден ашты. Алғашқы сөз тізгінін ұстаған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекболат Бірбаев Отанның тыныштығын қорғау әрбір азаматтың абыройлы борышы екеніне айрықша тоқталды. Халқымыз ер бала дүниеге келсе, елін-жерін қорғайтын азамат келді деп есі кете қуанып, ат шаптырып той жасаған. Кіндігін де, тұсауын да сөзге берік, іске мығым, ерліктің ерен үлгісін таныта білген, еліне елеулі, халқына қалаулы азаматтарға кестірген. Не үшін? Солардың жолын қусын, солардың бойындағы адами құндылыққа тән асыл қасиеттер өз баласының бойына дарысын деп ырымдаған.
Ел іргесінің бүтіндігі – тыныштық туын көтерген батыр бабалардың ерен ерлігі. Бүгінгі ұрпақ аманатқа қиянат жасамай, солардың жолын жалғастыруға міндетті. Өкінішке қарай, қазір кейбір жастардың бойынан сондай асыл қасиеттерді көре алмаймыз. Ер азаматтар арасында әскерден қашқан оқиғалар жиі кездесіп, көңілге кірбің ұялатуда. Тәуелсіздігімізді баянды етеді деген жас жігіттер өзінің абыройлы борышын өтеуден қашса, Отанды кім қорғайды? Халық кімге сенім артады? Әңгімесін осылай өрбіткен Бекболат Ыбырайымұлы жасөспірімдерді ел тыныштығына тұтқа болатын нағыз ер болып қалыптасуға, жігіт деген абыройлы атқа кір келтірмеуге шақырды.
Аталған жиында соғыс ардагерлері Берік Қасымханұлы, Бекболат Әбдірәсілұлы өздерінің Ауғанстанда, Таулы Қарабақта болған әскери жорықтары жайлы естеліктерімен бөлісті. Айбек Әлимолдаев, Аңсар Қалиоллаев сынды «Нарынқол» шекара заставасының жауынгерлері жастарды қасиетті борыштарын өтеуде қателіктерге бой алдырмауға, қиындықтан қашпауға, туған елінің сенімді қорғаны бола білуге үндеді. Отаншылдық рухты дәріптеген кездесудің жастар үшін маңызы зор болды деп ойлаймыз. Мектеп оқушылары аға буынның айтқан әңгімелерін тебірене тыңдады. Отан қорғаудың қасиетті борыш екеніне тағы да көздері жете түсті.
Жұмабек Тұрдиев,
Райымбек ауданы