Күн ысыса болды су жағасынан жанына сая іздейтіндер көбейеді. Сәйкесінше, осы уақытта төтенше жағдайлар департаменті мен жедел құтқару қызметінің де жұмысы еселенетіні белгілі. Қауіпсіздік үшін облыстағы барлық су тоғанының жанынан жыл сайын арнайы жасақ үздіксіз жұмыс істеу үшін жұмылдырылады. Құтқарушылар мұнда кезекпен тәулік бойы жұмыс істейді. Мамандар моторлы қайық, құтқару кеудешелерімен және арнайы баллондармен қамтылған. Ал рұқсат етілмеген аймақтарға суға түскендерге алдымен ескерту жасалады. Мамандар айтқан кеңеске құлақ түрмегендерге айыппұл салынады.
Биыл қашықтан бақылау жүйесін Қапшағай су қоймасында орнату жоспарланып, құтқарушылар 30 жүзу құралын пайдаланып су қоймаларын қадағалап отыр.
Мамандар суға түсуге тыйым салынған аймақта үнемі рейд жүргізіп отырады. Ішімдік ішіп суға түсу аса қауіпті екенін ескертеді.
Судағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін қазірдің өзінде 25 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 374 мың 738 теңге айыппұл салынды. Жыл басынан бері облыстың су айдындарында қайғылы оқиға болған жоқ, 9 адам құтқарылды.
Биыл облыс бойынша облыс әкімдігінің қаулысымен жағажайда демалуға арналған 103 орын белгіленді, оның ішінде 7 коммуналдық жағажайлар бар.
Алматы облысының әкімдігі Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп қазірдің өзінде су қоймаларын түгендеп, қауіпті аймақтарға 400-ден астам қауіпсіздік белгілерін орнатты, оның 189-ы тыйым салу белгілері.
Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі