«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп баға берген Ахмет Байтұрсынұлының осы бірауыз сөзі бүгінгі таңда да өз құндылығын жойған жоқ. Иә, бүгінгі жаһандану заманында ақпараттар легі көз ілеспес жылдамдықпен жаңарып, әлеуметтік желілердің рөлі арта түсті. Бірақ көзі қарақты оқырман қауымның көкейіне ой салар, қоғамдағы өзекті мәселенің түйінін тарқатар басылымдар ұсынатын дүниенің әлдеқайда сапалы болары хақ.
Облыстық «Өлке тынысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Алатау арайы» және «Огни Алатау» газеттерінің басшылары мен тілшілері Кеген ауданының Ақтасты ауылына барды. Мақсат – газетіміздің 18 мамырдағы санында жарияланған «Газет оқу – мәдениеттің төресі» атты мақалада айтылғандай, оқырманмен кездесіп, ой өрбіту. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оқитын ұлт» бастамасына байланысты Кеген ауданы, Ақтасты ауылы жұртшылығының облыс тұрғындарына арнаған текестіктер мен жамбылдықтар Үндеуіне үн қосу.
Ақтасты ауылдық клубында өткен басқосуға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Еркінбек Қалқаев, мекеме басшылары, ауыл тұрғындары, ұстаздар және аталған шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған Тасашы ауылдық округінің әкімі Ерболат Төребаев қатысты.
Жиынды ішкі саясат бөлімінің басшысы Еркінбек Нұрахметұлы ашып, жүргізіп отырды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде жаппай кітап оқитын ұлтқа айналуға тиістігіміз туралы айтқан болатын. Осының аясында «Оқитын ұлт» жобасын іске асыру мақсатында ауданымызға аймақтық басылымдардың журналистері іссапармен келіп отыр. Өздеріңіз білесіздер, облыс жаңалықтарын жеткізуде «Алатау арайы», «Огни Алатау» газеттерінің орны зор. Бұл басылымдардың басын біріктіретін отырған «Өлке тынысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болса, оған белгілі ақын, журналист, баспагер Кәдірбек Құныпияұлы басшылық етеді, – дей келе шараның мақсаты мен маңызына тоқталды.
Алғашқы сөз кезегін алған «Өлке тынысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Кәдірбек Құныпияұлы:
– Қайырлы күн! Ақтасты ауылының тұрғындары! Ақтасты – өзім жақсы білетін ауыл. Кегенге келіп, Нарынқолға өткен сайын тау етегінде Ақтасты ауылы жарқырап көрініп тұрады. Бүгін осы ауылдың тұрғындарымен кездесудің сәті түсіп тұр. Енді мәселенің мәнісіне келетін болсақ, Райымбек ауданы Текес ауылының тұрғындары Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оқитын ұлт» бастамасын қолдап, қайтадан газет оқуды қолға алсақ деген мақсатта «Оқитын отбасы» челленджін бастады. Олар облыс жұртшылығына Үндеу жасап, бір отбасы бір басылымға жазылып, жас ұрпақты газет оқуға баулуға шақырды. Іле-шала бұл Үндеуді Жамбыл ауданы, Мәтібұлақ ауылдық округіне қарасты Таңбалытас ауылының тұрғындары қолдады. Бүгін міне, кегендік, ақтастылық оқырмандар бастамаға үн қосып отыр, – деген серіктестік директоры Кәдірбек Құныпияұлы көздеген мақсаты ортақ, ойы бір арнада тоғысатын «Огни Алатау» газеті мен серіктестікке қарасты басқа да құрылымдар туралы сөз қозғады.
– «Огни Алатау» газетінің аты орысша болғанымен, заты – қазақша. Қазақ тілінде мақалалар басылады. Халқымыздың салт-дәстүрі насихатталады. Бұл – орыс газетінің қазақ руханиятына деген үлкен бетбұрысы. Қос газеттен басқа «Өлке тынысының» құрамында Өңірлік коммуникациялар қызметі, «Алатау-Ньюс» сайты бар. Олар да осы газет-журналдардың құндылығын насихаттауға өз тараптарынан үлес қосады. Кезінде газеттің ықпалы мықты болды. Ортамызда «Коммунизм нұры» деген газетте менімен қатар қызмет атқарған фототілші Нұрболат Тастанқұлов деген азамат отыр. Нұрболаттың фотоаппаратын көрсе, елдер артынан қалмай суретке түсетін. Осыдан-ақ газеттің абырой, беделін көруге болады. Ол кезде оқырмандар қолынан газет түспейтін, тираж саны артығымен орындалатын, – деген Кәдірбек Құныпияұлы кездесуге жиналған көпшілікті алдағы уақытта қос газетке ауыл болып жазылып, отбасы болып оқуға шақырды. Бұл істе қолдау білдіріп отырған аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаевқа, жауапты қызметкерлерге ризашылығын білдірді.
Бұдан кейін сөз кезегін алған «Алатау арайы», «Огни Алатау» газеттерінің бас редакторлары басылымның бағыт-бағдары, ұстанымы, газеттің өміршеңдігі туралы сүбелі сөз, орамды ойларын ортаға салды.
Забира Сайділдина, «Огни Алатау» газетінің бас редакторы:
– Қай тілде газет шығарсақ та біздің мақсатымыз бір, ол – ұлттық мүддеге қызмет ету. Басқа тілді халыққа, әлемге қазақтың кім екенін көрсету. Өздеріңіз газетті оқып жүрген болсаңыздар, онда қазақтың мәдениеті, дәстүрі, салты, тілі, діні насихатталатынын білетін боларсыздар. «Мәңгілік мұра», «Ұлағат» деп аталатын тұрақты айдарымыз бар. Онда бабаларымыздан қалған асыл мұралар, аталарымыз бен әжелеріміздің ұлағатты жолы насихатталады. Заман алға озып, технология жедел дамығанымен, газет өз маңызын жоймайтыны белгілі. Газетті ақпараттық сайттар да, әлеуметтік желілер де ығыстырып шығара алмайды. Осындай кезеңде руханиятты сақтап қалудың бір ғана жолы – газет, журнал, кітап оқу. Газет – қандай жағдайда да халықтың сенімді ақпарат көзі. Мысалы, Қаңтар оқиғасында интернет желісін бұғаттап тастаған кезде, осы екі басылым күнделікті ақпарат беруін тоқтатқан жоқ. Оқырмандарымыз қаңтар шындығы жайлы мақалаларды оқып, бізге хабарласып, ризашылығын білдіріп жатты. Сол үшін газет-журналдан қол үзбеу керек. Басылымдардың телефонға телмірген бүгінгі ұрпақ үшін де берер тәлімі зор. Газет үнемі сұранысқа ие болып, оны халық үзбей оқыса, ұлттық баспасөзіміздің де болашағы жарқын болады. Сондықтан газеттің құндылығын сақтап қалуға бір кісідей атсалысады деп сенемін.
Қуаныш Тұңғатар, «Алатау арайы» газетінің бас редакторы:
– Оқырмандар тарапынан үнемі «Жетісу» газеті қайда кетті?» деген заңды сұрақ туындайды. «Жетісу» газеті екі облысқа да ортақ екен» деп басым көпшілігі сол басылымға жазылып та жатты. Енді осыны түсіндіретін уақыт келген сияқты, өйткені «Жетісу» газеті ешқайда жоғалып кеткен жоқ, ол осы «Алатау арайы» деп есептеңіздер. Өйткені, екеуінің тарихы ортақ. «Алатау арайы» «Жетісу» газетінің орнын басқан басылым, оның заңды мұрагері, жалғасы десек те болады. Президент жарлығымен облыстың бөлінуіне байланысты, «Жетісу газеті» атауына байланысты Жетісу облысында қалды да, Алматы облысынан «Алатау арайы» газеті ашылды. Бүгінде «Алатау арайы» «Жетісу» газетінің орнын басып, ары қарай жалғасып шығып жатқан басылым деп есептеңіздер. «Алатау арайы» газетінің тарихын «Жетісумен» байланыстырып қарасаңыздар 1918 жылдан басталады. Осы жылы маусым айында «Жетісу» газетінің алғашқы саны «Жетісу ісші халық мұқбыры» деген атпен шыққан. Мен ол газетті алғашқы санынан бастап зерттеп, көріп шықтым. Әлі күнге дейін алғашқы данасы Ұлттық кітапханада сирек қолжазба қорында сақтаулы тұр. Бұл нені білдіреді? Бұл – газеттің өміршеңдігінің, өшпейтіндігінің дәлелі. Сондықтан, қоғамның мәдени деңгейін, талғамын және рухын көтеруде газеттің рөлі басым. Қазіргі күні ақпарат алмасудың заманауи тәсілі көп. Ғаламтор, түрлі сайттар мен әлеуметтік желілер арқылы ел-жұртқа сол мезетте-ақ тарап жатады. Бірақ газет оқу мәдениеті – қашанда талғамы жоғары оқырманның талабы. Газеттің де өз ерекшелігі, артықшылығы бар. Шынайы ақпарат. Байыпты сараптама. Нақты тұжырым. Таңбаланған тарих. Секунд сайын жаңарып тұратын сайттардан газетті айрықшалап тұратын негізгі басымдық осы. Газетке басылатын сөздің мағынасы зор, ықпалы ерекше. Ел азаматтарының ізгі істері, қоғамдағы өзекті мәселелер жайын газет бетінен табуға болады. Газет ешқашан өлмейді. Неге десеңіз, талай жыл бұрын шыққан дүниелерді тапқыңыз келсе, газеттің мұрағатын ақтарсаңыз, бәрін сол күйінше тауып алуға болады. Дамыған елдерде күнделікті газеттер миллиондаған данамен шығады. Мысалы, техникасы ең озық Жапония мен Кореяны немесе Еуропаны алайық. Оларда қағаз басылымдар, яғни газеттер мен журналдарға деген сұраныс жоғары. Бір ғана Токиода екі мыңнан астам газет-журнал шығады екен. Компьютері дамыған ол елде, газет пен журнал ғаламтормен біте қайнасып келеді. Өйткені, мерзімдік басылымның адамзат тарихында алар орны зор.
