Қонаев қаласының тұрғындары Абай көшесінің бойында саудамен айналысатындарға жиі шағымданады. Олардың айтуынша, саудагерлердің тығыз орналасуынан аяқ алып жүру мүмкін емес әрі жәшіктер мен арнайы контейнерлер үнемі қоқысқа толып, шіріген жеміс-жидектің жағымсыз иісі мүңкіп тұрады. Тұрғындардың бұл сөзімен коммуналдық қызмет көрсетуші компания өкілдері де келісіп отыр. Олар көше сыпырушылар саудагерлерден кейін түннің ортасына дейін жұмыс істеуге мәжбүр екенін айтады.
Сондықтан қалалық кәсіпкерлік бөлімі мен жергілікті полиция қызметкерлері мәселені шешу мақсатында рейд жұмыстарын күшейтті. Мәселен, өткен аптаның өзінде ҚР ӘҚБтК-нің 204-бабына (белгiленбеген орындарда сауда жасау) сәйкес, 12 адамға айыппұл салынып, 3 адамға ескерту берілді. Ал кәсіпкерлік бөлімінің ұсынған шартына саудагерлер әлі де келіспей отыр. Бұл туралы осы уақытқа дейін ақпарат таратқан болатынбыз.
Сондай-ақ мамандар туристердің көбеюіне байланысты бизнес орындарының иелерімен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кәсіпкерлік бөлімінің қызметкерлері Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандарымен бірлесіп, тазалық ережелерін сақтамаған жағдайда әкімшілік жаза қарастырылғанын ескертуде.
Қонаев қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі