Қазақша таза сөйлейтініңізге сенімдісіз бе? Әр сөзді өз орнымен қолданып, сөйлемді де дұрыс құрайсыз ба? Ал сөздерді орфографияға сай жазып жүрсіз бе? Жауап беруге асықпаңыз.
Қазақ тілінің қазіргі қолданыстағы жағдайына қарап, осындай сұрақтар еріксіз туындайды. Өйткені жазба тілді қойғанда, ауызекі сөйлеу тілінің өзі шұбарланып, ана тіліміз «калька тілге» айналып бара жатқандай. Жас пен кәрі де, қарапайым шаруа мен мектептегі мұғалім де, тіпті «халықтың көзі, құлағы, һәм тілі» дейтін газет-журнал мен теле-радиодағы журналистер де қазақ тілінің қадірін кетіріп, қалауынша қолданып жүр. Оған мысал көп. Соның ішінде жиі айтылып, қате жазылып жүрген бірсыпырасына тоқталып өтейік.
«Сәлем – сөздің анасы» демекші, амандасқанда «Сәлеметсіз бе» деудің орнына «Сәлеметсіз ба» дейміз және солай жазуды әдетке айналдырдық. Сөз жіңішке болса, оған жалғанатын жалғау да жіңішке, тиісінше, жуан сөзге жуан жалғау жалғанатынын ескермейміз. Алғыс айтқанда орыс тілінен «большое спасибо» дегенді тікелей аударып, «үлкен рақмет» деп калькаға жол береміз. Дұрысы – «көп рақмет». Айтпақшы, «Рахмет» деп жазу қате екенін естен шығармаңыз. Кальканың бірі – «болып табылады». Жас та, кәрі де осылай қолдануды сән қылған. Ол – орысшадан «является» дегенді тура аударып алған «ақсақ аударма». Мысалы, «Айгүл – менің досым болып табылады», «Мен осы компанияның өкілі болып табыламын». Бұл не сөз? Қазақша «Айгүл – менің досым», «Мен – осы компанияның өкілімін». Артық сөзбен ештеңені қиындатудың қажеті жоқ. Сонымен қатар орыс тіліндегі «буду говорить», «будем продолжать» деген тіркестерді «айтатын боламын», «жалғастыратын боламыз» деп тағы қажетсіз сөзбен сөйлемнің кейпін кетіреміз. Қазақ тілінде іс-қимылдың алдағы уақытта анық іске асатынын білдіретін ауыспалы келер шақ және іс-әрекеттің дағдылы қалыпта болып тұруын білдіретін ауыспалы осы шақ бар емес пе?! Ендеше, «айтатын боламын» емес, «айтамын», «Кешке баратын боламыз» емес, «Кешке барамыз».
«Кешірім сұраймын» – орысша «Прошу прощения» дегеннің тура аудармасы. Қазақшасы – «Кешіріңіз». Сол сияқты орыс тіліндегі «приведет к чему-то» құрылымындағы тіркестің бәрін калька аудармамен қазақшалап «бірнәрсеге алып келеді» дейміз. Мысалы, «Пять привычек, которые приведут к успеху» дегенді «Жеңіске алып келетін 5 әдет» емес, «Жеңіске жеткізер 5 әдет», «приведет к уменьшению» – «азаюына ықпал етеді».
Мемлекеттік мекемелердегі хат айналымында жиі кездесетін «үстіміздегі жыл», «ағымдағы жыл» деген тіркестерді ауызекі тілде де көп қолданатын болыппыз. Ендеше, «үстіміздегі жыл» болса, қарапайым логикаға салсақ, «астымыздағы жыл» қайсысы? Дұрысы – «биыл» – осы жыл, «былтыр» – өткен жыл. «Биыл» – кіріккен сөз, яғни «бұл» + «жыл». Бұған ешкім мән бермей, «биылғы жылы», «былтырғы жылы» деп тағы қате қолданады. Сонымен қатар «бүгін» де – «бұл» + «күн» деген сөздердің кірігуінен, яғни құрамындағы сыңарлары дыбыстық құрамын толық сақтамай немесе түрлі дыбыстық өзгерістерге ұшырау арқылы бір-бірімен мағына жағынан ғана емес, дыбыстық құрамы жағынан да кірігіп, ықшамдалған, біртұтас сөз. Демек, «бүгінгі күні» деп сөйлеу де – қате.
