Қазақтың ұлттық киімдері – халқымыздың ақыл-ойы мен биік эстетикалық талғамының жемісі. Тігілген матасы, ою-өрнегі мен ондағы әшекей тастарының өзі көп нәрседен хабар беріп, киім иесінің кім екенін елге танытып тұрады. Солардың бірі – сәукеле. Ұзатылар қыздың бас киімі.
«Жеті жастан жинасаң, жетеді, алты жастан жинасаң, асады» дейтін үлкендеріміз қыздың жасауы мен ұзатылардағы киім-кешегіне үлкен мән беріп, ерте бастан қамданған. Әсіресе, қалыңмалдың құнын орап әкететін сәукеленің өзіндік мән-мағынасына бей-жай қарамайтын қазақ әдейілеп білікті шебер таңдап, қолақысын беріп, бір әулеттің дәулетін көрсетер сәукелені айлап-жылдап тіктірген. Қыз әкесі бай болса, бір сәукеле үшін қырық қысырақтың құнын беріп те жасататын болған. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «ХIХ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген Кіші жүздің Байсақал атты бай қызының сәукелесін Кенесары ханның ағасы Саржан төре 500 байталға бағалаған» деген дерегі де бар. Осыдан-ақ бұрынғы заманда сәукеле байлық пен мырзалықтың дәрежесін әйгілейтін, ұзатылар қыздың әлеуметтік жағдайын білдіретін көріністің айғағы болғанын аңғара аламыз. Сәукеле неғұрлым биік болған сайын, ондағы әшекей бағалы тастардың да қатары артып, қымбаттай түсері анық.
Ертеде сәукеленің биіктігі – 50-70 сантиметрге дейін баратын. Тарих беттеріне көз жүгіртсек, «Бөкей Ордасы аймағындағы сәукеленің биіктігі бір кез болатын» деген мәліметті кездестіреміз. Демек, бай-бағланның тіктірген сәукелесі 70 сантиметрден де асқан.
Сәукеленің негізгі бөліктері – тәж, төбе, құлақбау және артқы бойы. Сәукеленің төбесі қиық конус тәрізді болып келеді. Оның төбесінде «тәж» деп аталатын жартылай дөңгелек айдары болады. Оны асыл тас, алтын, күміс, меруерт, маржанмен өрнектеп, алтын жіппен әшекейлейді.
Сәукелені өлшеп пішіп алып, ішіне астар, сырт жағына бидай шүберек ұстап, жиі етіп сыриды. Одан соң оның сыртын қамқа, дүрия, торғын сияқты қымбат матамен тыстайды. Сәукелені әшекейлеу үшін оның тысының сыртынан зер жіптен тоқылған оқаларды белдеулеп басады. Оның етегін мақпалмен, не қара барқытпен көмкереді. Ал маңдай тұсына зер, не жібек шашақ тағады. Шашақтың сәукелеге жалғасқан тұсын асыл тастан көз орнатқан алтын, күміс түйреуіштермен бекітеді. Сәукелеге ұзын құлақбау тағады. Оның шеті шыр айналдыра зер, не жібек жіппен шалып көмкеріледі, түбіне сәнді түйреуіш түйреледі. Сәукелеге міндетті түрде жұқа ақ желек ілетін болған. Ол көйлектің етегі сияқты жерге сүйретіліп жүреді. Бұл қалыңдықтың жүзін, бүкіл денесін жауып төгіліп тұратындықтан, беташар айтылғанда қыздың дене пішімін өте нәзік, сымбатты етіп көрсеткен. Ақ бүркеншек – шәйі жібек капрон алғаш түскен келінді тіл мен көз сұғынан сақтайды, әрі оның ақ болуы – адалдық, тазалықтың белгісі, ибалықтың нышаны. Сондай-ақ жас отаудың арман-үміті. Сәукеленің шағын отау сынды болып келетіні де сол. Жаңа түскен келінге беташар айтылып, үлкендер тілек-батасын берген соң сәукелесінің сыртынан жабылған жамылғысы – бүркемесі қамшының сабымен түріліп, беті салтанатты түрде ашылған соң сәукеле алынып, оны желекпен алмастырған.
Желек – жас келіншектің басына жамылатын шәлі. Қазақ әйелдерінің баскиімдері практикалық қызметінен өзге, әйелдердің отбасылық жағдайының көрсеткіші болғанын ескерсек, желекті келіншектер тұңғыш баласы, кейде екінші баласын туғанға дейін киген.
«Сәукеле» сөзі «сау келеді» дегеннен шыққан екен. Жоғарыда сәукеленің қалай жасалатынын және оның құны қандай қомақты болатынын айтып өттік. Ендеше, ұзатылар қыздың әлеуметтік жағдайынан хабар беріп, бір әулеттің дәулетін көрсетер сәукеледен дәмелілер де аз болмаған. Қалыңмалдың құнын орап әкететін бұл «байлықты» қолға түсіру үшін ұры-қары, қарақшылар жол торып, келін әкеле жатқан топқа тосыннан шабуыл жасайтын. Тек сәукеле емес, қыздың жасауына да қол салып, кейде кісі өлімі де болған. Күйеу, һәм қалыңдық тобының адамдарын шығындап, кейде бәрін қырып кететін кездер де кездескен екен. Сондықтан келін түсіріп отырған ауылдың балалары осынау күйеу-келін тобын қозыкөш жерден таймен күтіп алып, адамдардың, сәукеленің амандығын көріп, «сау келеді, сау келеді» десіп, сүйіншілеп, ауылға хабар беретін болған. Міне, содан сәукеле атауы шыққан деседі.
Құралай Мұратқызы,
Еңбекшіқазақ ауданы