Газет басшыларынан кейін сөз алған ауыл тұрғындары облыстық газеттер туралы ойларын айтып, көкейкесті мәселелерді ортаға салды.
Сабыр Досымбеков, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы:
– Бұрын газетке жаппай жазылатын едік. Тоқырау жылдары газет оқырманынан қол үзіп қалды. Одан кейін де оқырмандар саны көбейгенімен, соңғы жылдары әлеуметтік желілердің пайда болуымен тағы саябырсыды. Сол газет оқитын заманымызға оралуымыз керек. Оның үстіне «Алатау арайы» мен «Огни Алатау» газеттері өзіміздің облысымыздың төл басылымы. Екі газетте де ауыл, ел, жер тарихы туралы мақалалар жарияланып тұрады. Осы орайда әр үйде «Алатау арайы» газеті болса деген ниетім бар. Ақтасты ауылы – әдебиетке, мәдениетке жақын ауыл. Бүгін сіздердің ауылымызға келіп, оқырмандармен кездесіп отырғандарыңызды өз басым қуана қолдаймын. «Алатау арайын» жаздыртып, алып жүрмін. Тұрғындарды да облысымыздың айнасы атанған қос басылымның тұрақты оқырманы болуға шақырамын.
Рамазан Мырзағалиев, Тасашы ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы:
– Ақтасты – киелі ауыл. Бұл ауылдан бес бірдей Социалистік Еңбек Ері шықты. Осынау мекенге табан тірегендеріңіз біз үшін де мәртебе! Газет – қашанда мәдениеттің қайнар бұлағы, сенімді ақпарат көзі. Осы тұрғыдан алғанда да біз басқа ақпарат құралдарына қарағанда баспасөзге басылған дүниеге сенеміз. Газетті кие тұтатамыз. Ауыл тұрғындары да бірауыздан жазылады деген ойдамын. Ал журналистер жұмыстарына сәттілік тілеймін!
Нұрболат Тастанқұлов, аудандық «Қарқара» газетінің тілшісі:
– Газет жұмысы қиын да машақатты. Оны осы салада еңбек еткен жандар ғана жақсы біледі. Аудандық «Қарқара» газетіне талай жыл еңбек етіп келемін. Газетті шығарумен қатар оны тарату деген де мәселе бар. Осы орайда мына бір мәселені айта кетейін, газет поштаға келіп түседі де, көп жағдайда таратылмай қалады. Демек, уақытылы оқырманға жетпейді. Газет тарататын пошта қызметкерлері жұмыстарына жауапкершілікпен қарауы қажет. Баспасөзге көңіл бөлетін кез келді.
Келесі кезекте сөз алған аудандық аналар кеңесінің төрайымы Бақытгүл Көнеева газет бетіндегі әрбір мақала тарих болып қатталып қалатынын айтса, аудандық орталық ауруханасының директоры Алмас Тілеулиев газет бетінде ауыл шаруашылығы, денсаулық саласы жайлы жақсы мақалалар жазылып тұратынын тілге тиек етті. Сондай-ақ, әр редакция жанынан бір баспахана ашылса, газеттің басылуы, жеткізілуі, таратылуы жағынан да тиімді болар еді деген ұсынысын жеткізді. Тасашы ауылдық округінің әкімі Ерболат Төребаев болса, қос басылымнан келген журналистерге алғысын жеткізіп, ауыл тұрғындарының газетке бірауыздан жазылатынына сенім білдірді.
Жиын соңында ақын Кәдірбек Құныпияұлы ауыл тұрғындарына ризашылығын айтып, «Ақтастылықтарға» деген өлеңін оқып берді.
Райымбек ауданының Текес ауылы мен Жамбыл ауданының Таңбалытас ауылы тұрғындарының «Оқитын отбасы» челленджін Ақтасты ауылының тұрғындары жылы қабылдады. Үндеуді көпшілікке Ақтасты орта мектебінің директоры Қымбат Қамбарбекова оқып берді.
Түйін. Ғаламтор үстемдік құрып тұрған кезеңде де көзіқарақты оқырман газет–журналдан қол үзбек емес. Міржақып Дулатов «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор» деген. Ендеше, ол халықпен бірге тыныстай бермек. Қай заман, қай кезең болсын газеттің бәсі қашанда жоғары. Оқырманның әдеби талғамы биік болған сайын баспасөздің рөлі де беки түседі.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Ақтасты ауылы,
Кеген ауданы