Қазақ тілі – бай тіл. Әр нәрсенің өз атауы бар. Мысалы, орысша «прийти» деген сөз бар. Орыстілділер оны бір жаққа баратынын айту үшін де, бір жерден келетінін білдіру үшін де қолданады. «К нам пришли дети» дегенді қазақша «Бізге балалар келді», ал «Вечером приду к тебе» дегенді «Кешке саған барамын» деп айтуымыз керек. Демек, дәл қазір өзіміз отырған жерге сырттан біреу «келеді», ал біз осы отырған орнымыздан басқа жерге «барамыз». Ендеше, үйде отырып, жұмыстағы әріптестерімізге хабарласып, «Мен қазір кабинетке келемін» деу – қате.
Сөз арасында көп еститін, әрі құлаққа түрпідей тиетін қатенің бірі – сан есімдерге қатысты. Сан есім бар жерде зат есімге көптік жалғауы жалғанбайды. «бес балаларым бар» емес, «бес балам бар», «он шақты оқушылар келді» емес, «он шақты оқушы келді», «Биыл бірнеше мектептер салынады» емес, «бірнеше мектеп» тсс. Сонымен қатар «төрт-бес», «біраз», «бірнеше», «бірқатар», «бірсыпыра», «барлық», «барша», «бүкіл», «көп», «көптеген» сияқты сөздерден кейін тұрған есім сөздерге көптік жалғау жалғанбайды. Мысалы, «бүкіл балалар» емес, «бүкіл бала», «барлық үйлер емес», «барлық үй». Айтпашы, осы аталған «барлық», «көпшілік» деген сөздердің өздері де көпше түрде қолданылмайды. «Барлықтарың келіңдер» емес, «барлығың», «көпшіліктеріңізде бар» емес, «көпшілігіңізде».
Сұраулы сөйлемдер, әдетте, бір нәрсе жайлы сұрап білу үшін жасалады. Мысалы, «Айгүл жұмысқа бара ма?», «Ертең жаңбыр жауа ма?». Алайда, «Айгүл жұмысқа барады ма?», «Ертең жаңбыр жауады ма?» дегенді көп естиміз. Сұраулы сөйлем жасайтын «-ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе» шылауларын қоймас бұрын өзіміз сұрағымызға нақты жауап беріп тастаймыз.
Әлеуметтік желілерде таныстарымыз жаңа бір істі қолға алғандарын сүйіншілеп жатқанына қарап қуанасың. Алайда «сөйтіп бастадым» деп қуанышыңды су сепкендей басады. Есіңізде болсын, «оқып бастадым», «жүгіріп бастадым» деуден бұрын сол бастаған ісіңізге «нені?» деген сұрақ қойыңыз да табыс септігінің жалғауын тұйық етістікке, яғни іс-әрекеттің атауы болып тұрған сөзге жалғаңыз. Сонда «оқуды бастадым», «жүгіруді бастадым» деп сөйлеміңіз қазақша қатесіз құрылады.
Тұйық етістік демекші, қазақ тілінде тұйық етістікпен тіркескен «керек», «қажет» сынды модаль сөздер жіктелмейді, қосымша оның алдында тұрған етістікке жалғанады. Демек, «Таңертең бару керекпін» емес, «баруым керек». Сонымен қатар «Сабақ орындау керек екенмін» дегенді де естиіміз. Дұрысы – «Сабақ орындауым керек екен».
«Калька» дегенде көмектес септігіне қатысты көптеген қателіктерді келтіруге болады. Негізі, қазақ тілінде көмектес септік жалғауы тек іс-әрекетті орындайтын құрал атауына жалғанады. Мысалы, қаламмен жазу, көлікпен. Басқа жағдайда, орыс тіліндегі «кем? чем?» деген сұраққа жауап беретін зат есім мен ырықсыз етісте тұрған етістіктен жасалған тіркес қазақ тіліне көмектес септік + ырықсыз етіс болып тура аударылмайды. Мысалы, «жоспар әкіммен бекітілді» емес, «жоспарды әкім бекітті». Орыс тілінен сөзбе-сөз аударуға ешқашан болмайтынының айқын бір мысалы.
«Біздің келін», «сіздің үй», «біздің апа» сияқты тіркестерді жиі естиміз. Алайда бұл жерде тәуелдік жалғауы жалғанбай, сөздер жетімнің күйін кешіп тұр. Дұрысы – «біздің келініміз», «сіздің үйіңіз», «біздің апамыз».
Айта берсек, өкініштісі, мұндай қателіктер өте көп. Бүгінгі мақалада қамтылмағандарын келесіде міндетті түрде жазамыз. Ал әзірше сөздің басындағы сұрақтарды бір оқып, шынайы жауап беріп көріңізші.
Құралай Мұратқызы