Қаржылық мониторинг агенттігі асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуға бөлінген мемлекет қаржысын жымқыру және заңдастыру дерегін анықтады.
Агенттіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жүргізілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында 2023 жылы Алматы облысының Ұйғыр ауданында ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің төрағасы, аналық қой басының саны және ұрықтандыру тәсілі жайлы шындыққа жанаспайтын ақпаратты қолдана отырып 50 млн теңге субсидия алғаны белгілі болды.
Бұнымен тоқтамай, кооператив төрағасы өзінің қылмыстық табысын көбейту және заңдастыру үшін субсидиялау талаптарын ескермей, түскен мемлекет қаражатының бір бөлігін кооператив депозитіне аударып, түскен пайданы өз қажетіне жаратқан.
Сот үкімімен кооператив төрағасы мемлекет қаржысын жымқыру және қылмыстық пайданы заңдастыру бойынша кінәлі деп танылып, 6 жыл бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ, Агенттік мемлекет қаржысын жымқыру үшін жауапкершілік көзделгендігін ескерте отырып, экономикалық құқықбұзушылықтар жайлы «АФМ Insider» телеграмм боты арқылы хабарлау мүмкіндігі барын еске салады.
ҚазАқпарат