Алматы облысының демалыс орындары шомылу маусымына дайын, деп хабарлайды Өңірілік коммуникациялар қызметі.
Жалпы, аймақта 103 су айдыны мен демалыс орыны бар. Атап айтсақ, 97-сі Қонаев қаласында, 5-уі Іле ауданында, 1-еуі Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан.
Алматы облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Марат Исмаиловтың сөзінше, су нысандарынан бөлек, 24 қала сыртындағы оқушылардың демалысы мен сауықтыру ұйымдарына бақылау жұмыстары жүргізілуде.
“Шомылу маусымы басталар тұста санитарлық қызмет мамандары су қоймаларының суы мен жағажайлардағы құмның талапқа сәйкестігін зертханада тексереді. Биыл мамандар 123 су сынамасы мен 30 топырақ түрін сараптамадан өткізген. Зерттеулердің нәтижелері бойынша су мен топырақ үлгілері гигиеналық нормативтердің талаптарына сәйкес келді”,- дейді өңірдің бас санитар дәрігері Марат Исмаилов.
Департамент ашық су нысандарында лептоспироз, вирусты гепатит, ротовирустық инфекциялар, гельминтоз сияқты ауруларды жұқтыруға қауіп барын ескертеді. Сондықтан, спикер су қоймасы суларының сапасы тексерілген, халықтың жаппай шомылатын ресми орындарында ғана шомылуға және суға түсуге рұқсат етілген арнайы ақпараттық белгілерге назар аударуға кеңіс берді.