Талғар ауданы Бірлік ауылында Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Бір ауыл – бір өнім» әлеуметтік жобасы аясында «Ұлттық құндылықтар» атты көрме өтті.
Ең алдымен «Бір ауыл – бір өнім» жобасы Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Мен – кәсіпкер» кәсіпкерлік әлеуетін дамыту ұлттық жобасының» аясында қолға алынғанын айта кеткен жөн.
Көрме мақсаты – бренд өндіру, өнімдердің сапасын жақсарту, нарықтағы өнімдердің құндылығын арттыру және маркетинг. Ол сондай-ақ жергілікті қауымдастықтың әлеуетін дамыту мен нығайту арқылы ауылдық жерлердегі кедейшілік деңгейін төмендетуге бағытталған.
Белбұлақ ауылдық округіне қарасты Бірлік ауылында, Талғар-Алматы жолының бойында орналасқан «Әділ қымыз» өндірістік фирмасының аумағы сол күні шараға белсенді қатысып, өз өнімдерін жұртшылық назарына ұсынған жергілікті шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері үшін көрме алаңына айналды. Аудан орталығы мен ауылдардан келген 10 жергілікті тауар өндіруші кәсіпкер өз өнімдерін жұртшылық назарына ұсынды. Олардың арасында сүт және ірімшік, құрт, йогурт, ашыған көже сияқты қышқыл сүт өнімдері, ет өнімдері, жент, этно-текстиль, ұлттық үлгідегі киімдер, кондитерлік өнімдер, құрғақ эко-өнімдер, тоқыма бұйымдары, таза былғарыдан ұлттық үлгіде тігілген балалар және ересектер аяқкиімдері, ыдыс-табақ, тұрмыстық бұйымдар бар.
Ауыл тұрғындары арасында кәсіпкерлікті насихаттап, жаңа жұмыс орындарының құрылуы, жергілікті жандардың табысын молайтып, кедейшіліктің төмендеуіне көп септігін тигізетін маңызды шараға Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков, Алматы облыстық «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының төрағасы Тимур Беков, аудан прокурорының орынбасары Ермек Малдығұлов, Алматы облыстық Кәсіпкерлер палатасының өнеркәсіпті дамыту жөніндегі басқарушы директоры, Талғар аудандық КП директоры Айдос Қалжанов, Аймақтық кеңес мүшесі Әсет Талғатбекұлы қатысты.
Көрме қатысушыларын құттықтап, көптеген шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерін ынталандырып, олар өз жұмысында басшылыққа алып отырған осындай шаралардың аса маңыздылығын атап өткен аудан басшысы Таңат Айдарбеков жергілікті кәсіпкерлердің жетістіктері мен бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Ұйымдастырушыларға көп-көп рахмет, бүгін біздің ауданымызда керемет шара өтір жатыр. Мақтанғандық емес, атап айтқанда дәл осы кәсіпкерлікті дамыту бағытында ауданымыздың көрсеткіштері жаман емес. 2023 жылы бүкіл тоғыз бағыт бойынша тек өсу қарқыны сақталды, жалпы көрсеткіш 110 пайыздан жоғары болды. Кәсіпкерлікке инвестиция тарту бойынша біз биылғы төрт айдың өзінде былтырғы жарты жылдық көрсеткішті орындап тастадық, 36 млрд. теңге қаржы құйылды. Жалпы биыл бұл салаға 373 млрд-тан астам қаржы тартуды жоспарлап отырмыз. Соның аясында «Қайрат» индустриялық аймағында ірі кәсіпорындар 14 жобаны іске асырып жатыр. Осы инвестициялардың арқасында 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары құрылды.
Бүгінгі шара шын мәнінде отандық кәсіпкерліктің қалыптасқандығы мен оның табыстылығының дәлелі. Қазір елімізде ол үшін мол мүмкіндіктер жаратылған және әрекет ету аясы өте кең. Бізде әлеуеті жоғары, әртүрлі байқауларда ауданымыздың намысын лайықты қорғап жүрген көптеген кәсіпкерлік фирмалары мен өндірістер бар. Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы аясында жыл басынан бері 20 жоба жалпы сомасы 3 млрд. 318,8 млн. теңгеге қаржыландырылды, 17 жобаға 135 млн. теңге субсидия берілді. 11 сауда нысаны ашылып, 90 адам жаңа жұмыс орындарына жұмысқа орналасты, 1,4 млрд. теңге инвестиция тартылды. Бүгінгі фирма-өндірушілер өз өнімдерімен облыстық «Бір ауыл – бір өнім» байқау-көрмесіне қатысып, ауданымыздың намысын қорғайтын болады. Оның қорытындысы бойынша ең үздік өнімдер экспортқа шығу мүмкіндігіне ие болады. Сондықтан бәріңізге сәттілік тілеймін, – деді Таңат Есенкелдіұлы.
Шара қатысушыларын Алматы облыстық «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының төрағасы Тимур Беков те құттықтап, «Бір ауыл – бір өнім» жобасының маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, облыс бойынша шағын және орта кәсіпкерлік саласында 25 орта кәсіпкерлік, 2560 шағын кәсіп ретіндегі заңды тұлға, 16708 жеке кәсіпкер, 1886 шаруа қожалығы, барлығы – 21,2 кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Оларда 40 мыңға жуық, нақты айтсақ 39376 адам еңбек етеді.
– Осындай көрмелер тек қатысуға ғана емес, сонымен бірге тәжірибе алмасуға, кәсіпкерлік қызметтің көкжиегін кеңейтуге мол мүмкіндік береді. Ең бастысы, өнім жергілікті шикізаттан өндіріліп, оны өндіруде аса күрделі емес, көп қаражат салуды қажет етпейтін қарапайым құралдар мен механизмдер қолданылуы және ол өнім жасалған жердің өңірлік ерекшелігін айшықтауы, өнім құрамында қауіпті және зиянды заттар болмауы тиіс, – деді аймақтық кәсіпкерлер ұйымының басшысы.
Шараның ашылу салтанатынан соң көрмеге келген жұрт пен қатысушылар әрбір кәсіпкер ұсынған тауарлар мен өнімдерді аралап көрді. Ұлттық нақыш пен үлгіде тігіліп, көздің жауын алатын көркем киімдер мен таза былғарыдан тігілген аяқкиімдер, тәттілігі тіл үйіретін ұлттық тағамдар мен ыдыс-аяқтарды көріп сүйсінген қатысушылар кейбіреулерін сатып алып, өнімдердің тартымдылығы мен өтімділігін арттыру бойынша өз ұсыныстарын да айтып жатты. Көпшіліктің пікірінше, бізде табиғи таза өнімдерден жасалатын құнарлы тағамдар мен қолдан жасалатын сапасы жоғары тұрмыстық бұйымдарды насихаттау мен тұтыну жағы кемшін. Сондықтан отандық БАҚ осы жағына көбірек көңіл бөлуі керек.
Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің өкілі Әсет Талғатбекұлы көрме жұмысын қорытындылай келе «Бір ауыл – бір өнім» жобасын табысты жүзе асыру тек қана жаңа жұмыс орындарын көбейтіп қоймай, сонымен бірге ауыл тұрғындарының кәсіпкерлікпен айналысуына кең жол ашатынын жеткізді.
Шынында да біздің елімізде кәсіпкерліктің көкжиегі өте кең. Мемлекет оның дамуы үшін қажетті жағдайдың бәрін жасап отыр. Тек талапты ерге нұр жауар демекші, тиянақты талап, ынта мен ықылас, еңбекке деген құштарлық болса болғаны.
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы