Қазіргі уақытта қоғамның, мемлекеттің ең өзекті мәселесі, әрі нәзік тұсы дін дейтін болсақ, бұл ретте жас ұрпаққа дұрыс бағыт сілтеу аға буынның парызы. Осы орайда Тасашы ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен «Дін – тәрбие діңгегі» тақырыбында аудан имамымен кездесу өтті.
Шараның мақсаты — оқушылардың дін туралы түсінігін қалыптастырып, жас ұрпақты адамгершілікке, имандылыққа, рухани тазалыққа баулу. Кездесуге Кеген аудандық «Әулие, абыз Әлмерек баба» мешітінің бас имамы әрі аудандық ішкі саясат бөлімінің теолог маманы Рахматулла Моллақанағатұлы, Тасашы орта мектебінің бітіруші түлектері қатысты.
– Жер бетіндегі барлық дін бейбітшілік, рақымдылық, әділдік сияқты жоғарғы құндылықтарға негізделген. Солардың ішінде, ең соңғы кемеліне келген әрі мейірім мен рақымдылықты ту еткен ислам діні.
Дін – адамзат тарихы мен мәдениетінің ажырамас бөлігі. Дінін білген адамға тегі, тегін білген адамға діні ешқашан жат саналмайды. Ислам діні – тазалық, тәртіп, адамгершілік бастауы, имандылықтың белгісі. Адам баласын асып-таспауға, ғылым мен білімге және ынтымақта болуға шақырады, – деген ауданның бас имамы Рахматулла Моллақанағатұлы тақырып аясында кеңінен сөз қозғап, дін мен ислам жөнінде тұшымды ойларын айтты. Зайырлылық, діни сенім бостандығы, мемлекет пен діннің ара-жігі турасында, жат ағымдағыларға ермеу қажеттігі жөнінде де маңызды ақпараттарды ортаға салды.
Өз кезегінде сөз алған 11-сынып жетекшісі Бибігүл Дөненбаева:
– Саналы ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі қоғамның басты талабы. Әр түрлі діни ағымдардан бойын аулақ ұстап, ислам дінін құрмет тұтқан ұрпақ тура жолдан таймайды. Білім жолы – сара жол. Сол себепті білім, ғылым қуыңдар, ізденіңдер, талмаңдар! «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген дана халқымыз тәрбиені басты назарда ұстаған. Тәрбие негізі ислам дінінен бастау алады, – дей келе мектеп бітіруші түлектерге ақ жол тіледі.
Еркін форматта өрбіген шарада оқушылар «Өзге діни ағымдардан қалай сақтанамыз?» деген сауалды ортаға тастай отырып, тақырыпты пысықтады.
Шара соңында Рахматулла Моллақанағатұлы жас түлектерге батасын беріп, кітапханаға «Мазхабтар тарихы» атты кітапты сыйға тартты.
Дәурен Әбутәліпов,
Кеген ауданы